Медицина • 24 Шілде, 2018

Тұрғын үй шаруашылығын цифрландырудан пайда мол

260 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықтың жайлы өмір сүруі, баспанадағы сан түрлі түйткіл­дердің уақтылы шешім табуы – тұрғын үй-коммуналық шаруашылығы аясында қарастырылады. Аталған саладағы келелі мәселелердің қаншалықты жүйеленгені турасында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қазақстандық орталығы АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан ЖИЕНБАЕВ айтып берді.

Тұрғын үй шаруашылығын цифрландырудан пайда мол

− Бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қордаланып қал­ған мәселелерге тоқтал­саңыз?

− Алдымен, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы ел экономикасының дамуына елеулі ықпал жасайтын маңызды сала екендігін атап өткім келеді. Елі­мізде бұл салада қордаланып қал­ған күрделі мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаражат бөлінді. Бүгінгі күні аталған саланың барлық секторын жаңғыртуға бағыт­талған мемлекеттік бағдар­ламалар іске асырылуда. Десе де, әлі күнге дейін үйлерді тиім­ді әрі кәсіби басқарудың жет­кіліксіздігі, басқару органдары қызметінің ашық еместігі жә­не пәтер меншік иелерінің коопе­ративтері, өндірістік коопе­ратив, техникалық қызмет көр­сету қызмет жұмыстарының әр­түрлілігі, кондоминиум объек­­тісі ретінде көп пәтерлі тұр­ғын үйлерді тіркеудің төмен дең­гейі, күрделі жөндеуге ақша қара­жаттарын жинау тетігінің жоқтығы, үйлердің энергия тиімділігінің төмен класы сынды мәселелер туындап отыр.

Сонымен қатар коммуналдық салада желілер мен құрылыстар­дың тозығы жетіп отыр. Мысалы, жылу және сумен жабдықтау желілерінің 60 пайызы толық ауыс­тыруды қажет етеді.

– Өзіңіз атап өткен мәселе­лер­дің шешу жолдары қандай?

– Біз қазір саланы цифрлы трансформациялау бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Он­да тұрғындардың өмір сүру дең­гейін жақсарту көзделіп, ақ­парат ашық­­тығын қамтамасыз ету на­зар­ға алынған. Сонымен қатар қол­данысқа жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, шетелдік компаниялармен келі­сімдерге қол қойылып, жақын арада қанатқақты жобаларды енгізуді бастаймыз. Оның ішінде құбырлардың тотығуының алдын алу немесе жоюға арналған NMR Pipetector технологиясын енгізу мақсатында жапондық Mitsui&Co компаниясымен ын­тымақтастық туралы келісім жа­сайтын боламыз. Мұндай технология құбырлардың қызмет мерзімін 40 жылға дейін ұзартуға, түрлі зақымданудың алдын алуға, өндірістік шығындарды азайтуға, сондай-ақ ауыз су са­­­пасын біршама жақсартуға мүмкіндік береді.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бір­ыңғай зияткерлік ақпараттық жүйе құрылғанынан хабардар­мыз. Аталған жүйенің артық­шы­лықтары қандай?

– E-Shanyraq деп аталатын жүйе Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бірегей цифрлы плат­форма құруға бағытталған. Цифр­­лы экономика құралдарын қол­дана отырып, сектордың бар­лық қатысушыларын бір ақ­параттық арнаға біріктіру ар­қылы аталған саланың қандай жағ­дайда тұрғаны және одан әрі жыл­жу үшін қандай қадамдарды жасау керектігін айқындайтын боламыз.

Елдегі тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығының негізгі түйткілді мәселелерін зерттей отырып, оны заманауи техноло­гиялардың көмегімен шешу жолдарын қарастырып отырмыз. Яғни деректерді автоматты жинау, Big Data (үлкен деректерді) талдау және өңдеу, сондай-ақ талдамалық деректер негізінде уақтылы әсер ету және шешімдер қабылдауды жүзеге асырмақпыз.

