Енді, міне жиырма жылдық белестің алғашқы қорытындылары да шыға бастады. Бұның нақты мысалы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Сыртқы істер министрлігі және Елбасы қоры ұйымдастырған «Астана – бейбітшілік қаласы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары, ғалымдар мен сарапшылардың Астанаға байланысты пікірі бір арнада тоғысты. Олар Еуразия кіндігінде орналасқан Астананың геосаяси орталық ретіндегі рөлін талқылап, болашағына байланысты пікірлерін білдірді.
Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, парламенттердің өкілдері, қаржы және тұрақты даму қауіпсіздігі саласындағы халықаралық сарапшылар, Түркия мен Польша республикаларынан, ТМД елдерінен келген ғалымдар қатысты.
Жиынды Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ашып, өз сөзінде Астананың өркендеуіндегі Елбасының рөлін атап өтті.
– Мен үшін бүгінгі шараның маңызы жоғары. Астана – тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың перзенті. Астана өркендеген Қазақстанның айрықша белгісіне айналып, ел дамуының көшін бастады, деді Сыртқы істер министрі.
Бұдан кейін сөз алған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев бас қаланың кешегісі мен бүгінгісіне, шаһарды дамыту жоспарына кеңінен тоқталды. Жиынға қатысушыларды Астананы «ақылды қалаға» айналдыру жоспарымен де таныстырып өтті.
– Конференцияға қатысушылар, әсіресе шетелдік қонақтар Еуразия құрлығында аса қарқынды дамып, іскерлік, саяси және мәдени орталыққа айналған Астананың даму жоспарына айрықша назар аударып отыр.
Астананы Елбасының халықаралық әріптестік пен қарым-қатынастардағы тиімді бастамаларының арқасында әлемдік қоғамдастық мойындады және санасатын болды. Жиырма жыл кез келген қала үшін, оның ішінде біздің Астанамыз үшін де ұзақ мерзім емес. Осы уақыт аралығында қыруар жұмыс атқарылып, ен далада жаңадан қала тұрғызылды, бүгінде бұл шаһарда қазақстандықтардың жаңа буыны бой түзеді. Осы жылдарда қаланың халқы 3,5 есе өсіп, тұрғындар саны 1 миллионнан асты. Экономикаға салынған инвестиция көлемі 44 есе өсті. Экономика мен географиялық қарқынды өсімі қаланы заманауи урбанизация, өмір сүру сапасы жоғары және инновациялық жаңашылдықтардың орталығына айналдырды. Астананы әлемдегі ірі-ірі саяси және дипломатиялық орталықтармен теңестіру мақсатында қаланың алдына жаңа орасан зор міндеттер қойылды, – деді Ә.Исекешев.
Оның пікірінше, Астананы инновация, денсаулық сақтау, сәулет өнері, білім және сауда салалары бойынша тек Қазақстан емес, Еуразия кеңістігіндегі орталыққа айналдыру міндеті тұр.
Конференцияның «Астана халықаралық диалог алаңы: қол жеткізген нәтижелері, трендтер мен даму келешегі» деген тақырыптағы бірінші сессиясын Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жүргізіп отырды. Бұл жерде әлемге танымал саясаткерлердің пікірлері бүгінгі заманауи мәселелерге дөп тиіп, әлемдік игіліктер Астанамен байланыстырылып отырды. Өз кезегінде Еуропа одағының Орталық Азия бойынша өкілі Питер Бурианның сөзі еліміздің аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосып отырған үлесіне баға берумен басталды.
– ЕО аймақтағы геосаяси ойындарға қатысуға мүдделі емес. Керісінше, біз осы аймақпен келелі қарым-қатынас орнатып, оның дамуына, өркендеуіне, қауіпсіздігіне көңіл аударамыз. Өз стратегияларымызда Еуропа мен Азия құрлықтары байланыстарының маңыздылығына мән бердік. Бұл жерде алдымен пікіріміз бір арнада тоғысқан Қазақстанға, содан соң Өзбекстанға алғысымыз шексіз. Қазақстанның жауапкершілігі мен көшбасшылық рөлі Еуропа одағының БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аясындағы өзге әріптестерімен арадағы тепе-теңдікті сақтауына пайдасын тигізіп отыр. Сіздердің елдеріңіз әртүрлі жаһандық сын-қатерлермен күрестің озық үлгісін көрсетіп отыр, – деді Питер Буриан.
