Тәрбие • 08 Тамыз, 2018

Ерлі-зайыптыларды татуластыратын орталық

576 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заманамыздың танымал прозашысы Пауло Коэльо: «Кейде өмір екі адамды бір-біріне қаншалықты қымбат екенін ұғындыру үшін ажыратады» деп пайымдасадағы отбасылы болудың қадірін білмей, басындағы бағын оп-оңай ұшырып отырғандар қатары көбеймесе, азаяр емес.

Ерлі-зайыптыларды татуластыратын орталық

Жаһандану дәуіріндегі қызық­тың жалған түрлері көбейіп тұр­ғанда жаңа шаңырақ көтерген жастарға жұбайлық өмірдің оң-солын көрсетіп, ақылдарына ақыл, сабырларына төзім сыйлап отыратын алдыңғы буынның өзі әлтек-әлтек кезеңдерден өтіп, сансырап қалған жайы тағы бар.

Осындай жағдайда бірінші неке тәңірден екенін түсіндіріп, насихаттап отыратын барлық отбасылық институтар мен тетік­тер ауадай қажет болып тұр. 

Ендеше бұл күндері «Almaty Towers» ғимаратында орналасқан «Open Almaty» Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау алаңында Сотқа дейінгі татулас­тыру орталығы іске кірісті. 

Ашылғанына ай толмаған аталмыш орталықтың тұсаукесер рәсімінде Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов жұртшылықты Сотсыз татулас­тыру орталығының жұ­мы­сымен таныстырып, оның тиім­ділігі, дауды сотқа дейінгі рет­теудің артықшылықтары төңі­регінде әңгімелеп берді.

– Ата-бабаларымыз: «Дау-­дамайдың мұраты – бітім»­ деп тегіннен-тегін айтпа­ған. Аза­­маттар кішігірім құқық­бұ­зушылықтар сот мәжілісіне бар­май-ақ, орталыққа келіп, өзде­рінің дауларын реттей алады. Татуласу орталығының арқа­сында олар өздерінің уақыты мен шығындарын үнемдей алады. Мұның экономикалық жағынан тиімділігі мол. Қос тарап өздері­нің дауларын ынтымақпен, бітімгершілікпен шеше алады, – деді Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов.

Ендігі жерде бұл орталыққа Алматыдағы барлық ауданның тұрғындары келіп, өздерінің дау­ларын шеше алады. Мұнда психолог, педагог, адвокат, медиа­тор, судьялар отырады. Олар ха­­­­­­­лық­қа тегін қызмет көрсетеді.

Дегенмен қазірге Татуластыру орталығына келіп табысып, мәсе­ле­леріне медет тауып жатқан отбасылар жоқтың қасындай деуге болады. 

Аталмыш орталықтың медиа­торы Алла Шабанованың айтуынша, қазір мұнда ақыл сұ­рап келіп отырған адамдар аз. Бастапқыда бірнеше жұп ке­ліп, кеңес алып кеткен. Бірақ, орта­лық қызметкерлері олардың әрі қарайғы тағдырларынан хабарсыз. Өйткені жұмысы жандана қоймаған мұндай мекеменің бар екені көпшілікке әлі де мәлім емес. Жарнамасы жетіспей тұр­ған сыңайлы. 

Алайда қазір елімізде бітім­герлер көмегіне жүгінетіндер қатары артып келеді екен. Мәсе­лен, Медеу аудандық сотына 361 арыз-шағым түссе, соның жартысына жуығы бітімгершілікпен аяқталған. Егер бұл орталықтың жұмысын халық жақсы қабыл­дай­тын болса, арыздар сотқа емес, осында түсетін болса, сотта қа­­ралатын істер мейлінше азай­са, он­да мұндай орталықтар қаланың бас­қа да аймақтарынан ашылатын болады.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»