Білім • 09 Тамыз, 2018

Жаңа оқу жылындағы жаңалықтар қандай?

1073 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жаңа оқу жылындағы жаңалықтар қандай?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Дәптерге қатысты  дау шешілді

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғаны белгілі. Білім күні қарсаңында оқушылардың оқулығы, дәптер дауы, мекеме жетіспеушілігі сияқты мәселелер алдымыздан шықпай қоймайды. Сонымен қатар жаңа оқу жылы өзінің бірқатар жаңалығын ала келетіні анық. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында атап көрсеткендей, бүгінгі мектептер жай ғана мектеп емес – озық білім мен үздік тәжірибе ұштасатын интеллектуалды орталықтарға айналуы керек деген сөзі еске түседі. Бүгінде еліміздің білім жүйесі аталған бағытта жаңа қадамдарға баруы шарт.

Жалпы биылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулығы бойынша бұрын оқытуға арналған қосымша материал болып келген жұмыс дәптерлерін қолдану міндетті емес. Алдағы уақытта мектеп­тердің ата-аналарға бастауыш сыныптардың оқушыларына жұмыс дәптерлерін сатып алу туралы қойған талаптары заңсыз болып есептеледі. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов арнайы мәлімдеме жасады.

«Жұмыс дәптерлерін сатып алу және пайдалану – міндетті емес. Бұл оқуға арналған қо­сым­ша материал, оны ұсынуға бола­ды, алайда жалпылай қол­дануға міндеттелмеген. Жұмыс дәп­терлерін сатып алу туралы талаптар заңсыз, сол себепті осын­дай жағдайларда тиісті шаралар қабылдаймыз. Дегенмен, оны пайдалануға тыйым сала алмаймыз. Сондай-ақ түрлі пән­дерге арналған хрестоматиялар бар, бұлар да оқуға міндеттелмеген. Бүгінде ата-аналар оқушылардың мектепке ұстайтын сөмкелері кітаптардың көптігінен өте ауыр екенін айтып шағымданады. Осының өзі себеп, өйткені кей жағдайда жұмыс дәптерлерінің өзі кітаптың көлемімен бірдей болып жатады. Сондықтан да қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, барлық оқулықтар, жұмыс дәптерлері және өзге де оқу құралдарын санитарлық норма­ларға сай келтіру жөнінде нақты стандарттар әзірлеп жатыр», дей­ді А.Ай­ма­­ғамбетов.

Сондай-ақ 2018-2019 оқу жылы оқушыларға ғана емес, ұстаздар қауымына да жағымды жаңалықтармен енбек. Баршаға белгілі, ағымдағы жылдан бастап Қазақстанда педагогика қызметкерлерін аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілген болатын. Онда мұғалімдердің санатына байланысты еңбекақы көлемі өседі және үстеме қосылады. Министрлік өкілдерінің айтуы бойынша, еңбекақыны өсіру туралы айтқан кезде, екі жағдайды қарастырған жөн. Біріншісі – бүгінде жаңартылған бағдарламалар бойынша жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің еңбекақысын өсіру. Бұған бүгінгі таңда елімізде 205 мың мұғалім қол жеткізіп отыр. Олар аталған төлемді қазіргі таңда алып жатыр, яғни тиісті қаражат республикалық бюджеттен бөлініп, трансферттермен жергілікті бюджеттерге бағытталған. Екінші үстеме, бұл – санатқа қосылатын қосымша ақы. Ендігі уақытта оқытушылардың еңбекақыларының кестесі сараланған және әртүрлі критерийлерге байланыс­ты төленетін болады. Қайткен күнде де мұғалім мәртебесі мен жалақысы өскен жерде үлгерім мен үдеріс қатар дамитыны белгілі.

Жыл сайын 15 мектеп салынуы керек

Білім айналасындағы біраз мәселе жуырда Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында да біршама тал­­­­қыланды. Білім беруді және ғы­лым­ды дамытудың 2016–2019 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасының ағымдағы жылғы 6 айы­ның іске асырылу барысы туралы ай­тыл­ған жиында сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты, нөлінші сынып нормасы, үш ауысым бойынша білім алуға мәжбүр мектептер жайы сөз болды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, алдағы уақытта мектеп әкімшілігі ата-аналардан мемлекеттік қызмет көрсету туралы ережеде көрсетілгендерден басқа, қосымша құжаттарды талап етпеуі тиіс. Білуімізше, ендігі кезеңде нөлінші сыныптарға қабылдану үшін емтихандар тапсыру қажет емес. Егер бала 5 жасқа толса және оқуға құлшынысы болса, онда білім алу үшін ешқандай да кедергі болмауы керек.

