Қазақстан • 13 Тамыз, 2018

Ұлттық лагерь ұшпаққа шығарады

840 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мектеп оқушыларының жадыраған жаз айларында демалып, денсаулығын нығайтып, білім көкжиегін кеңейтетін балалардың ұлттық демалыс лагерін ұйымдастырсақ, ұтымды тұстары қайсы? 

Ұлттық лагерь ұшпаққа шығарады

Енді осы көзқарас төңірегіндегі ұсыныстарымызды таратып көрелік. Алдымен, тәуелсіздігімізді алғалы 27 жыл өтсе де тұтас облыста бір лагерьдің болмауы жұқалап айтқанда ұят нәрсе. Ұлттық балабақшамыз бар, ұлттық мектебіміз бар, неге балалардың ұлттық демалыс лагері болмасқа?! Ондай лагерьді қазақтың ұлттық қолөнерінің бар байлығын сарқа жұмсап, құр­қылтайдың ұясындай жылы, хан ордасындай әсем етіп дайындауға болар еді. Тіпті жатын орындары киіз үй кейіптес болса дейсің.

Тоғыз ай бойы жасанды тағамдардан мезі болған мектеп оқушылары қазақтың ұлттық тағамдарымен азықтандырылса ағзалары өзгеше қуат алар еді. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «ағарған ішіп» қайтса. Қымыз бен шұбаттың, қазы-қартаның, жал-жаяның қадір-қасиеті туралы аз айтылып жүрген жоқ. Ұлттық балалар лагерінде осындай тағамдарды дастарқан мәзіріне енгізу арқылы ғасырлар бойы Алаш жұртының ақ дастарқанынан үзілмеген дәмді дәріптемес пе едік!?

Ұлттық балалар лагерінің жанында ұлттық спорт түрлері кең өріс алса. Тайға тақым тигізіп көрмеген қала балалары тұнық, таза ауада, көркем, ғажап табиғаттың аясында атпен серуендесе күретамырларындағы қалғып кеткен баяғы батыр бабаларымыздың аруақты айбаты ойнап, жігері артпас па еді. Тіпті ат үстіндегі аударыспақ, көкпар да балаларды шынықтыруға, шапшаңдығын арттыруға игі ықпал етер еді ғой. 

Балалардың ұлттық лагерінде сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ұлттық ойындар ойнатылса, алтыбақан құрылып, халқымыздың рухани байлығының баға жетпес байлығы – әсем әндері шырқалып, күйлері тартылса. Ұлттық лагердің тілдік, лингвистикалық бағыттағы пайдасы да орасан. Осындай ойындар ойналумен еркін қарым-қатынас жасалудың арқасында ана тіліміз жаңа бір сатыға көтерілер еді. Оны айтасыз, ұлттық лагерьде осы күні көп айтылып жүрген ағылшын тілінде сөйлесу стилін қалыптастыруға болады.

Тілші ғалымдар тіл үйренудің еркін формасының пайдасы туралы жиі айтып жүр. Ұлттық лагерьде коммуникативтік қабілеттерді дамытуға сара жол ашылады. Әртүрлі танымдық бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруға әбден болар еді. Кейінгі жас ұрпақ өңірдегі сан алуан ағаш, шөптің атауын да білмейді ғой. Міне, табиғаттың тылсымымен тілдесіп, тынысын аңғаруға тамаша жол ашылар еді.

Егер ұлттық балалар лагері ашыла қалса, облыс орталығындағы өлкетану, әдебиет және өнер, Мәлік Ғабдуллин атындағы мұражайлардың көшпелі көрсетілімін ұйымдастырып, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өлке тынысы, ұлтымыздың ұлық қайраткерлері туралы мол мағлұмат бере алар еді. Қазақ театры, облыстық филармония да қа­рап қалмас. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін алдымен материалдық-тех­ни­калық база, содан соң дайын кадрлар қа­жет. Екінші мәселені шешу оп-оңай. Көк­шетау қаласындағы Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогика кол­леджінің ұжымы сақадай-сай емес пе. 

– Мен 1966 жылы бүкілодақтық Артек лагерінде пионер жетекшісі болып жұмыс істедім,–дейді білім саласының ардагері Шияп Әлиев, – аға буын Артек лагерінің сол замандағы жер жарып тұрған атақ-даңқын жақсы біледі. Бұл лагерге кең-байтақ Кеңес Одағының ғана емес, алыс-жақын шетелдердің бәрінен келетін. Достық пен мәдениеттің ошағы еді. Ол заманда Артекке бару деген арман. Егер балалардың ұлттық демалыс лагерін ұтымды ұйымдастыра алсақ, оған тек озат оқушыларды жіберу арқылы білім саласындағы ынталандырудың бір жо­лын дүниеге әкелуге болады. Тіпті жал­ғыз жергілікті ұлт өкілдері емес, тіл үйре­немін деген, қазақ салтының салт-дәс­түрі, әдет-ғұрпын үйренемін деген өзге ұлт өкілдері балаларын да жіберуге болар еді. Мұның өзі тілді, мәдениетті дамытудың озық үлгісіне айналып, ұлттық үрдістің абыройы асқақтар еді. Былай қарағанда қолдан келмейтін де шаруа емес. Бұл ұлтқа бөлінудің емес, қайта тұтастықтың тамырын жаятын бастау көзі. 

Ұлттық балалар лагерінде туризм жолға қойылса. Айталық, Бурабайдың биігінен алты Алашқа 47 жыл билігін жүргізген Абылай ордасы, қазақтың соңғы қаһарман ханы Кенесарының үңгірі тәрізді тарихи жерлерді аралатып, тағылым берсе, отансүйгіштік тәрізді қасиетті тұма бұлақтың көзі ашылмас па. Ел ертеңі жас ұрпақ аз уақыт болса да ұлттық құндылықтардың ақ бесігіне бөленіп, тереңдегі тамырдан нәр алып, білім көкжиегін кеңейтіп бір жасап қалар еді. 

Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы