Үй бес бөлме. Бес бөлмеде төрт теледидар, бір компьютер. Осы уақытқа дейін алтауы емін-еркін отырып, шүйіркелескен емес. Тамақ ішіле салысымен үшеуі түрік телесериалына, біреуі концерт тамашалауға, енді бірі мультфильм көруге отырса, Арқабай футбол ойынына жанкүйерлік етуге теледидарын қосатын. Теледидардағы түрік сериалдарының түрлі жымысқы әрекеттері мен опасыздық істері жүйкелеріне салмақ салып, қатты әсер етеді-ау, әйтеуір дастарқанға отырғанда бір-бірінің сөзін көтере алмай, ашу шақырып көңілдеріне қаяу салып алатын сәттері де жиі көрініс табатын.
Кешегі үш күн электр жарығы өшкелі Арқабайдың отбасы дастарқан басына уақтылы жиылып, ортада бәріне ортақ әжік-гүжік әңгімелер айтылып жатты. Анасы балаларының сәби кезіндегі тәтті қылықтарын еске алса, әкелері Арқабай аналарымен бірге махаббат құрған жастық дәуренінен естеліктер айтып арқа-жарқа болысты. Осы жарық сөнген үш күнде алтауы бірін-бірі жаңа көргендей айтарлары таусылмады. Тымырық, томаға тұйық кездер келмеске кетіп, шаңырақтарына береке кіргендей болды. Ата-ана ретінде ұл-қыздарының күнделігін тексеріп, танысып, қолдарын қойып, сабақтарын пысықтатты. Балаларынан сынып жетекшілерінің кім екенін де біліп алды.
Арасында алыс жақын ағайынның амандығын сұрасуды да ұмыт қалдырмаған Арқабай Астанадағы жиеніне хабарласты «Жиенжан, сендерде сбет барма?» «Иә, нағашеке, қанша дауыл тұрса да бізде жарық сөнбейді», деді жиені масаттана. «Қап!» деген сөздің аузынан қалай шыққанын аңғармай қалған Арқабайдың үнінде жиеніне деген аяушылық байқалып тұрды.
Жарық сөнген үш күнде әйелі теледидарға алаңдамай, көңіл бөліп даярлағаннан ба, тамағының да дәмі кіргендей болды.
Ертеде бабаларымыз май шаммен-ақ өмір сүргені белгілі. Ерте жатып, таң алакеуімнен шаруасына кірісіп, елдің соңы төсегінен енді тұрып жатқанда қора жайын біржақты етіп шайға кіретін болған. «Ерте тұрғанның ырысы да, бір ісі де артық» болатыны содан болса керек.
«Иә, дұрыс айтасыз. Халқымыздың демографиялық өсуіне де сөнген жарықтың көп-көрім үлесі бар екендігі даусыз. Оған сіз түгілі өсу, көбею дегенге қос қолын көтере қолдайтын Мақаш көкеміз де дауласа қоймас», дейді Арқабай өз-өзіне сенімді түрде.
Ертең жарық жанса бәрі де қайтадан таз қалпына түсерін білген Арқабай көзінің астымен төбедегі мелшиген лампаға ақырын қарап қойды...
Мақсат ҚАРҒАБАЙ