Тарих • 13 Тамыз, 2018

Генерал Жайсанып

824 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеңес дәуірінде жоғары дәрежелі әскери атақ «генерал» шеніне қол жеткізген тұңғыш қазақ Сабыр Рахимов. Бұл атаққа ол 1943 жылы 19 наурыз күні ие болыпты. Ал екінші қазақ генералы – Шәкір Жексенбаев мұндай мәр­тебелі шенге 1943 жылы 14 қа­зан күні қол жеткізсе, үшінші адам моңғолиялық қандасымыз, әйгі­лі әскери ұшқыш Жайсанып Мүкәріс­ұлы. Жәкең бұл атаққа 1944 жылы 28 сәуір күні ие болған. 

 

Генерал Жайсанып

Жайсанып генералдың өмір тарихына қатысты қисынды-қисынсыз әңгіме көп. Сондықтан біз архивтік құжаттарға сүйен­ген­ді жөн көрдік. Жәкең 1940 жылы Моңғол елінің тұрақты пар­ла­ментіне мүше болып сай­ланған екен. Осы кезде ескі ұй­ғыр-моңғол жазуымен және өз қолымен толтырған №69 анке­талық құжатында:

Сұрақ: Әкеңіздің және өз есіміңіз?

Жауап: Мукрас Зайсанов (Жайсанып).

Сұрақ: Жасыңыз және туған жылыңыз?

Жауап: 1910 жылы тудым, жасым 30-да.

Сұрақ: Ұлтыңыз?

Жауап: Ұлтым қазақ.

Сұрақ: Туған жеріңіз?

Жауап: Қобда аймағы (бұл кезде Бай-өлке аймағы әлі орнамаған), Ұлан-құс сұмыны, 5-ші ауыл.

Сұрақ: Оқыған біліміңіз?

Жауап: Кубанда атты әскердің мектебін бітірдім. Содан кейін ұшқыштар даярлайтын курсты оқыдым.

Сұрақ: Партия мүшелігіне қашан өттіңіз?

Жауап: 1929 жылы кан­ди­дат­тыққа, 1930 жылы мүшелікке өттім.

Сұрақ: Марапатыңыз?

Жауап: 1939 жылы Жауын­гер­лік Қызыл Ту орденімен марапатталдым.

* * *

Жоғарыдағы деректерге қоса­рымыз: Жайсанып Мүкәріс­ұлы 1929-1930 жылдары қазақтар қо­ныс­танған батыс өлкенің шекара зас­тавасында қызмет атқарып жүріп, 1930 жылы шығыс халық­тарына арналған КУТВ-қа (Ком­­мунистический университет­ трудящихся востока) оқуға жі­бе­­ріледі. Мұнда келген соң Мәс­кеудегі Моңғолия елшілігі ша­қырып алып, оған Кубандағы ат­ты әскер дайындайтын диви­зионға жолдама береді. 1933 жы­лы осы оқуын аяқтаған соң Моң­ғол үкіметі оны Орынбордағы ұшқыштар мектебіне оқуға келген моңғолиялық жастарға аудар­­машылық қызмет көрсетуге жұм­сайды. Жәкең моңғолдарға аударма жасай жүріп, өзі де ұшқыштың оқуын бітіреді.

1935 жылы оқуын бітірген соң өзі оқыған Орынбордағы ұш­­қыштар училищесінде ұстаз бо­лып қалып қояды. Екі жарым жыл осында шәкірт дайындайды. Орыс қызы Мария Петровнамен шаңы­рақ құрады.

Кешікпей Моңғол елінен «кері қайтсын» деген бұйрық алды. Себебі 1938 жылы 1 желтоқсан күні Монғол армиясының тарихында тұңғыш рет әуе күштерінің кү­шейтілген полкі құрылған болатын. Соған тәжірибелі басшы қажет еді. Әрі Халхин-гол маңында Жапон миллитаристерінің шабуылдау қауіпі төніп келе жатты. 1939 жылы Халхин-голда КСРО мен Моңғолия қарулы күштері бірлесіп жапондарға соққы берді. Соғысқа өз полкын бастап полковник Жайсанып та қатысады.

