Экономика • 09 Тамыз, 2018

Көмір неге қымбат?

1548 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, жаздың әр күні қыстың жүз күніне татитын маусымда қарбаласқа толы ел іші отын-суын, жем-шөбін қамдап қалмаса, әне-міне дегенше қылышын сүйретіп жетіп келетін қыстың қысылтаяң күнінде қысылып, қымтырылып қалатыны анық. «Ыршып жүріп ән салған шырылдауық шегірткенің» хәліне тап болмас үшін әсіресе жылыту маусымының жырына әзір болған жөн. Дегенмен жылыту маусымына дейін әлі екі-үш ай уақыт болса да елімізде көмір бағамына байланысты жыр басталды. Жылына орта есеппен 100 миллион тонналап көмір өндіретін Қазақстандағы отын саудасы қағажу көріп келе жатқан қарапайым шаруаның жанын оттай күйдіреді.

Көмір неге қымбат?

Міне, бүгінде көмірдің бағасы кей өңірлерде 17 мың теңгеге дейін көтеріліп отыр. Айталық, Шығыс Қазақстан өңірінде шілде айының соңында облыс әкімдігінің қатысуымен бекітілген меморандум бо­йынша көмірдің әлеуметтік бағасы – 8 350 теңге, бөлшек саудада – 8 800 теңге болуы керек еді. Алайда «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, алыпсатарлардың араны ашылып кеткенін байқамау қиын емес. Тіпті аталған облыстың екі ірі орталығы саналатын Өскеменде тұрғындар көмірді 8 800 теңгеден алса, Семейде тоннасы 7 400 теңгеге сатылуда. Ал шалғайдағы аудандарда 17 мың теңгеге дейін жеткен.

Бұл жағдай көмір сатушылардың шығындарына байланысты есептелген баға көрінеді. Өңірдегі тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бас­қар­масы энергетика бөлімінің басшысы Нұрлан Рамазанов алыпсатарлар көмірді төмен бағаға алғанымен, аудандарда өздерінің үстемесімен сататы­нын, басқарма мамандары бар­лық аудандағы бағаны бақылауы­ның мүмкін еместігін айтады. Яғ­ни жеке кәсіпкерлер бағаны өз­дері қояды. Ал көмір тапшы­лығы күзге қарай болуы мүм­кін, дейді ол. Қазір аталған өңір­дегі баға саясатына «Нұр Отан» партиясының жергілікті фи­лиалы араласпақ ниетте. Ал бүгінге дейін Шығыс Қазақ­станға 244 мың тонна көмір жіберілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124 мың тоннаға артық.

Жалпы, көмір тасы­мал­даудың негізгі операторы «Қа­зақ­стан темір жолы» ұлттық ком­паниясының «Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының мәлі­метінше, биылғы мамыр-шілде айларында көмір тасымалдау 2 миллион тоннаға жеткізіліп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда
35 %-ке артты.

Осы маусымда 850 мың тонна көмір тасымалданып, өткен жылмен салыстырғанда 74% жоғары көрсеткішті құрады. Соңғы үш айда Ақмола тұрғындарына және коммуналдық мекемелеріне 300 мың тонна қатты отын жет­кізілді. Бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 126 мың тоннаға жо­ғары көрсеткіш. Алматы облысына 456 мың тонна жіберілген. Яғни 194 мың тоннаға артық. Қарағанды, Оңтүстік Қазақ­стан облыстарына да көмір тасымалдау ісі қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

Яғни көмір жетіспеушілігі жоқ. Ал көмір бағасының қым­бат­тауына не себеп?

Оның үстіне жазғы маусым­да­ғы темір жолмен тасымалдау тарифі көтерілген емес. Мәселен «Қызылжар – Астана» бағдарымен бір тонна көмір тасымалдау құны 1719,9 тең­ге болса, «Дегелең – Жаңа Өске­мен» бағытына 1500,7 теңге тұ­ра­ды. «Дегелең – Семей» бағы­тына 824,5 теңге болып бекі­тіл­ген. Сондай-ақ биыл 1 тамыздағы мә­лі­мет­ке қарағанда, еліміздегі жылу орталықтарындағы тәу­лік­­тік көмір қоры нормадан жо­ғары. Айталық, Энергетика ми­нистрлігі бекіткен нормативке қа­ра­ғанда тәуліктік қор 20 күнге межеленсе, мұнда 39 күндік қор жасақталған.

Қазіргі таңда Көкшетау қала­сының жылу орталығына жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көмір жеткізу тоқтатылды. 1 қыркүйектен бастап айына 36 мың тонна көмір жет­кізілмек. «Қазақстан темір жо­лы» ҰК» АҚ бастамашылығымен жыл­ басынан бері барлық өңірдегі те­мір жол бөлімшелерінің өкілде­рі жүк жөнелтушілермен, жүк қа­был­даушылармен, жергілікті ат­қарушы органдардың өкіл­дері­мен, ірі көмір кен орын­дары­ның бас­шылығымен, жыл­жы­малы құрамның меншік ие­лері­мен кездесулер өт­­кізуде. Бұл кез­десулерде әкімшілік және жүк жөнелтушілерге әлеу­мет­тік маңыз­ды жүктерді тұты­ну­­­шыларға ерте жеткізу жайы талқыланды. Тұтынушыларға көмір отынын дер кезінде жеткізу үшін өңірлер жүк жөнелтушілерге уақытында көмір жеткізу туралы жоспарын беруі тиіс. Бұл өз кезегінде тасымалдаудың жыл бойы ретімен жүргізілуіне ық­пал етпек. Яғни күз түскенде көмірге қатысты дау-дамайдың алдын алуға болады. Қазіргі таң­да бекеттерде және көмір қоймаларында қатты отынның жеткізілуіне мониторингтік бақылау орнатылған. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еліміздің барлық өңіріне көмір жеткізуге қатысты вагондар саны жеткілікті екендігін хабарлады.

Ал еліміздегі көмірдің басым бөлігін өндіретін өңір – Қа­рағанды облысында былтыр 32 миллион тонна көмір өн­дірілсе, биыл бұл меже 38 мил­лионға дейін ұлғайтылады. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, соның ішін­де тұрмыстық қажеттілік үшін өндірілетін көмірдің көлемі – 4,8 миллион тонна болмақ. Әрине елімізде көмір Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында да өн­діріледі. Сондықтан қатты отынға де­ген қажеттілікті кен орын­дары да, тасымал қызметі де орындап отыр деуге болады. Бұлай болғанда, көмір бағасы негізсіз қымбаттамауы тиіс еді. Алайда көмір бағасын аспандатып жіберетін алыпсатарлардың қулығына құрық бойламай тұр. Бұл салада да баға саясатына қатаң қадағалау болмаса, қал­тасынан қағылатын қара­пайым халық болып қала бермек.

 

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»