Аймақтар • 12 Шілде, 2018

«Гендер – еркектің мойнына түскен кендір» емес

74 реткөрсетілді

Орал қаласында «Гендерлік саясатты іске асыруда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы. Аймақтық ынтымақтастықтың тәжірибесі» халықаралық конференциясы өтті. Конференцияны Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірге ұйымдастырды.

Халықаралық жиын Батыс Қазақстан облысы ҮЕҰ-ның әлеуметтік жобалары, кәсіпкер-әйелдердің тауарлары мен қызметтерінің көрмесін тамашалаудан басталды. Ал конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдардың өкілдері, Батыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов, сондай-ақ, Ресеймен шекаралас Астрахань, Волгоград, Орынбор, Самара және Саратов облыстарындағы іскер әйелдер қатысты.

Конференцияда қоғамның саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуында әйелдер қауымының рөлі, негізгі ортақ міндет – 30 дамыған елдің қатарына кіруге бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Қазақстанның үшінші технологиялық жаңғыруымен астасып жатқан Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асырудағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әрекеттестігі сынды маңызды тақырыптар талқыланды.

Халықаралық жиынға модераторлық еткен Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко форумның алғы сөзінде конференция қазіргі таңда отбасы, ана мен баланы қорғау, әйел адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша билік пен қоғам, халықаралық ұйымдар арасындағы тиімді алаңға айналған Ұлттық комиссияның 20 жылдығына арналғандығын атап өтті. Е.Тарасенко Қазақстандағы отбасылық-гендерлік саясатты іске асырудағы қабылданған пәрменді шаралар мен жетістіктер туралы, елімізде отбасылық-гендерлік саладағы халықаралық талаптардың қалыптасу тарихын конференция қатысушыларының назарына жеткізді.

Қазақстандағы оң өзгерістер, соның ішінде әйелдердің экономикалық әлеуетінің артуы Бүкіләлемдік экономикалық форумда да өз бағасын алған екен. 2017 жылдың қорытындысы бойынша «экономикаға араласу және әйелдердің мүмкіндігі» көрсеткіші бойынша Қазақстан 144 елдің арасында 30 орынға табан тіреген. Сондай-ақ Қазақстан Парламенті мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ішінде әйел адамдардың үлесі 22% құрайтыны да ауыз толтырып айтуға болатын көрсеткіш.

- Мұндай халықаралық деңгейдегі маңызды жиынның Орал қаласында өтуі де орынды. Өйткені биыл Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ғана 20 жылдығы емес, Батыс Қазақстан облысында да іскер әйелдер қауымдастығы осыдан 20 жыл бұрын құрылған, - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов. Еліміз бойынша ең белсенді қызмет етіп жүрген Ақ Жайық өңірінің қыз-келіншектері облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуына да ерекше үлес қосып келеді. Мәселен, бүгінде облыста 188 әйел әртүрлі басшы лауазымдарда қызмет етеді. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен Сенатта – 2 әйел депутат болса, облыс әкімінің бір орынбасары иен аудан әкімдерінің төрт орынбасары да нәзік жандар. Бұған қоса өңірдегі 48 мың кәсіпкерлік нысанның 19 мыңын, яғни облыстағы барлық компанияның 41 пайызын бизнес-ледилер басқарып отыр екен.

- Батыс Қазақстанның қыздары ежелден батылдығымен, еркіндігімен тарихта қолған. Жақында Астана төрінде Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметоваға орнатылған ескерткіш – бүкіл қазақ қыздарының ерлігіне тағзым, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Конференцияға Батыс Қазақстан облысымен шектесіп жатқан Ресей губернияларынан делегациялар – жергілікті билік өкілдері, кәсіпкер әйелдер, қоғамдық ұйымдар басшылары өте белсенді қатысты. Ресей Федерациясының Орал қаласындағы Бас консулы Андрей Батманов, Орынбор облысының вице-губернаторы Павел Самсонов, Орынбор облысы Заң шығарушы жиыны әлеуметтік және демографиялық саясаты жөніндегі комитеттің төрайымы, «Ресей әйелдерінің Одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ольга Хромушина, Саратов облысы әйелдері Одағы аумақтық бөлімінің төрайымы Валентина Боброва және басқалары Ресей Федерациясында осы салада атқарылып жатқан істермен таныстырып, Қазақстан мен Ресей қауымдары арасында әріптестіктің екіжақты пайдалы болатынын жеткізді.

Отан – отбасынан басталады, мемлекет жекелеген отбасылардан құралады. Сондықтан да отбасы құндылығы – ұлт болашағының кепілі. Бұл жөнінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да кең көлемде айтылған. Тәуелсіздік жылдарында әйелдердің өзіндік дамуы мен еңбек теңдігі үшін мүмкіндіктер туғызу бағытында елімізде маңызды тұжырымдамалық құжаттар қабылданғаны конференцияда жиі айтылды.

