Тарих • 07 Тамыз, 2018

Сарматтар сарқытындай Сегізсай

2615 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары кең байтақ қазақ даласының әр шетінен «алтын адам табылды» деген сүйінші хабар жиі шығатын болды. Бұл отандық археолог ғалымдардың жүйелі зерттеулерінің нәтижесі.

Сарматтар сарқытындай Сегізсай

Осы жерде «Сонда қалай, қазынаға толы қазақ даласы бұрын зерттелмеген бе?» деген заңды сауал туады.

Зерттелгенде қандай! Тек ол «зерт­теу­лердің» нәтижесі көпшілікке бел­гісіз.

– Ресей империясы қазақ даласын отарлаған кезде жаппай ескі қорым­дарды тонауды қолға алған. Кунст­ка­мераны экспонаттармен толтыру үшін арнайы тапсырмалар берілгендігін архивтік деректер де растайды. Ал кеңестік кезеңде орталықтан келген геологтар осы істі жалғастырған. Мына табылып жатқан алтын адамдар сондай тонаудан аман қалғандары ғой, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, докторант Рашид Оразов.

Иә, Алтайдан Шығыс Еуропаға дейін далиған Ұлы Даланы біздің дәуірімізге дейінгі VI-IV ғасырлардан біздің дәуіріміздегі IV ғасырдың ортасына дейін емін-еркін жайлаған савромат-сарматтар осы жерде ерекше өркениет, өзгеше мәдениет қалдырды. Қазіргі қазылып жатқан обалар, табылған қазыналар сол кезеңнің ескерткіштері. Бір ерекшелігі, бүгінде отырықшы жұрттың орнында қалған мұндай ескерткіштер әлдеқашан тонаушылардың табаны астында тапталып, ту-талақайы шықса, көшпелі халық мұндай обаларға тиіспей, күні бүгінге дейін құрметпен қарап келген. Бұл да бір тектіліктің белгісі шығар.

Айтпақшы, «алтын адам» біздің Батыс Қазақстан өлкесінен де табылған. 2012 жылы күзде Батыс Қазақстан об­лыстық тарих және археология ор­та­лығының археологтары Теректі ауда­ны­нан «Алтын адам» тапқандарын ха­барлады. «Тақсай» кешенінде жүр­гі­зілген қазба жұмыстары барысында ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны қазылып, кейін «Тақсай ханшайымы» деген атауға ие болды. Бұл жерден та­былған 500-дей алтын бұйымның жалпы салмағы 3 келіге жуық болды. Ерек­ше үлгідегі шошақ бас киім, тарақ, тағы басқа жәдігерлер әлемдік археология ғылымы үшін үлкен жаңалық саналады.

– Батыс Қазақстан территориясын­да археологиялық қазба жұмыстары XIX ғасырдан басталды. Оларды бас­тапқыда орыс зерттеушілері, кейін кеңес археологтары жүргіз­ді. Қазақстандық ғалымдар археоло­гия­лық қазба жұмыстарына 1960 жыл­дардан араласты. Бастапқыда жүйе­сіз (Г.И.Багриков), ал кейін жос­пар­лы­ түрде Қазақ КСР ҒА және Орал пе­да­гогикалық институтының ғылыми жоспары (Ғ.А.Кушаев) бойынша жүр­­гізілді. XXI ғасырдың басынан ежел­гі көшпенділердің тарихы мен мә­дениеті бойынша барлық зерттеу­ жұ­мысын Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Батыс Қа­зақстан облыстық тарих және архео­ло­гия орталығы жүргізуде, – деген еді осы орталықтың директоры, тарих ғы­лымдарының докторы Мұрат Сыдықов.

Ақ Жайық өңірінде «Қырық оба»­ атты атақты кешен бар. «Қара архео­лог­тардың» тонауына ұшырап, бүлінсе де қазіргі көрінісінің өзі көрген жанды таңғалдырады. Жап-жазық далада қолдан тұрғызған мыңғасырлық төбені ғалымдар «дала пирамидасы» деп дәл айтып жүр. Дәл осындай «далалық пирамидалар алқабы» Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау, Қаратөбе аудандары шекарасында орналасқан. Кеңес билігі кезінде «Лебедовка» аталып, енді ғана Сегізсай, Есенамантау деген байырғы атауын алып жатқан шағын алқапта 300-дей оба бар екен!

