Тарих • 24 Шілде, 2018

Ботайдың кім екенін білесіз бе?

1310 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын атап көрсеткен Елбасы Н.Назарбаев «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. 

Ботайдың кім екенін білесіз бе?

Мемлекет басшысының мақаласында айтылғандай, туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз бас­­қан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұ­­ра­тын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің тү­бінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Ауы­лыңның, өлкенің тарихын білу – рухани жаң­ғы­ру, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың кепілі деу­ге болады.

Осыған байланысты айтарымыз, біз өзіміздің туған ауылымыз туралы осыдан 10-12 жыл бұрын төрт кітапты дүниеге әкелген болатынбыз. Ондағы мақсатымыз – шыққан тегімізді, жерімізді, ауылымызды және тарихымызды таныту арқылы өскелең ұрпақтың рухани санасын жаңғырту еді. Елбасы ұсынған «Туған жер» жобасы шеңберінде әр аймақтың ерекшеліктеріне негізделген «Өлкетану» курсы барлық оқу орындарында оқытылатын болып отырғаны белгілі. Әрине бұл жағдай осы кітаптың авторларын қуантады (авторлары – ағайынды Айдархан Шәбдәнұлы және Әміржан Шалтықов).

Біз бұл кітаптарды жазу үшін біраз уақыт бойы ізденіп, туған ауылымыздың тарихы туралы деректерді жинақтадық. Біздің ауыл Ботай деп аталады, ну қалың қайың ағаштардың ішінде, бұрынғы Көкшетау қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының жерінде орналасқан, батыс жағынан Қостанай облысы жерлерімен ұштасып жатыр. Туған ауылымызды айнала қоршаған киелі жерлер немесе құтты қоныстар деуге болады – 20 шақырымдай жерде шығысқа қарай Шоқан атамыздың қасиетті қонысы Сырымбеттің көкжиегі көкшілденіп көрініп тұрады, одан әрі Ақан серінің қонысы Қоскөл ауылы да алыс емес, солтүстігімізде Мағжан, Сәбит, Ғабит аталарымыздың қоныстары ауылымызға ат шаптырым жерде орналасқан, яғни 20-30 шақырым шамасында ғана. Егер тарихты одан әрі текшелей берсек, бұл өңір, яғни әңгіме етейін деп отырған Ботай ауылының аймағы тек өзіміздің қазақ тарихында ғана емес, бүкіл әлем тарихына белгілі болып отыр. Бүгінде Үкіметіміздің шешімімен «Туған жер» бағдарламасы бойынша Қазақстанда мемлекеттің қаржысымен құрылатын үш тарихи қорымның біреуі – Ботай қонысы.

Ботай ауылының аймағын ғылыми зерттеу өткен ғасырдың 70-80-жылдары басталады. Сол кезден бастап Ботай деген атау ғылыми айналымға еніп, енді Ботай мәдениеті деп атап жүр. Ботай қо­нысының табылуы бүкіл әлем ғалымдарының н­а­зарын аударған тосын оқиға болды десек, артық емес. Се­бебі, Ботай ауылының түбінде осыдан бес мың жыл­дан артық уақыт бұрын ежелгі адамдар жабайы жыл­қыны қолға үйреткені дәлелденіп, сол арқылы біз тарих дөңгелегін 53 ғасыр кейін айналдырдық де­сек, артық емес. Сөйтіп Ботай мәдениетінің ашылуы Қазақстанның тарихын одан әрі ұлғайтты. Егер осы оқиғаға дейін біз өз тарихымызды үш мың жыл деп, яғни көбінесе сақ дәуірінен бастайтынбыз, енді оны бес мың жыл ауқымында айшықтауға мүм­кін­дік туды.