Қазақстанда отбасы және гендерлік саясатқа ерекше көңіл бөлінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы отбасы институтын қолдауға бағытталған отбасы саясатын қалыптастырудағы жүйелі қадамдар туралы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына қол қойды. «Бүгінгі жиынымыз қол жеткен жетістіктерді одан әрі бекітіп, азаматтық қоғам мен биліктің диалогын дамытады деп сенеміз» деді Елена Тарасенко. 

- Қазақстан Парламенті алғаш құрылған тұста мәжіліс депутаттарының 7-10 пайызы ғана әйелдер болатын. Бүгінде ол көрсеткіш 29%-ға жетті, - дейді Елена Иванқызы. Әсіресе Қостанай облысында бұл көрсеткіш 31 пайызды құрайды, Батыс Қазақстан облысында да 30%-ға жуық. 
Осы жиынның өзіне де Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қос депутаты Құралай Қарекен мен Снежана Имашева арнайы қатысты. Снежана Валерийқызы өз сөзінде гендерлік теңдік мәселесі көтерілген кезде ерлердің де құқығы бұзылмауын қадағалау керектігін баса айтты. 
«Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясатты жүзеге асырудағы заңдық аспект» тақырыбында қызықты баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі, «Нейрохирургия ұлттық орталығы» АҚ директорлар Кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышев кейбіреулер ойлағандай «гендер – еркектің мойнына түскен кендір» еместігін, керісінше дәстүрлі қазақ қоғамында әйелдің орны, оның еркіндігі ерекше қорғалғанын айтып берді. XVIII ғасырда қазақтың дәстүрлі құқықтық негізін салушылардың бірі әйгілі Төле бидің «Әйел жақсы болмай еркек оңбайды» деген қанатты сөзін мысалға келтірген Бексұлтан Серікбайұлы азат, білімді, текті әйелден ғана текті ұрпақ тарайтынын, ұлттың парасат деңгейі әйел қауымына қарасты көзқарасымен өлшенетінін пайымды жеткізді. 

Конференция барысында белгілі болғандай, демографияны қолдау, ана мен баланы қорғау ісінде Ресей Федерациясынан да үйренетін үрдістер баршылық екен. Мәселен, Ресейде 2007 жылдан бері екінші (және одан да көп) балалы болған отбасына төленген «Ана капиталы» бастапқыда 250 мың рубль болса, кейін жыл сайын көбейіп, биыл 453026 рубльге жетіпті. 

«Ресей әйелдері одағы» Саратов аумақтық филиалының төрайымы Валентина Боброва өз сөзінде Ресей Думасындағы әйелдер қанатының қалыптасуы туралы айтып берді. «Гендерлік саясаттың дамуы заң шығарумен шектелмейді. Теңқұқықтық тәрбие мектептен, балабақшадан басталуы керек. Сонымен бірге жас аналарды да қоғамдық қызметтерге тартып, белсенділігін арттыру керек» деген Валентина Михайловна Ресейде бала күтімі үшін ананың орнына әкесі демалысқа шыға алатын заң күшіне енгенін хабарлады. 

Конференция жұмысына ресейлік меймандардан бөлек, өз еліміздің де әр түкпірінен – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан да делегация келген болатын. Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев өз сөзінде өңірдегі нәзік жандылар қауымдастығының белсенді жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Соның ішінде Атырау облысында былтыр жалпы құны 14 млн. теңге болатын 15 жоба, биыл 24 млн теңгелік 17 жоба нәзікжандылар басқаратын компанияларға бұйырған екен. 

Конференцияда Қазақстан Республикасы қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам істері комитетіінің төрайымы Әлия Ғалымова «Гендерлік және отбасы-демографиялық саясатты жүзеге асыруда мемлекет пен үкіметтік емес сектордың серіктестігі. Жаңа қырлар», Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Орынханов «Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясатты жетілдіру», Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі, «Шығармашылық бастамашыл әйелдер лигасының» ҚБ басқарушыларының төрайымы Әсия Хайруллина «Гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілету бойынша эффектілік платформа ретіндегі әлеуметтік желілер», «Жайық өңірі әйелдерінің Одағы «Үміт» ҚБ төрайымы, Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі Әлия Райымқұлова «Әлеуметтенудің гендерлік аспектілері. Батыс Қазақстан облысындағы 20 жылдық жетістіктер тарихы», «Қазақстандағы сот әділдігі жүйесіндегі жетілу» атты ЕО жобасының операциялық басшысы Сәуле Мектепбаева «Қылмыстық сот әділдігі жүйесіндегі гендерлік аспектілер» секілді маңызды тақырыптарға баяндама жасады. 

Жиын барысында ресейлік делегация өкілдері қазақстандық әріптестеріне арнайы әкелген сыйқаделерін ұсынып, ашық-жарқын пікір алмасу болды. 

Конференция модераторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрайымының орынбасары Елена Тарасенконың айтуынша, бұл жиында айтылған оң пікір, ұсыныстың бәрі қатталып, тіиісті мекемелерге жеткізілетін болады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар