Аймақтар • 07 Тамыз, 2018

Маңғыстау облысында жаңа жатақхана пайдалануға берілді

643 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрғындардың, бюджет саласы қызметкерлерінің баспанамен қамтылуы – мемлекеттік мәселе. Сондықтан атал­ған мәселені жіті назарында ұста­ған мемлекет басшысы халыққа арна­ған әр Жолдауында, бағдарламалық мақа­ла­ларында бұл жайында арнайы тоқталып, құзырлы орындарға қажетті тапсырма-міндеттерді жүктеп келеді. Сондай-ақ арнайы мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылуда.

Маңғыстау облысында жаңа жатақхана пайдалануға берілді

Жуырда Президенттің «бес әлеу­меттік бастамасы» атты халыққа Үн­деуіндегі «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» тап­сыр­масы аясында маңғыстаулық бюджет саласы қызметкерлерінің көзайым қуанышына айналған жаңалық Мұнай­лы ауданының Маңғыстау ауылында жүзеге асты. Жалпы, құрылыс алаңы шамамен 2,5 мың шаршы метрді құрайтын ау­мақта екі ғимараттан тұратын жүз орын­дық жатақхана салынып, оның жан-жағы абаттандырылды, жасыл желек жа­мылған алаңда жаяу жүргіншілер жолына асфальт пен кеспе тастар төселді.

Құны 840 миллион теңге тұра­тын жатақхана «НКОК» компания­сы­ның маңызды әлеуметтік және инфра­құрылымдық жобалары шеңберінде жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстары бір жылға жетер-жетпес мерзім ішінде аяқталған жатақханада ас үй, жуынатын бөлме, кіреберіс және зат сақтайтын қоймамен қатар тұрмысқа қажетті заттардың барлығы бар.

– Компания 2017-2018 жылдар аралығында Маңғыстау ауылына кітапханасымен бірге 500 орындық мәдениет үйі, Маңғыстау ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мен Маңғыстау-5 елді мекенінен 15 шақырым автокөлік жолының құрылысына 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөліп, Мұнайлы ауданының әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосуда, – деді Е.Тоғжанов. Аймақ басшысы өз кезегінде «НКОК» компаниясының жұмысына да оң баға бере кетті.

– Консорциум міндеті – жергілікті жұртшылықтың қажеттіліктерін тікелей қамту. Сонымен қатар консорциум бұл аймақтарда әлеуметтік жобаларға үлкен қажеттілік бар екенін ескере отырып, Маңғыстау және Атырау облыстарында бірқатар қосымша жобаны жүзеге асыруда, дейді «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн.

Қыркүйек айында Мұнайлы ау­да­ны­­ның Қызылтөбе және Басқұдық ауыл­дар­ын­да мектеп ашылады деп жос­парлануда.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»