– Бүгінге дейін бұл обалардың 150-дейі қазылып, зерттелген. Биыл маусым айында Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих факультеті студенттерімен бірге екі апталық қазба жұмысын жүргіздік. Біз қазған обадан ересек ер адамның, жасөспірім жігіттің және бойжеткен қыздың сүйектері шықты. Қола айна, қыш құмыралар, әйнек құты, жебе ұштары, қазандық табылды. Жалпы, Сегізсай алқабы – Оңтүстік Жайық бойындағы скиф-сармат мәдениетінің ерекше ес­керт­кіш­тері сақталған ғажайып мекен. Оның дәрежесі ғылымда Филиппов, Елек, Покров кешендерінен кем емес, – дейді БҚМУ-дің доценті, тарих ғылым­дары­ның кандидаты Мұрат Қалменов.

Сегізсай алқабының бір ерекшелігі – мұнда сарматтар тарихының мың­жыл­­дық кезеңін қамтитын обалар сақ­талған. Жалпы, ғалымдардың пікі­рін­ше сарматтар тарихы төрт кезеңге бөлінеді. Бірінші савроматтар кезеңі – б.д.д. VI-IV ғғ. Екінші ерте сармат кезеңі – б.д.д. IV ғасырдан шамамен б.д.д. I ғасырдың ортасына дейін со­зылады. Үшінші орта сармат кезеңі – б.д.д. I ғасырдың ортасынан б.д. II ғасырдың ортасына сәйкес келеді. Төртінші, кейінгі сармат кезеңі – б.д. II ғасырдың ортасынан IV ғасырдың ортасына дейін келеді. Міне, осы мың жыл бойына Сегізсай алқабына сармат патшалары, билеушілері, бақсылары жерленіп келген.

Енді «елеусіз қалған алтын адам»­ та­қы­рыбына келейік. Дәл осы Се­гіз­сай алқабына 1966-1967 жылдары археолог Григорий Багриков Орал педагогикалық институтының сту­дент­терімен келіп, қазба жұмысын жүргізген екен. Сол жолы қазылған екі үлкен оба бұрын тоналмаған болып шықты. Қатар тұрған екі обаның бірінен ер адамның, ал екіншісінен әйелдің сүйегі табылған.

Ер адамның қабірінен қырлы тұтқалары бар, мойны жіңішке үлкен құмыра, темір ожау, темір орақ, найза, ағаш қынды, асыл таспен көмкерілген екі жүзді семсер табылған. Бұл адамның киіміне де жарты шар тәрізді алтын қаптамалар тігілген. Қабірдің шығыс жағында күміс ауыздығы бар ат әбзелі, тағалар мен жүген қаптармалары қойылыпты. Ыдыстардан – мыс қазан, түбі дөңгелек мыс саптыаяқ, мойны жіңішке, тұтқасы иілген мыс құмыра шыққан.

Ал екінші обадағы әйел адамның қабірінен күміс шамдал, қола қазандар, қола қоңырау, күміс сүзгі, қола бақы­раш,­ керамикалық сауыттар, тас кел­сап, күміс қасық, алтын сырға, ал­тын салпыншақ, алтын жапсырмалар, алтын пластиналар, моншақтар, айна фрагменттері шықты. Айта кетейік, мұндағы алтынның сапасы өте жоғары, сынамалары 900 және 950-ге дейін жетеді! Әшекейдің санына назар аударсақ: Жартылай доға түрінде, қуыс, артқы жағында тігуге арналған ілмегі бар жапсырма – 207 дана. Жартылай доға тәрізді, тегіс фигуралық, тамшы тәрізді, тігуге арналған үш тесігі бар жапсырма – 83 дана. Үшбұрыш тәрізді, үрілген жапсырма – 130 дана. Айшық түрінде, төменгі бөлігі үрілген, тастармен безендірілген сырға – 2 дана. Бұрыш және толқынды сызық түрінде, дөңес, тігуге тесіктері бар жапсырма – 268 дана. Міне, бір ғана «Лебедевка VІ» кешеніндегі №39 обаның 1 қабірінен шыққан алтын бұйымдардың саны 700-ге жақын.

– Осыншалықты алтын жапсырма бір ғана әйел адамның киіміне тігілген болса, бұл да алтын адам болмай ма? – дейді осы Есенамантау іргесіндегі Егіндікөл ауылында туып-өскен азамат, өлкетанушы Жантас Сафуллин күйініп.

Жантас Сафуллиннің айтуынша, ауыл балалары мал бағып жүріп, суық желде осы обаларды ықтап, жоғалған малды іздегенде төбеге шығып айналаны шолады екен. «Тарихтан бұл жер сарматтардың мекені болғанын, ал обалар сарматтардың жерленген зираттары екенін білетінбіз. Ал үлкендер «ертеректе бұл жерді алтын іздеушілер келіп қазған» дейтін» деп еске алады ол.

1966 жылы ашылған сенсациялық жаңалықтан соң Сегізсайға Мәскеуден зерттеушілер ағылып, жыл сайын археологтар қазақ даласын қопарып, қазба жұмыстарын жүргізген. Сол жұ­мыстардың бел ортасында болған жас ғалым, бүгінде Ресей ҒА Археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марина Мошкова бұл жерден табылған жәдігерлердің ғылым үшін өте маңызды болғанын айтады. Әрине табылған бұйымдардың көбі орталыққа, Мәскеуге әкетілгені анық.

– Сол Сегізсай обаларынан табыл­ған алтын бұйымдардың жалпы салма­ғы­ның өзі 50-60 килоға баратын шығар, – дейді археолог Мұрат Қалменов.

Бір өкініштісі, осыншалық қым­бат қазына шыққан сол Сегізсай алқа­бын­да, «алтын адам» табылған төбе жанында бүгінде еш белгі жоқ. Жантас Сафуллин бірнеше мәрте баспасөз бетінде мәселе көтеріп, сарматтар обалары сақталған Сегізсай алқабын туризм нысанына айналдыру жайлы ұсыныс айтып келеді. «Қасиетті Қазақстан» жобасы қолға алынып, киелі мекендерімізге көңіл аударыла бастаған тұста бұл жоба да жүзеге асар.

Айтпақшы, күні кеше, 2002 жылы Сегізсай кешенінде археологтар Арман Бейсембаев пен Сергей Гуцалов бастаған топ қазба жұмысын жүргізіп, «алтын адам» деуге лайық жәдігерлер тапқан. Археолог Мұрат Қалменовтің пікірінше, табылған жәдігерлердің саны, маңызы жағынан бұл оба Атырау облысынан табылған «Аралтөбелік алтын адамнан» артық екен. Мәселен, бұл жерде жерленген әйел адамның бас киімінің өзі 75 алтын жапсырмадан тұрған, аң стиліндегі ерекше формада болған. Бірақ бәлкім реставраторлардың кемшілігінен ол жәдігерлер дәл бағасын ала алмай, халық назарына жетпей қалыпты. Археологияда мұндай да болады екен.

Әрине біз «алтын адам» деп аузымыздың суы құрып әңгіме етке­німізбен, нағыз археологтар үшін мыңжылдықтар қойнауынан табылған әрбір жәдігер маңызды екені түсінікті. Ең бастысы, қазақ жері бұрынғыдай тойымсыз тоғышарлардың тонауынан құтылды. Өз жеріміздің қазынасын өзіміз зерттеп, зерделеп, әлемнің назарына ұсына алатын кезге жеттік. Бұл да тәуелсіздіктің арқасы. Тек қасиетті даламыздың киесін қашырмай, әрбір жәдігерді де, ол қазына табылған киелі мекенді де көздің қарашығындай сақтап, болашаққа жеткізсек екен дегіміз келеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»