Демек Ботай ауылы адамзат үшін Адам атаның қо­нысы дерліктей киелі жер. Ол – Қазақстандағы ер­те дүние аймағының ең көне мекені. Мұндай құр­мет әрбір ауылдың еншісіне тие бермейтіні бел­гілі. Ботай мәдениеті туралы көп жазылып жа­тыр, оның негізінде академик, доктор, кандидат деген ғылыми атақтар да алып жатыр. Ботай бабамыздың шапағаты адамдарға тие берсін дейміз, ол көпшіліктің, жалпы адамзаттың көне мекеніне айнал­ды ғой деп қуанамыз. Менің бүгінгі мақ­са­тым – Ботай бабамыздың өзі кім болғанын, тек ауы­лының атымен ғана шектелмей, жеке басын жұ­рт­шылыққа таныстыру еді.

Осы тарихи орынның ашылуына себепші болған тағы да Ботай бабамыздың бүгінгі көптеген тікелей ұрпақтарының бірі Есіләмбек Зікірияұлы ағамыз болатын. Есіләмбек Зікірияұлы 1927 жылы туған, біздің ауылда соғыстан кейінгі жылдары бастауыш мектептің мұғалімі болды, содан кейін Қарағанды пединститутының тарих факультетін бітіріп, тарих сабағын жүргізді. Бастауыш мектептегі менің де құрметті ұстазым. Жоғары білім алғаннан кейін ол кісіні көрші Никольский селосына жеті жылдық мектептің директоры етіп жіберді. Ол село Ботай ауылынан 3-4 шақырым жерде, Иман – Борлық өзенінің жағасында.

Тарих пәнінің мұғалімі ретінде Есіләмбек ағамыз сыныптың оқушыларын селоның іргесіндегі өзен жағасына экскурсияға апарып жүреді. Оның тарихшы ретіндегі қызыққаны: осы өзеннің жағасы кәдуілгі малдың сүйектеріне толы, айналада шашы­лып жатыр және олар өте көп. Міне, осы жағ­дай ол кісіні қызықтырып, жәдігерлерді облыс орта­лы­ғындағы Көкшетау облыстық мұра­жай­ына апарып тап­сырады. Сол мұражайда экспо­нат ретінде олар он шақты жыл тұрады. 80-ші жыл­дардың басында көрші Петропавл қаласындағы пед­институттың тарих пәнінің оқытушысы сол экс­понаттарды көріп, мұнда қайдан келгенін біліп, Ни­ко­льскийге тартады. Міне, Ботай мәдениетінің ашы­луы осындай кез­дейсоқ жағдайдан бастау алады.

Бүгінгі күні ғалымдар да, жай халық та Ботай мәдениетін біледі, ал бірақ оның кімнің атымен солай аталғанын тіпті білмейтіні қынжылтады. Мен енді сол әділетсіздіктің орнын толтырып, Ботай бабамыз туралы аз-мұз мәлімет берсем деймін. Екінші мақсатым – Ботай бабамыз тарихымыздан лайықты орнын алып жатса, мемлекеттік қорықтың ашылуына байланысты комиссия мүшелеріне құлақ-қағыс қылып, ардақты тұлғаны да ұмыт қалдырмай, оның зиратының басына лайықты белгі қоюға көңілдерін аудару еді. Тіпті оның зираты ауылының іргесінде, сонадайдан көрініп те тұр. Қазірде Ботай баба қабірінің маңында тас-құм шығаратын карьер жұмыс істеп жатыр екен. Олар қабірдің басындағы белгіні алып тастап, оны карьерге айнал­дырып жіберуі де мүмкін. Енді ке­шік­сек, тіпті, Ботай бабамыздың жатқан жерінен де айырылып қалуымыз мүмкін.

Ботай бабамыз сондай құрметке лайық па, әлде оның лауазымы тек ауылының атымен ғана шектеле ме?

