Аймақтар • 07 Тамыз, 2018

Қуатжан Уәлиев Әули­е­ата өңіріндегі археологиялық қазба жұмыстарымен танысты

1760 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы бойынша ар­хеологиялық және қайта қалпына келтіру жұмыстары бүгінгі таңда ортағасырлық Тараз қалашығы, Талас ауда­нын­дағы төменгі палеолит кезе­ңі­не жататын Бүйрекбастау тұ­рағы, ортағасырлық Құлан қалашығы, Жуалы ауданы Теріс ауылындағы ортағасырлық «Бар­куаб» қалашығы сияқты тарихи орындарда жүріп жатыр. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хат­шысы Қуатжан Уәлиев Әули­е­ата өңірінде болып, Талас ауданы Тамды ауылындағы Бүй­рекбастау және Құлан қала­шы­ғындағы археологиялық қазба жұмыстарымен танысты.

Қуатжан Уәлиев Әули­е­ата өңіріндегі археологиялық қазба жұмыстарымен танысты

Сапар барысында жауапты хатшы Талас ауданы Тамды ауылынан­ өткен жылы бірлескен Қазақ – Жапон ғылыми-зерттеу экспедициясы бары­сын­да ашылған, төменгі палеолит ке­зеңіне жататын тас дәуірінің тас құ­ралдары шоғыры жиналған Бүй­рекбастау тұрағында болды. Экспедиция жетекшісі тарих ғылым­дары­ның докторы, профессор Жәкен Таймағанбетовтің биыл Бүйрекбастау тұрағына жүргізіп жатқан археоло­гия­лық қазба жұмыстарымен танысты.

 Палеолит кезеңі – ежелгі тас дәуірі болып есептеледі. Тарихи дерек бойынша, Қазақстанның Оңтүстік бөлігін адамдар тас ғасырының ерте палеолит дәуірінде мекендеген. Бұл адамзат тарихы дамуының бас­ты кезеңі болып саналып, біздің заманымызға дейінгі 1 миллионнан 140 мың жыл арасын қамтиды. Осы өңірді адамдардың тас ғасырынан бастап мекендегеніне сол дәуір ескерткіштері – тұрақтар, шебер­ханалар мен Қаратау жотала­ры аймағынан табылған тас құрал­дар – шапқылар мен өзектастар дәлел. Соңғы мәлімет бойынша, елі­міз­де 500-ден астам палеолиттік ескерткіш орындары анықталған. Та­рихшылардың нақтылауы бойынша ең ежелгі ескерткіштер Қаратау жотасында, мұндағы Тәңірқазған, Бөрі­қазған, Шабақты, Қызылтау, Қы­зыл­әуіт және тағы да басқа тұрақтар материалдары ерте ашель дәуіріне жатады. Осындай тұрақтарды 1958 жылы тарихшы-археолог Хасан Алпыс­баев ашып зерттеген болса, бү­гін­де тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағанбетов зерттеуде. Нәтижесінде Талас ауданы, Қызылтау мекенінен палеолиттік тас тұрақтардың көлемді кешені анық­талды. Осындай шоғырланған тұ­рақ­тардың ішінен өткен жылы Жәкен Таймағанбетовтің басшылығымен төменгі палеолит дәуіріне жататын Талас ауданы, Тамды ауылынан ерекше маңызы бар тас құралдардың шоғыры жиналған Бүйрекбастау тұрағы табылды. Бұл тұрақтардың жасы шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 30 мың жыл деп есептелуде.

Келесі кезекте Қуатжан Уәлиев ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ортағасырлық «Құлан» қалашығына ат басын тіреді. Құлан қалашығы бүгінгі Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының маңында орналасқан. Зерт­теушілер Луговое қаласын бip­ауыз­дан Жетісудың ортағасырлық бел­гілі қаласы Құланмен теңестіреді. Құлан қалашығы туралы алғаш рет VІІ ғасырдың бірінші жартысына жататын жазба деректерде кез­деседі. Қала территориясына жа­сал­ған алғашқы археологиялық қазба жұмыстары 1936 жылы Жетicy архео­логиялық экспедициясының жетек­шісі Александр Бернштамның бас­тамасымен жүргізілген. Қазба жұ­мыс­тарының нəтижесінде алғашқы отырықшы қоныстардың Луговое төңірегінде біздің заманымыздың бі­рінші ғасырларында пайда бол­ғандығы анықталған.

Ал 2015-2017 жылдар аралығын­да «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының» мамандарымен Құлан қалашығында зерттеу жұмыстары цитадельдің солтүстік-батыс бөлігінде жалғасын тапты. Қазба жұмыстары та­рих ғылымдарының докторы, про­фессор Карл Байпақовтың же­тек­­­ші­лігімен жүргізілген болатын.­ Қаз­ба жұмыстары 2015 жылғы мау­сымда анықталған үшінші бөл­ме­ні толық ашудан басталды. Нәти­же­сінде VII-VIII ғасырларға жататын сарай бөлмелері ашылды. Қазбадан шыққан материалдар көрсеткендей, бөлмелерді адамдар IX-X ғасырларда қарлұқтық кезеңде де пайдаланғандығы және бөлменің ішкі бөліктеріне жөндеу барысында өзгерістер жасалғаны анық көрінеді.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»