Халхин-гол шайқасында ге­не­ралдың қол астында қызмет ат­қарған ұшқыш Тұнға Дұғырұлы деген ардагердің естелігінде: «Жайсанып пен орыс азаматы, кеңесші-ұшқыш М.Комендатов басқарған біз С.Грецевич, Г.Крав­ченко, Я.Смушкович бас­таған (кейін үшеуі де Кеңес Одағының Ба­тыры атанды) мықтылармен қанаттасып, әуе шабуылы тарихында алғаш рет түн жамылып жау қорғанысын талқандауды жүзеге асырдық. Халхин-гол майданын әйгілі қолбасшы Г.Жуков басқарды. Соғыс аяқ­талған соң бас қолбасшы Жуков соғыста аты аңызға айналған командиріміз Жайсаныпты жеке қабылдап, Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапаттады» дейді.

* * *

Жайсанып Мүкәрісұлы 1942 жылдың 15 қазанында Моң­ғолия үкімет басшысының №00182 бұйрығымен Әуе қарулы күш­терінің қолбасшысы болып та­ғайындалады. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Ке­ңес Одағы жедел Жапонияға қар­­сы соғыс жариялады. Оған Моң­ғолия да қатысты. Осы жо­рықта Жайсанып басқарған Моң­ғол елінің ұшқыштары жапон­дарға қарсы әжептәуір соғысқан сыңайлы. Архивте сақталған жо­рық жазбаларының біріне: «Мүг­ден әуежайын басып алдық. «Супер» маркалы – 49 ұшақ, «Дюблестник» типтегі – 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші генерал-майор М.Жайсанып» деп, қол қойған.

Жапония жеңілгеннен кейін орыс-моңғолдың бір топ генералдарымен бірге Жайсаныпты И.Сталин Мәскеуде қабылдаған. Өз қолымен Кеңес Одағының «Жауынгерлік Қызыл Ту» ор­денін тапсырған. Осы оқиға туралы генералдың өз аузынан естігенін марқұм академик-ғалым Ислам Қабышұлы 1980 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Аймағым алтын ордам» атты естеліктер жинағында былай деп еске алыпты: «... орден тапсырып тұрып И.Сталин: – құрметті генерал, сіз қай ұлттан боласыз, – депті. Жайсанып: «Мен қазақпын жолдас Бас қолбасшы!» дейді таза орыс тілінде. Сонда И.Сталин:  «сізді мен сырттай 1939 жылдан бері білемін, аз халықтың үл­кен жүректі азаматы екенсіз, құт­тық­таймын!» депті.

1948 жылдың 28 маусым күн­гі мемлекет басшысы маршал Х.Чойбалсанның бұйрығымен генерал Жайсанып КСРО Әуе күштері академиясына оқуға жіберіліпті. Одан кейінгі өмірі күңгірт. 1952 жылы Х.Чойбалсан өлген соң генералды қудалау басталған. 1953 жылы біржола тұрып қалу үшін Алматыға ат басын бұрған көрінеді. Оған сол тұстағы саяси жағдай сай бол­маған.

Тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы даңқты ұшқыш жайлы өзінің естелігінде: «1965 жылы Жайсанып әскери госпитальда төсек тартып жатқа­­нын естіп іздеп бардым, генерал­дың сырқаты ауыр екен. Кезінде даңқты қолбасшы, аты аңызға айналған ұшқыш екенінен еш­қандай белгі жоқ. Ауруханада мед­бикенің қолына қарап қалған. Іздеп келген мені көріп кемсеңдеп: «Сен қазақ болғандықтан мені іздеп келдің ғой. Әйтпегенде, бүгін мені іздейтін адам қалмады. Ендігі жатқан түрім мынау» дейді (Қинаятұлы З. Көшпенділік ғұ­мыр. Эссе. Алматы: «Тарих тағы­лымы», 2010. 268-б).

Заманында қайтпас қыран, көк аспанның батыры атанған азамат 1965 жылы дүниеден өт­ті.­ Кейін өзі туып-өскен Бай-өлке аймағы Қызыл қайың ауылындағы мектепке ұшқыштың есімі берілді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»