Біздің «Ботай баба» атты екінші кітабымыз ба­ба­мыздың тұлғалық қасиеттеріне арналған, сөй­тіп оның іс-қимылдары арқылы оның өмір сүрген заманындағы қоғамдық қарым-қатынастар жан-жақты суреттеледі. Ол заман ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың орта шені еді. Абылай ханнан кейін патшалық Ресей қазақ жерінде отаршылдық сая-
сатын үдете түскенін тарихымыздан білеміз. Міне, Ботай бабамыздың өмір сүрген кезі осы заманға сәйкес келеді. Отаршылдар қазақ жеріне кіруді күннен-күнге ұлғайта береді, қазақтардың шұрайлы жерлеріне қоныстанушыларды көптеп орналастыра бастайды. Қазақтар атам заманнан қоныстанып келе жатқан ауылдарынан, жайылымдарынан айырыла бастайды. Осындай отаршылдық саясаттың жүзеге асуына Ботай және оның замандастары куә болады.

Ботай көзі ашық зиялы азамат, қажылық парызын өтеген, би болған. Отаршылдық саясатқа қарсы болады, жергілікті орыс әкімшілігіне жағынудан, қызмет етуден бас тартады және өз ауылдастарына ақылын айтып, отаршылдардың қитұрқы әрекеттерін әшкерелеп отырады. Әрине, Ботай сия­қ-
ты көзі ашық, зиялы азаматтардың қазақ же­рінде көп болғанын байқауға болады. Бұрынғы кеңес­тік идеология қазақтар орыс шаруаларының келуін қуана қарсы алып, олардан егіншілікті, тағы басқа нәрселерді үйренді деген қауесеттерді санамызға сіңіріп келгенін білеміз.

Ботай бабамыздың әкесі Досан да қазақ тарихында өз орны бар тұлғалардың бірі. Ол Абылай ханның замандасы. Он сегіз жасынан ханның жасағында болып, жорықтарына қатысып, ерлік көрсеткен. Есейе келе ханның сенімді серігі болады. Т.Сәдуақасовтың «Ел мен жер» атты кітабында: «Әбілқайыр ханмен бірге ант бергендер Орта жүз, Арғын руынан ... 19. Қарасай батыр (Қосқұл,Ораз), 22. Досан батыр» делінген. Бұл автор өз кітабын тек қана мұражай құжаттарына сүйеніп жазған, сондықтан біз оған сенеміз, Досан бабамыздың батыр, Абылай ханның сенімді серігі болғанына қуанамыз.

Ботай бабамыздың кенже, жетінші ұлы Кенжебек. Өзінен бұрын жүз жыл бұрын өзінің атасы Досан батыр Жоңғар басқыншыларынан елін азат етсе, енді сол қалмақтардың жолына түсіп, еліне баса-көктеп кірген Ресей империясына қарсы Кенесары ханның көтерілісіне өз еркімен аттанып, азаттық жолында жанын құрбандыққа шалады. Кенжебек бабамыздың осы ерлігіне дәлел ретінде мынадай құжаттарды келтіруге болады. Ботай бабамыздың немересі Шәлтік және Жақия қажылардың жазбаларынан табылған мына жолдарды келтірейік:

«Ботайдың кенжесі Кенжебек 23 жасында Кенесарының сарбазы болып, Көшқұлыдан жүз­деген жігітті ертіп, көтерілісшілерге қосылыпты. Көп­теген ерлігін елге оралған жігіттерден есітіп, ри­за болдық. Кенжебек Ақмола қамалын алғанда ерлік­пен қаза тапқан». (Шәлтік қажы, 1925 жылы қай­тыс болған).

Жетінші Кенжебегі батыр туған,

Кенесары сарбазы боп өзі аттанған.

Бостандықты аңсаған Кене ханмен,

Қамалын Ақмоланың бірге алған.

Кенжебек тас қамалда ойран салды,

Ілгері ұмтылыпты топты жарып.

Сегізін патша әскерін жайратқан соң,

Ақыры ерлікпенен қаза тапты. (Жақия қажы).

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Ботай ұрпақтарының ішінде ең білімдісі Шәлтік қажы болған дейді, екі рет қажылыққа барған, еліміздің қажылар кітабында 1905 жылы Ботай округінен барған деген дерек бар. Оның ұлы Сүлеймен де әке жолын қуып, білімді, шешен болған, би болып, заманындағы әртүрлі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге белсене араласып, әділ төрелік еткен. Інісі Бәшәрдің өзі сияқты шешендік, іскерлік қабілетін сезіп, ел басқару ісіне араластырады, келешекте өз орнына баулиды, сондықтан оны ылғи жанына ертіп жүреді.

