Кино • 12 Шілде, 2018

Павлодарда халықаралық Ertis Cinema кинофестивалі өтуде

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс  орталығындағы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында Ertis Cinema халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанаты өтті.

Павлодарда халықаралық Ertis Cinema кинофестивалі өтуде

Фестивальға келген қонақтар  дәстүрлі түрде қызыл кілем төселген жол мен жүріп өтті. Еліміздің кинематографтар одағының төрағасы,  кинорежиссер, сценарист, «Шал», «Әбілқайыр хан» картиналарының авторы Ермек Тұрсынов жол бастап берді.

«Конкурсқа классикалық кинодан бастап кәсіби камера мен ұялы телефонға түсірілген андеграундқа дейін жіберілген. Олардың арасында тарихи, библиографиялық, комедиялық фильмдер бар. Қазіргі қоғамның мәдениеті, заманауи проблемалары сияқты тақырыптарға байланысты жұмыстар кездеседі. Авторлардың көбінің жастар қатарынан болуы ұйымдастырушыларды қуантты. Конкурсқа Т.Жүргенов атындағы  ұлттық өнер академиясы, ұлттық өнер университеті, мемлекеттік емес «Тұран» университетінің студенттері белсенді қатысты. Кинофестивальдің қазылар алқасы құрамына кинематографтың атақты қайраткерлері бар, -дейді  ұйымдастырушылардың бірі Салауат  Темірболатұлы.

Бірнеше күн бойы облыс  орталығындағы кинотеатрларда  қысқа метражды фильмдер көрсетіледі. Фестивальге әлемнің 20 мемлекетінен 207 жұмыс қабылданыпты. Іріктеуден өткен 64 жұмыстың 15-і деректі фильм. Тапсырыстар 2018 жылдың 1-маусымына дейін ertiscinema.kz сайты арқылы қабылданған. 

Кинофестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде қысқаметражды фильмдерді көпшілікке тарату және таланттарды іздеп, таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

Фестивальға қатысу үшін ұзақтығы 30 минутқа дейін, 2016 жылдан кейін түсірілген қысқаметражды ойын және деректі фильмдер қабылданды. Бір автордан немесе шығармашылық бірлестіктен қабылданатын жұмыстардың саны 4 аспауы тиіс. Фестивальдің бағдарламасына сәйкес алдымен ойын киносының екі сағаттық топтамасы, одан кейін «Әлем киносының інжу-маржаны» тақырыбындағы фильмдер көрсетіледі.

Ал, жеңімпаздар «Үздік деректі фильм», «Үздік ойын фильмі», «Астана  туралы үздік фильмі», «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі», «Көрермендер көзайымы жүлдесі» бойынша анықталады. 

 - Фестивальдің өтуі  басқа облыстарға үлгі. Көрермендердің барлығын жақсы киноға үйрету керек.  Еrtis Cinema фестивалін дәстүрге айналдырған жөн,- дейді  Ермек Тұрсынов.

Кинофестиваль өткізу идеясын біздің жерлесіміз, Ресей халық әртісі, кинорежиссер Владимир Хотиненко, продюсер әрі режиссер, Еуразиялық радио және телевизия академиясының вице-президенті У Цзян (Mr.WuJiang), режиссер, сценарист, актер Сатыбалды Нарымбетов қолдапты.  

Жеңімпаздардың есімдері 14 шілдеде Ertis Рromenade сахнасында аталатын болады

Фарида БЫҚАЙ

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Суретті түсірген: Валерий Бугаев