Ал Италияның бұрынғы Сыртқы істер министрі, қазір ЕҚЫҰ Приднестровье шиеленісін реттеу бойынша арнайы өкілі Франко Фраттини алдымен еліміздің аталған ұйымды басқарған жылдары жеткен жетістіктерін жоғары бағалайтынын айтты. Қазақстанның сол тұстағы бастамалары мен жаңашылдықтары Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымын жаңа белеске шығарғанына назар аударды.
– Мен Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитіне Италия үкіметі мен Сыртқы істер министрлігі атынан қатыстым. Сол кезде Астана декларациясында көрсетілген ауқымды мақсаттар мені ерекше тәнті етті. Енді міне, жылдар өте аталған декларация бізге жаһандық деңгейдегі мәселелерге дендеп енуге мүмкіндік бергенін сезініп отырмын, – деді Франко Фраттини.
Еліміз тәуелсіздік алған сәтте халықаралық беделді ұйымдардың көш басындағы Ислам Ынтымақтастық Ұйымына қосылғаны белгілі. Оң-солын танып үлгермеген, бодандықтан енді босаған жас мемлекет бүгінде аталған ұйымның белді мүшесіне айналып, өткен жылдары басшылық етіп те үлгерді. Қазір ұйымның дамуы мен жаңғыруына Қазақстанның қосқан үлесін ислам әлемі жоғары бағалайды. Ұйымның 9-шы Бас хатшысы Экмелледин Ихсаноглу осы мәселеге тоқталды.
– 2011 жылы Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы министрлерінің жыл сайынғы кездесуінде ұйымның бұрынғы Конференция атауы Ұйым боп өзгертілді. Сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз мекеме құру туралы келістік. Оның үстіне ИЫҰ Орталық Азия мемлекеттерімен экономикалық ынтымақтастық турасындағы келісімдерге қол жеткізді. Осының өзі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәселелерді терең түсінетін көреген саясаткер екендігін көрсетеді, – деді Экмелледин Ихсаноглу.
Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының бұрынғы бас хатшысы Мұратбек Иманәлиев ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ аясындағы ауқымды саммиттер өткен Астананың әлемдік деңгейдегі Нью-Йорк, Вена, Женева шаһарлары тәрізді саяси алаңға айналғанын атап өтті.
– Халықаралық ауқымды іс-шаралардың бел ортасынан табылатын Астананың дамуы мен өркендеуіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі шексіз. Мені Еуразия кеңістігінде көптеген мәселенің Қазақстан-Ресей-Қытай арқылы шешілетіндігі қуантады. Бұл – Елбасының жеке беделі арқылы жеткен жетістік, – деді Мұратбек Иманәлиев.
Халықаралық конференцияның бірінші сессиясында БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілінің орынбасары Рамзи Еззельдин Рамзи, Германияның 2008-2012 жылдардағы ЕҚЫҰ-дағы өкілі Генри Хорстен, ЕҚЫҰ Зерттеу орталығы басшысының орынбасары Франк Эверс, Өзбекстан Президенті жанындағы стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының директоры, Өзбекстан Президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Владимир Норов, Энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры, Ғаламдық қауіпсіздікті талдау институтының аға ғылыми қызметкері (АҚШ) Ариель Коэн, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының атқарушы директоры Ален Нери, «Greenstar Global Energy Corp» компаниясының негізін қалаушы және төрағасы Рави Батралар өз пікірлерін ортаға салды.
Бұдан соң да конференция жұмысы «Болашаққа бағдар: «ақылды» және жаһандық интеграцияланған қала», «Астананың қаржы, сауда және көлік инновациялық хаб ретіндегі дамуы», «Астаналардың көшірілуі: қазақстандық тәжірибе және әлемдік практика», «Астаналар мәдениет және руханият орталықтары ретінде», «Астаналар әлеуметтік-мәдени қоғам контексінде» деген сессиялар бойынша жалғасты. Конференция соңында жиынға қатысушылар арнайы Үндеу қабылдады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»