Әрине, Сүлейменнің, Бәшәрдің одан әрі ел бас­қарып, халыққа адал қызмет етуіне Кеңес өкіметі­нің орнауы кедергі жасайды, олардың қанатын қия­ды. Сүлеймен 1927 жылы 54 жасында аң аулап жүр­генде суық тиіп, қайтыс болады.

Шәлтік, Бәшәр сияқты басқа да зиялы аталары­мыз болды, себебі Ботайдың барлық ұрпақтары, не­ме­релері мен шөберелері, т.б. бір-бірінен кем болған жоқ. Олар сауатты, білімді, асыл азаматтар болған.

ХХ ғасырдың 30-40-жылдары және жаңа ХХІ ғасырдың басында өмір сүріп жатқан Ботай ұрпақтарының өмірі де өте күрделі болды. Оған таңғалуға болмайды, себебі бұндай жағдайды бүкіл халқымыз басынан кешірді емес пе?

Ботайлықтар ұжымдастыруды да, аштықты да, сталиндік қуғын-сүргінді де, Отан соғысының ауырт­палығын да бастарынан кешірді. Олар өз еліне, жеріне адал қызмет етіп, жаңа ұрпақтың өсіп-өнуіне бар күш-жігерлерін жұмсады. Бұларды біз Ботай атамыздың үшінші ұрпағы дегеніміз жөн.

Міне, осы ұрпақтың заманы қандай болды деген сұрақ туады.

Иман-Борлық өзені жағасындағы шұрайлы Ботай бабамыздың қонысына Никольское деген орыс селосын қонжитты. Оның жанындағы нағыз егін салатын алқапқа Высокое деген орыс селосын ор­натты. Грачевка, Казанка, Кирилловка, Все­во­ло­довка, т.б. орыс селолары ботайлықтарды жан-жақ­тан қоршап алды. Колхоз құрылғанда Ботай колхозында 800 гектар ғана жері болатын, ал ма­ңайындағы орыс колхоздарының жерлері екі-үш есе көп болатын. Міне, қыспақ деген осы, ғасырлар бойы өзіңнің жекеменшігіңнен айырылу осы емес пе? Қазіргі осы орыс селоларының тұрғындары осы менің жазып отырғанымды оқыса, таңғалар еді, неге біздің бабаларымыз осылай жасаған деп. Се­бебі осы көрші селолар адамдарымен та­мыр-дос болып кеткенбіз, осындай достықты біздің ата-бабаларымыз бастап кеткен, Ботай және көрші қазақ ауылдарының балалары осы көрші орыс тамырларымыздың үйлерінде пәтерде тұрып, орыс мектептерінде оқыдық, өмірлік дос болып кеттік.

Сонда қазақтар сорақылықты кімнен көп көрді: патша өкіметінен бе, әлде қазір кейбіреулердің аңсайтын Кеңес өкіметінен бе? Бұл сұраққа әркім өзі жауап берсін, салыстырып ойлансын.

Осындай қилы заманда өмір сүрген Ботай ұрпақтары өз елдігін сақтап қалды, ұжымдасып, бір ауыл болып еңбек етті, келешекке үлкен үмітпен қарады, оқып, білім алуға тырысты, қажет болғанда, Отанын қорғауға да шын ықыластарымен аттанды.

Осы орайда Батырханның ұлы Қами ағамызды ерекше атауымыз керек. Ол орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының жағрапия факультетін бітіреді де, сол институттың тарих мамандығы бойынша сырттай оқуға түседі. Ботай ұрпақтарының ішінен алғаш ғылым кандидаты болады.