Бұған қоса жүйедегі тұрғын үй қорының өзгеру динамикасы­на жедел әсер ету үшін барлық көп пәтерлі тұрғын үйлердің тех­никалық паспорттарын цифр­ландыру көзделуде. Бұл тұрғын үй қорының нақты көрінісін көр­сетуге, жөндеу жұмыстарын дер кезінде жоспарлауға және икемді қаржылық бағдарла­маларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек инженерлік желілер­де есепке алудың «ақылды» приборларын жә­не Big Data құралдарын қолдану табиғи монополиялар субъектілері қызметінің мони­то­­рингін жүргізуге, көрсеті­летін қызметтердің сапасын жақ­сартуға және сектор субъек­тілері қызметінің ашықты­ғын арттыруға ықпал етеді.

− Бірыңғай жүйе тұрғын­дар­­­ға қаншалықты тиімді бол­­мақ?­

− Бірінші кезекте, бұл жүйе сектордың барлық қа­ты­­­­сушы­лары үшін бизнес-про­цес­тер­дің ашықтығын арттырады. Тұр­­­ғындар үшін коммуналдық тө­лемдердің дұрыс есептелуі маңызды. Бірыңғай жүйе тұрғын­дардың уақыты мен ақшасын үнемдеуге мүмкіндік бермек. Мәселен, «ақылды» есептеу құ­ралдары шоттарды есептеу барысында қандай да бір қате­ліктердің туындамауына ық­пал етсе, сондай-ақ орташа жалақының коммуналдық қыз­меттерге кететін шығынын 2,6 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар үйді басқару­дың онлайн-жүйесі құрылып, онда тұрғындар басқарушы я бол­маса сервистік компания­ны электронды дауыс беру арқы­лы анықтап, тіпті оның жұ­мыс барысымен танысып, қада­ға­лауға мүмкіндігі бар. Мысалы, үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізу керек болса, оған кететін қаражаттың қандай бағыттарға жұм­салатынын, мөлшерін қа­даға­лауға болады.

– Өзіңіз атап өткен жоба қай кезде іске асады деп жоспарланып отыр?

– Бүгінгі күні E-Shanyraq жү­йе­сінде кері байланыс орнату бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы зерттеулердің негізінде біз қазір интерфейсті пысықтап жатырмыз. Бұған қоса жүйенің функционалын қосамыз. Мобильдік қосымшалар міндетті түрде іске қосылатын болады. Қазірдің өзінде Google Play және App Store бойынша аталған жобаны орналастыруға өтінім берілді.

Сондай-ақ қанатқақты режім­де E-Shanyraq жүйесіне сынақ жүргізу жұмыстарын бастадық. Осы жұмыстың бірінші кезеңі көп пәтерлі тұрғын үйлерді (КТҮ) приборландыруды және то­лық көлемді техникалық жаб­дықтауды қамтиды. Осыған орай Инвестициялар және даму ми­нистрлігі мен облыстардағы және де Астана мен Алматы қалалары әкімдіктерінің тыңдауы өткізіліп, нәтижесінде 16 жол картасына қол қойылды. Енді еліміздің барлық өңірлеріндегі 190 пилоттық үйге, яғни 15 000-нан астам пәтерге жылу, су және электрді есепке алудың ортақ үйлік приборлары орнатылмақ.

Қанатқақты режімде прибор­лан­дыру жұмысын ағым­да­­ғы жылдың күзінде аяқтау жос­пар­­ланған. Бұдан кейін қа­нат­қақты үйлер, табиғи монополия­лар субъектілері және ПИК E-Shanyraq іске қосылады.

Алдағы уақытта аталған бағ­дар­лама біртіндеп іске аса бас­тайды. Қазіргі кезде жергілікті ат­қарушы органдардың дерек­теріне сәйкес, республика бойынша есепке алудың ортақ үйлік приборларымен жабдықталуы 45 пайызды құрап отыр. Жоспарға сәйкес приборландыру мен цифрландыру кезеңі 2022 жылдың соңына дейін толығымен аяқта­лады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»