Қазақстан • 08 Тамыз, 2018

Сарбаздар кез келген қиындықты еңсеруге дайын

620 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы халықаралық армия ойындарындағы өзгерістерді, сайыстардың алғашқы нәтижелерін білу мақсатында Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Әділбек АЛДАБЕРГЕНОВКЕ хабарласып, бірер сауалымызға жауап алған едік. 

Сарбаздар кез келген қиындықты еңсеруге дайын

– Әділбек Қалибекұлы, биыл Армия ойындарының бағдарламасына байқаулардың жаңа түрлері енгі­зіліп, оларды өткізу географиясы кеңейтілгенін көріп отырмыз. Ойын­дарға қатысушы елдердің саны да артқан. Енді бұл шараның маңызы ту­ралы тарқатып айтып берсеңіз.

– Армия ойындары – халықаралық дәре­жедегі теңдессіз шара. Жыл са­йын ұйым­дастырылатын аталмыш шара әскери қызметшілердің тәжірибе алмасып, біліктіліктерін жетілдіріп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі әскери ынтымақ­тастықты да нығайта түседі. Оның үстіне осы бірегей шараның әлем­дік спорттық додалардан еш кемдігі жоқ. 

Байқау жыл сайын көптеген мем­ле­кет­тердің қызығушылықтарын туғызып, әскери ойындар халықаралық әске­ри ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасу­дың жаңа нышанына, бейбітшілік пен ынты­мақтастықтың кепіліне айналды. Әр жыл сайын сайысқа түсу процесі жетіл­дірілуде. 

Биыл бұл жарыста «Астана», «Оң­түс­тік», «Батыс» «Шығыс» өңірлік қолбас­шылығының әскери қызметшілері өнер көрсетуге лайықты деп танылды. Олар қазір Ресейдің («Танк биатлоны», «Әскери барлау үздіктері», «Авиадартс», «Қару шебері», «Эльбрус сақинасы», «Әскери-медициналық эстафета», «Далалық ас үй», «Адал дос», «Күзет сақшысы», «Жол патрулі», «Автоброньды танкті техника шеберлері», «Қауіпсіз орта», «Десанттық взвод», «Ашық су», «Инженерлік формула», «Рембат», «Әскери ралли»), Қазақстанның («Сұңқардың аңшылығы», «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Сенімді айла-тәсіл»), Әзербайжанның («Теңіз кубогы»), Арменияның («Достастық жауынгері»), Беларусьтің («Мерген шебі»), Иранның («Тереңдік) және Қытайдың («Теңіз десанты», «Суворов қысымы», «Ашық аспан», «Қауіпсіз бағдар») аумақтарында бақ сынап жатыр. 

– Ойынға қатысушыларды іріктеу, дайындық шаралары қалай өтті?

– Қазақстан Қарулы Күштерінің командалары Армия халықаралық ойындары-2018 сайысының байқауларына қатысу үшін дайындықты ерте бастап, шеберліктерін барынша шыңдады. Сөйтіп бас-аяғы 300-ге жуық әскери қызметші жарысқа қатысатын мемлекеттер аумағына діттеген уақытта жетті. 

Жалпы АрХО қатысушылары күрделі көп деңгейлі іріктеуден өтті. Бірнеше ай бойы түрлер мен әскер тектерінің, «Астана», «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының үздік әскери қызметшілері іріктелді. Олар Қарулы Күштердің намысын қорғап жатқандығын толық түйсінеді. Ал еліміздің аумағында «АрХО-2018» шеңберінде «Артиллериялық оқ ату шеберлері», әскери байланысшылардың «Сенімді айла-тәсіл» байқауы және ұшқышсыз ұшу аппараттарының «Сұңқардың аңшылығы» сайысы өтуде. 

Өз кезегінде қару-жарақ, әскери техникалардың да жарамдылығына маңыз берілді. Мәселен, қазақстандық әскери ұшқыштар Ресей Федера­ция­сының аумағында өткізіліп жатқан «Авиадартс – 2018» байқауына қатысу үшін 4++ үлгісіндегі СУ-30СМ майдан­дық және армиялық авиацияның ұшу аппа­раттарын тасымалдауды жүзеге асырды. Оған қоса «Авиадартс – 2018» байқауына қатысу үшін үздік ұшу және инженерлік-авиациялық құрам іріктелген болатын. 

– Халықаралық ойындар ереже­сінде, оның тізімінде біздің әскерилер үшін үйреншікті емес сайыстар бар ма?

– Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүктеген міндеттер бойынша қазір біздің әскерилер кез келген қиындықты еңсеруге дайын. Мұздай қаруланған біздің әскер далалық, судағы және таудағы жағдайларға тез бейімделіп, ұтқыр шешім қабылдай алатындығымен де ерекшеленеді. Оған өткен жылдардағы нәтижелер дәлел бола алады. 

Мәселен, биыл «Эльбрус сақинасы» байқауы Кабардин-Балқар жерінде өтуде. Ол жерде әскери қызметшілер алдымен таулы жерге бейімделу курсынан өткізілді. Сонан соң керек-жарақты да­йындау, қаруды ретке келтіру және атыс­та сынауға мүмкіндік берілді. 

Бұл жұмыстарға Қорғаныс министрлігі Таулы дайындық орталығының бастығы полковник Аман Каймульдинов жетек­шілік етуде. Жоспар бойынша жарыс үш кезеңде өтеді. Бірінші кезең скалод­ромдағы жеке өрмелеуді, таулы жердегі бағдарлауды, скалодромда тізбектегі өрмелеуді, таулы кедергілер жолағы мен топ құрамында таудағы оқ атуды қамтиды. Екінші кезең барысында қатысушыларға өзен арқылы параллельді және аспалы өткелден өтуді орындау, тастақты учаскені еңсеру, марш жүгіруді орындай отырып, Ми-8 тікұшағынан десанттауды, көтерілу мен түсуге мұз учаскесін бұзып өту, сондай-ақ жаралыны тасымалдау қажет. Үшінші кезеңде конкурсанттарға берілген маршрут бо­йынша қарумен және керек-жарақпен марш жүгіруді орындауға және Эльбрус тауының батыс шыңына (биіктігі – 5642 метр) шығуға тура келеді.

Біз осы күрделі байқаудың өзінде елеулі табысқа жететіндігімізге сенім­дімін. Біздің жауынгерлердің ата-бабадан ми­расқа қалған рухы мен жігері мол. Бұл – әскери машық пен тәжірибеден де жоғары қасиеттер.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»