Қазақстан • 06 Тамыз, 2018

Ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

444 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанға ресми сапар­мен келген Үндістан Респуб­ли­касының Сыртқы істер министрі Сушма Свараджбен кездесті. 

Ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Тараптар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Модидің 2017 жылғы маусымда Астанада және осы жыл­дың маусым айының басында Циндао қаласында өткен ШЫҰ саммитері аясын­дағы екіжақты кездесулердің барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын талқылады.

– Жақында Қытайдың Циндао қаласында өткен Қазақстан – Үндістан кездесуінен кейін Қазақстан Президенті Үкіметке Үндістанмен инвес­тиция, энергетика, логисти­ка, ақ­параттық технологиялар, ғарыш, фар­ма­­ц­ев­тика, туризм және киноөндіріс сала­сын­­да­ғы екіжақты ынтымақтастықты кү­шей­­ту жө­­нін­де бірқатар нақты тапсырмалар бер­ді. Осының негізінде біз 2019 жылға жос­пар­лан­ған жоғары деңгейдегі ресми іс-ша­ра­лар­дың мазмұнын дайындаудамыз, – деді Қ. Әбдірахманов.

Қазақстан сыртқы саясат ведомство­сы­ның басшысы Үндістан тарапына Астана­ның 20 жылдық мерейтойына, Астана эко­но­микалық форумының XI сессиясына, сон­дай-ақ «Астана» Халықаралық қаржы орта­лығының ресми ашылу салтанатына Үндістан өкілдерінің қызығушылықтары мен белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді.

2017 жылы Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда айналымы 1 миллиард доллар деңгейіне жетті. Тараптар осы көр­с­ет­кішті арттыру мақсатында белсенді ын­тымақтастықты жалғастыруға келісті. Атап айтқанда, көлік-логистика саласында ынты­мақтастықты кеңейту, оның ішінде елі­мізге Үнді мұхитын жақындата түсе­тін Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір­ жолы­ның әлеуетін пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Тараптар Қазақстан – Үндістан Сауда-эко­номикалық, ғылыми-техникалық, өнер­кәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөнін­де­гі үкіметаралық комиссиясының және Қазақстан­ның сауда-өнеркәсіп палатасы мен Үндіс­танның сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясы арасындағы Іскерлік кеңестің жемісті жұмысына қанағаттанушылық білдірді. Бұл жұмыс аясында Үндістанның іскер топтары ірі қазақстандық әуежайларды басқаруға, сондай-ақ «Астана» ХҚО, Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар жөніндегі халықаралық орталығы және «AstanaHub» IT-стартаптар техно­паркі шеңберінде ынты­мақтастыққа қызы­ғу­шылық танытты.

Көпжақты ынтымақтастық саласында БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК шеңберіндегі ын­тымақтастықтың тиімділігін арттыру бойын­ша қосымша қадамдар анықталды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Үндіс­тан тарапы БҰҰ-ның Ливандағы уақыт­ша күштері құрамындағы (UNIFIL) үнд­і батальонына биылғы жылы қазақстан­дық бітімгершілік контингентін енгізуіне кө­мек­тескенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ көпжақты ынтымақтастықтың маңызды жобаларының бірі – Еуразиялық эко­номикалық одақ пен Үндістанның ара­сындағы еркін сауда аймағы туралы келісім жаса­су туралы келіссөздердің басталуы.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар әрдайым тараптардың назарында болады. Қазақстан Үндістанға биылғы жылдың қаңтар айында Сринагар қаласында танымал тарихшы, мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидің қабірінің қалпына келті­рі­луіне қолдау білдіргені үшін алғысын біл­дірді. Бұдан басқа, Болливуд киностудияларымен бірлескен фильмдер жасау жолындағы алғашқы қадамдар жасалды.

Аталған кездесуден соң журналистер алдына шыққан Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Ел­де­­рі­міз арасында саяси даулар жоқ, ал көп­те­ген халықаралық мәселелер бойынша ұста­ным­да­рымыз жақын. Халықаралық ұйымдар мен көпжақты форумдар аясындағы ын­ты­мақ­тастығымыз конструктивті түрде жүзеге асырылуда», деп өз сөзін нақтылай түсті.

Ал Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж екеуара кездесуде әлемдік, аймақтық өзекті мәселелер кеңінен талқыланғандығын атап өтіп, өзара тиімді келіссөздерге көңіл бөлді.

– Бүгінде Үндістан тез дами бастаған әлем­дік алып экономикаға айналды. Оның ішінде өндіріс пен инновацияны те­ре­ң дамытуға басымдық беріліп келеді. Премьер-министр Модидің басшылығымен бізде «Цифрлы Үндістан», «Таза Үндістан», «Стартап Үндістан», «100 ақылды қала» және басқа да маңызды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Міне, осы бағдарламалардың игілігін сіздермен бөлісуге дайынбыз, – деді Үндістанның Сыртқы істер министрі.

Үндістан тарапы, сонымен қатар Қазақстанмен бірлесе отырып нарықты зер­­­де­леу, жаңа өнімдер іздеу, сауда, сер­ти­фи­кат­тау салаларында әріптестікті дамытуға мүд­делі екендіктерін білдірді. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»