Алайда бүгінгі таңда нөлінші сыныптарға қабылдау кезінде ұсы­нылатын құжаттар пакеті өзекті бо­лып отыр. Онда кейде заңсыз түр­де ата-аналардың жұмыс орнынан анықтамалар сұрайтын жағдайлар орын алып жатады. Аталған жағдайда мектептердің негізсіз түрде жұмыс орнынан анықтамалар сұрататыны заңсыз екенін ескерген жөн. Вице-министрдің өзі атап өткендей, қандай құжаттар қажет екені туралы нақты жазылған стандарт бар, онда жұмыс орнынан талап етілетін анықтама туралы жазылмаған.

Сондай-ақ министрлік кейбір мек­теп­тердің әлі күнге дейін оқу­шылар саны шамадан тыс екен­дігін айтады. Орта білім беру меке­мелерінің жетіспеушілігі министр­лер каби­нетінің назарынан тыс қал­майтыны белгілі. Олардың айтуынша, қазір республика бойынша 120 мектеп үш ауысымда оқып жатыр. Ал 44 мектеп мүлдем апатты жағдайда оқушы оқытуға мәжбүр. Министр Ерлан Сағадиев атап көрсеткендей, мәселені түбегейлі шешу үшін жыл сайын елімізде 15 жаңа мектеп салынуы тиіс екен.

Олар ұсынған деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша 118 мектеп үш ауысымда сабақ береді. Әсіресе елорда мектептеріне оқушыларды қабылдау мәселесі өзекті болып отыр, мұнда жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны 15 мың балаға ұлғаюда.

ҰБТ-ға ұтымды тетіктер қосылмақ

Жаңа оқу жылында ҰБТ мәсе­лесін де ұмытпаған жөн. Алдағы жылда ҰБТ мен кешенді тестілеуді біріктіру қолға алынбақ. 2017 жылға дейін ҰБТ екі функцияны атқарып келгендігі белгілі. Бүгінде бала аттестат алу үшін мектепте емтихан тапсыру мен Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтетіндігі ата-аналарға да, түлектерге де қолайсыз болып отыр. КТ де осындай функция атқарады, алайда 2 аптадан кейін өтеді. Егер екі тест те бір­дей функцияны атқарса және оған қаты­сатын адамдар бір болса, алдағы уа­қытта кешенді тестілеуді өткізудің қа­жеттігі жоқ деуге болады.

Бұл мемлекет үшін өте үлкен шы­­ғын, өйткені комиссияны бір рет жіберіп, кейін қайта жіберудің қан­дай қажеттілігі бар? Бұл белгілі бір күш­терді, аудиторияны жұмылдыру сияқты мәселелерді күрделендіріп жібереді.

Жалпы алғанда, барлық өзекті мәселелер мұғалімдердің тамыз жиынында жан-жақты талқылануы керек. Жаңа оқу жылы педагогтар қауымы мен ата-аналар тарапына бірдей қолайлы жаңалықтарымен енгені дұрыс. Жоғарыда аталған ҰБТ мен КТ-ні біріктіру, ҰБТ өткізу процесінен мектеп мұғалімдерін босату, мектептерде сынама тестілерін өткізбеу, мемлекеттік білім гранттарын оқу тілдеріне бөлмей тағайындау сияқты мәселелер екі тараптың да талабын орындауды мақсат тұтуын қадағалаған жөн.

Тағы бір айта кетерлік жайт, бі­лім сапасын арттыру мәселесінде ауыл мен қала оқушыларының білім дең­гейінде едәуір айырмашылықтың жиі айтылатындығы. Министрлік бұл олқылықты түзеу үшін Дүние­жүзілік банктен несие алып, ауыл мек­тептерінің техникалық базасын жаңарту және мұғалімдердің білік­тілігін арттыру жайын қарастыру жөнінде пікір білдіруде.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»