Аймақтар • 12 Шілде, 2018

Алматылық шебер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 30 домбыра сыйға тартты

667 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматылық шебер балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 30 жеткіншекке домбыра сыйлады.

Алматылық шебер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 30 домбыра сыйға тартты

Су жаңа аспапқа қарық болған бүлдіршіндер балалар үйінде құрылған домбыра ансамблінің белді мүшелері. Олардың кейбірі бойында туа бітті кемістігі бар балалар. Нағыз шебердің қолынан шыққан сапасы жоғары домбыраға қол жеткізген бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Өзіміздің жеке домбырамыздың болғаны бос уақытымызды тиімді өткізіп, шығармашылықпен еркін айналысуға жол ашып отыр дейді, жас өнерпаздар.

– Халқымыздың төл мәдениеті домбырадан бастау алады. Өзіміздің байлығымыз, қазынамыз, халықтың арман тілегі, көңіл-күйі осы домбыра арқылы бейнеленіп отырады. Домбыраның қоңыр үнімен өскен бала рухани қуаты мықты азамат болып қалыптасады. Ең алдымен осы мақсатты нысанға алдық және бұл ісімізді Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосқан аз да болса өз үлесіміз деп есептейміз, – дейді ұлттық бұйымдарды насихаттаушы шебер Салтанат Өмірәлі.

Бүлдіршіндерге домбыра үлестіру рәсімі қалалық қолөнер шеберлері ұйымдастырған ұлттық бұйымдар көрмесіне ұласты. Мұнда шеберлер сүйектен, ағаштан, асықтан, теріден жасалған түрлі қолөнер бұйымдарын ұсынып, олардың тарихы туралы әңгімеледі. Бір қуантарлығы сол, ұлт мұрасын насихаттаушылар домбыраға қызығушылығы бар зерек балалар болса  мұндай кәде сыйларды әлі де тегін таратуға дайын екендіктерін айтады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