Қазақстан • 24 Шілде, 2018

Көзәйнек киген бала неге көп?

731 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі жан бағудың қамымен жанталасып жүрген біздің толқынның арасында кейінгі ұрпақтың денсаулығын ойлап жүрген жан бар ма екен?! Бала біздің болашағымыз деп үл­бі­ре­ген үмітін үкілеп, кекілін си­пап, соңынан ерткен әр бала­ның бойында бір-бір сырқат бар. Дәрігерлердің айтуына қара­ғанда, балалар арасында ең көп кез­десетін дерт – анемия. Екінші орында – көз аурулары.

Көзәйнек киген бала неге көп?

Атам екеуіміз мал көздей шыққанбыз. Жалғызтаудың етегіндегі Бөрікталдың бауырынан жалғыз қара көзге шалынды. Жанарың жетпес алысқа көз сала қараған атам:

– Түу, жарықтық, құлыны қа­ра­құ­ла­қтанып қалыпты ғой, – деді.

Үш, әлде төрт шақырым қашық­тық­тағы таудай биенің өзі түй­медей болып әзер көрініп тұр­ғанда, титімдей құлыншақты көзі қалай шалды екен деп аң-таң­мын.

Арада жанарды жасытып қан­шама жылдар өтті. Бір кезде қия­дағыны көзі шалатын қыран жанарлы қариялардың бүгінгі ұрпағы көздеріне көзәйнек кие бастады. Он, жүз емес, мыңдап. 

– Көз ауруларының түрлері де, се­бептері де сан алуан, – дейді Ақмола облыстық аурухана­сы көз аурулары бөлімшесінің меңгерушісі Берік Нұрқанов, – біз 1 жастан 15 жасқа дейінгі ба­лалардың көзін, көру қабілетін қа­дағалаймыз. Көз ауруы да тұ­қым қуалайды деген ұғым бар. Асы­лында, көзге қатер көп қой. Дегенмен сараптап қара­саңыз, тұқым қуалағаннан жол­дан жабысатын сырқат әлде­қайда көп. Алдымен ата-аналар санитарлық талаптарды сақ­таулары қажет. Үш жасқа дейінгі сәбилердің көздерін уқа­лауы – қалыпты жайт. Егер таза­лық дұрыс сақталмаса, әрқилы мик­робтарды жұқтыруы оп-оңай. Сондай-ақ бала бойына іштен туа жабысатын көз сыр­қаттары да бар. Оларға енді амал жоқ. Көкшетау қаласында соң­ғы жылдары балалардың көз аурулары күрт өсіп кетті. Облыс орталығындағы «Аленушка» балалар бақшасында арнайы топ ашылып, жұмыс істеуде.

Осы арада мына бір дерек­ті келтіре кеткен жөн. Маман­дар­дың айтуына қарағанда, әрбір 15 мың тұрғынға бір балалар көз дәрігері болуы қажет екен. Ал 150 мыңнан астам халқы бар Көкшетау қаласында балалардың жалғыз ғана көз дәрігері бар.

Көз – адамның ең бір нәзік, жан­ды жері. Тәндегі өзге сыр­қаттың да жанардың кемуіне жанама әсері көп. Әсіресе сусамыр ауруы. Сондай-ақ жүйке аурулары да. Мектеп жасындағы балалар ішінде ішкі без ауруларымен ауыратын балалардың саны жыл өткен сайын өсе түсуде. Бұл да ойландырмай қоймайды. Тіпті, тілі шықпаған балалардың өзі таң атқаннан кешке дейін теледидар қарайды.

– Немерем тыныш. Бұ­рын­ғының балалары қолды-аяққа тұрмайтын қағылез болушы еді. Біздің Жандос қолына планшет беріп қойсаң, өзімен-өзі алданып отыра береді. Тіпті әке-шешесін де керек қылмайды, – дейді Кү­ләш жеңгем.

Бірақ бесіктен белі шықпай жатып компьютер, планшет, ұя­лы телефонға әуес балалардың көз ауруы қаупі күшейетіндігін ес­кере бермейді. Оның үстіне қимыл-қоз­ға­лы­сы аз балалардың се­міз­дік ауруына да шалдығуы әб­ден мүмкін. Қазір ақиқатын айтқанда, халық жасанды тамаққа жақын болып кетті. Кішкентай балалар ет же­мейді, қаншалықты дәм­ді етіп пісірсе де. Ал сапасы күмәнді, жа­санды тамақтар та­би­­ғи астың құнарын ауыс­тыра ал­майды ғой. Дәрі­гер­лердің айтуы­на қара­ған­да, та­мақтану дұрыс бол­маған соң, ішек дұрыс жұмыс іс­темейді. Осыдан барып әлжуаз ба­лалар пайда болады.

Әлжуаздық, жо-жоқ көз ауруы жалғыз қазақ баласының маң­­дайына жазылған бейнет емес екен. Өркениеті өрістеген, тех­­­никаға мығым, жаһан­да­ғы жа­ңалықтың денін ойлап тауып жатқан Корея елінде де бүл­дір­шіндер бесіктен белі шықпай жатып көз ауруына шалдыға бастапты. Компьютерден, сол тақылеттес техникадан келген зауал. Есесіне, ойы жүйрік, қия­лы қияндағыны шалатын кәріс ағай­ын ендігі арада қырық жерден құдіретті, күшті болса да елі­нің ертеңін мұндай келешегі үшін кінәраты басым техника­дан арылтып, жаппай кітап оқуға кө­­шіріп жатқан көрінеді. Кітап оқу­­дың да пайдасы көл-көсір. Бі­рін­шіден, тасқа басылған ұшан-теңіз білім, екіншіден, көз жат­ты­ғады, көру қабілеті арта­ды. Әрнені ғылыми есепке салып, бағамдайтын кәрістер 6-7 жас аралығындағы балаларына не­бары 10 минут компью­термен ай­налысуға рұқсат береді. 8-9-дан асқандарының өзі тәулігіне 15 минут қана. Тіпті, мектеп оқу­шылары да айталық, 8-9 сы­нып­тағы жеткіншектер тәу­лі­гіне 20-25 минут қана айна­лыс­пақ. Ел ертеңін ойлау деген осы болса керек.

– Қазір компьютерсіз тірші­лік­ті көз алдыңа елестете алмас едіңіз, – дейді дәрігер Берік Нұр­қанов, – бірақ ол ғажайып дү­ние болғанымен, көз жанары­на залалы да шаш-етектен. Жанардың жа­­суы, тұмандануы, шаршауы, жа­­сау­рауы осыдан пайда болады. Бір­тіндеп көру қабілеті кемиді. Офталь­мо­логтардың пікіріне қара­ғанда, ком­пьютермен дұрыс жұмыс іс­теу мәдениетін меңгермеу де ора­сан зор зиянын тигізіп жатыр. Адам жанары жарқ-жұрқ етіп жыпылықтаған, тым тез қоз­­ғалатын бейнелерді бірден қа­­б­ылдауға бейімсіз, әрі қажетті ақ­­парат іздеу барысында бір нүк­те­ден көз алмай, ұзақ қарауға ту­ра келеді. Сол сәтте әсіресе, жас ба­­лалар бар зейінін экранға ау­да­­­рып, көзіне күш салады. Көз жа­­на­рының қабыршағы уақыт өте ке­ле кеуіп, «құрғақ көз» дер­ті­не ұшы­райды. Сондықтан да, зиянды техникаларды тым көп пайдала­ну да қауіпті.   

Балалардың дені сау болуы алдымен анасына да байланысты. Сондықтан да, ана денсаулығын сақ­тау мәселесі бірінші орынға шы­ғарылуы керек. Балалар ара­сын­да өзгені былай қойғанда, нев­рологиялық аурулармен ауыратын балалар да көбейіп келеді. Оның себебін мамандар алғашқы сатыдан деп есептейді. Түсінікті тілмен айтатұғын болсақ, ана­ның баланы дүниеге әкелуге дайын­ды­ғының аздығынан.

Біз осы тақырыпты қаузап ін­деткенімізде педиатрлардың жүк­темесінің шамадан тыс көп екендігін аңғардық. Айталық, Көкшетау қаласындағы балалар ем­х­анасының мәліметіне қара­ған­да, әрбір дәрігер 900 баланы қарауы қажет. Педиатрлардың же­тіс­пеуінен жүктеме мөлшері 1200-1300 балаға дейін көбейген. Демек, дәрігердің атқаратын жүгі де ауырлай түседі.

Сөзіміздің басында балалар ден­саулығына қамқорлықтың аз­дығы жайлы айтқан пікір осын­дай деректерді ой елегінен өт­кіз­геннен кейін барып туындап отыр. Ушыққан мәселенің уыты қай­тпаса, көзәйнек киген ба­ла­лардың қатары күннен-күн­ге кө­бейіп, ұлт болашағына айық­па­с кесел болып жабысуы да мүмкін.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы