Аталған мәселе жуырда ғана облыс әкімінің кеңесінде қайта қаралды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбековтің облыс бюджетінің ағымдағы жылдың бірінші маусымына орындалуы туралы есебіне сүйенсек, аталған мерзім ішінде облыс бюджетінің кірістері 97 миллиард 227,3 миллион теңге сомасында 105,5 пайызға қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, меншікті кірістер жоспары 24 миллиард 251,3 миллион теңгеге немесе 123,8 пайызға орындалып, бюджетке 4 миллиард 662,7 миллион теңге жоспардан артығымен түскен. Сонымен қатар, басқарма басшысының айтуынша, облыс бойынша жоспардағы 95 миллиард 892,0 миллион теңге сомасындағы бюджеттік қаражаттар 94 миллиард 283,1 миллион теңгеге немесе 98,3 пайызға игерілген. Алайда 1 миллиард 608,9 миллион теңге игерілмей қалып тұр.
Қаржы басқармасының басшысы Тараз қаласының көрсеткіші облыстың орташа көрсеткішінен төмен екендігін де атап өтті. Оның айтуынша, жалпы Жамбыл өңірінде бүгінгі күні игерілмеген қаражаттардың 837,3 миллион теңгесі немесе 52,1 пайызы құрылыс нысандары бойынша қалыптасып отыр екен. Сонымен қатар, бұлар негізінен республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен жергілікті бюджет есебінен игерілмеген қаражаттар екенін де айтты. «Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында және Тараз қаласында әлі де игерілмеген қаражат сомасы қалып отыр. Сондай-ақ, Талас, Меркі аудандарында да проблема бар», дейді Гамлет Қайнарбеков.
Ал облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаевтың мәліметінше, 47,1 миллиард теңгені құрайтын 273 лотты сатып алу жоспары әзірленіпті. Бүгінгі таңда оның 256-сы бойынша келіп түскен өтінімдерге конкурс жарияланып, 35 миллиард теңгені құрайтын 195 лот бойынша жеңімпаздар анықталған. Сонымен қатар, өткен жылы 1,6 миллиард теңге үнемделсе, биылғы бес айдың ішінде 1,3 миллиард қаржы үнемделген.
Өз сөзінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов алдағы уақытта бөлінген қаражаттың алты айда игерілуі жайын қарайтынын, сондықтан да бес айлық қорытынды кезіндегідей жағдайдың орын алмауын қадағалауды тиісті басшыларға тапсырды. Сонымен қатар, әкім облыста 2019 жылдың бюджетіне қатысты бюджеттік комиссия өз жұмысын бастағалы тұрғанын да айтты.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы