Аймақтар • 12 Шілде, 2018

Атырауда абаттандыру ережесін сақтамаған кәсіпкерлік субъектілеріне 100 ұйғарым берілді

392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда бизнес субъектілерінің іргелес аумақтарды абаттандыру ережесін бұзуын анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар бастау алды деп хабарлады Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атырауда абаттандыру ережесін сақтамаған кәсіпкерлік субъектілеріне 100 ұйғарым берілді

Профилактикалық рейд бүгін басталды. ШОБ субъектілері тазалық пен тәртіпті сақтау, сондай-ақ көшеттерді күтіп-баптау және қорғау бойынша тексерілді.

Олардың арасында дүкендер, супермаркеттер, сауда үйлері мен қоғамдық тамақтандыру орындары бар.

Тексеруші топтың құрамына Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің, сондай-ақ құқық қорғау органдарының мамандары кірді. Рейдтің алғашқы күні 5 бизнес нысаны тексерілді. Олардың көпшілігінде бұзушылықтар анықталды.

- Қала әкімінің қаланы аралауы барысында кәсіпкерлердің іргелес аумақты абаттандыру және күтіп-ұстау ережелерін сақтамауы бойынша өте көп бұзушылықтар анықталды. Заңды тұлғаларға бұзушылықтарды жою жөнінде 100-дей ұйғарым берілді. Бірнеше кәсіпкерге аумағында тұрмыстық және құрылыс қалдықтарының болғаны, іргелес жер учаскесін өз бетімен иеленіп алғаны, аумағының сыртқы түрінің талапқа сай болмағаны үшін айыппұл салынды. Кейбір заңды тұлғаларға кемшіліктерді жою туралы ескертулер жасалды, - дейді Атырау қалалық Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов.

Осыған дейін Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы облыс орталығының бірнеше ықшамауданын тексеріп, қарамағындағыларға қозғалыс көп жол қиылыстарын жеңілдету, сондай-ақ қала орталығындағы қоқыс пен құрылыс қалдықтары мәселелесі, тұрғын үйлердің қасбеттеріндегі ақауларды жою және жол жиегіндегі иесіз жер учаскелерін көркейту бойынша бірқатар тапсырмалар берген еді.

- Біз қала тұрғындарын тазалық сақтау мәдениетіне әдеттендіруіміз қажет. Бірінші кезекте қаланы тазалайтын коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейту керек, соңғы уақытта тұрғындар біздің атымызға көптеген реніштер білдіріп жатады. Екіншіден – кәсіпкерлерді өздерінің іргелес аумақтарын көріктендіруге, учаскелеріндегі ескі, қисайған қоршауларды, құрылыс қоқыстарын, арам шөптерді жоюға дағдыландыру қажет. Үшіншіден – тұрғын үйлердің қасбеттерін жақсарту және жол жиегіндегі жерлерді, қаланы сәнді, эстетикалық түрге келтіру қажет. Осының барлығын біз ағымдағы жылдың соңына дейін шешуіміз керек, - деп тапсырма берді Алимұхаммед Құттұмұратұлы.