Бұл ұрпақтың ерекшелігі – соғыстың жеңісінен кейін келешекке үлкен үміт артып, бейбіт өмірге белсене араласуы, оқу оқып, мамандық алуы, бала-шағаны өсіріп, елдің көркеюіне атсалысуы. Ботай ауылының жастары осы бағытта көптеген жетістіктерге жетті деуге болады. Мектепті бітіріп, жоғары оқу орындарында түсті, мамандық алып, әр салада қызмет етті. Ал тәуелсіздігіміз нығайып, өркендеген заманда да Ботай ұрпақтары өз жерінің тектілігін жалғастырды. Іскер азаматтар да, ғалым да, мемлекеттік қызметкер де, министр де, әкім де шықты. Қалит Зікірияұлы министр болса, Манарбек Бүркітбайұлы Көкшетау қаласының әкімі болып біраз жыл абыройлы еңбек етті. Үш ғылым докторы, оның ішінде екі медицина ғылымдарының докторы бар. Профессор Абай Байгенжин қазір «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының директоры болып қызмет атқаруда. Одан кейінгі осы саланың докторы, профессор Әділ Хамзин – урология саласының халықаралық деңгейдегі маманы. Ал ғылым кандидаттары болып қызмет етіп жатқан ботайлықтарды айта берсек, өте ұзын тізбек болуы мүмкін.

Бұл арада біз Есіләмбек ағамыз жайлы айтуды парыз деп есептейміз. Өйткені Ботай ауылын атын бүкіл әлемге әйгілі қылған осы ағамыз.

Осындай әлемдік деңгейдегі жаңалыққа себеп­ші бола тұрып, Есағамыз өз ауылы туралы кітап­тар­дың жазылуына да мұрындық болғанын ерекше атаймыз. Жасы келіп қалса да, бүкіл Ботай ауы­лының жан-жақта жүрген түлектеріне хат жа­зып, дамыл таппады. Сонау алыстағы Ботай ауы­лынан Алматыға жиі келіп, өзінің туған інісі, рес­публиканың баспасөз комитетін он жылдан ар­тық басқарған Қалит Зікірияұлының үйінде жатып алып, бүкіл Алматыдағы ботайлықтарды жинап алатын. Әрқайсымызға жеке-жеке тапсырма беретін. Туған жерді, туған ауылды ардақтаудың үлгісі осы емес пе? Міне, осындай қажымай-талмай еңбектің арқасында жаман-жақсы болсын дүниеге бес кітап келді. Өкінішке орай, үшінші кітап шығып жатқанда Есағамыз сексен жасқа келіп, 2007 жылы мамыр айында дүниеден өтті.

Есіләмбек ағамыздың тағы бір осы іске беріл­ген­дігінің көрінісі – ол ауданның орталығы Саумалкөл село­сында «Ботай» атты мұражай ашуы. Оған өз қара­жатын салып, 20 жылға жуық уақыт өзі өмірден өткенше соған басшылық етті.

Шынында, Есіләмбек ағамыздың ашқан жаңа­лығы тарихымызда өз бағасын әлі алған жоқ. Ботай мә­дениетінің ашылуы – қазақ тарихының ерен олжасы. Ол нені көрсетеді? Ол бүгінгі қазақтардың тегі, ата-бабалары осы жерден, яғни байырғы қазақ жерінен, осы аймақтан басталады деген сөз. Тас дәуірінен бастап осы жерлерде мекендеген тайпалар бүгінгі қазақтың тегі. Қазақтан басқа ешкім мұнда тұрған жоқ. Міне, Есіләмбек Зікірияұлының ашқан ең басты жаңалығы осы. Сондықтан, Солженицын, Жириновскийлердің сандырақтары тарихта күлкі болып қалады да, Есіләмбектің аты қазақ әрі әлем тарихында алтын әріппен жазылуы керек. Себебі Ботай баба атымен айшықталған, күллі әлемге әйгіленген Ботай мәдениеті қазақ тарихының ажырамас бөлігі, тұма бастауы.

Әміржан ШАЛТЫҚОВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор

АЛМАТЫ