Бизнес • 14 Тамыз, 2018

Бизнес пен ғылым тізе қосуға тиіс

679 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі АҚШ пен Аустралия сияқты елдер­де сыналған, сондай-ақ Еуропалық одақ елдерінде қолда­ны­латын дәлме-дәл егіншіліктің тәжі­рибесін қабылдап жатыр.

Бизнес пен ғылым тізе қосуға тиіс

Бұрын отандық аграрлық ғалымдар мен фермерлер тәжірибе жинау үшін мұхит асуға мәжбүр болса, қазір елімізде дәлме-дәл егіншіліктің үш көрсеткіштік тәжірибелік полигондары бар. Полигондардың біріншісі – Алматы облысындағы «Қаскелең агропаркі», екін­шісі – Ақмола облысының Шор­танды ауданында, үшіншісі – Қос­танайдағы «Заречное» тәжі­рибе шаруашылығы базасын­да орналасқан. Өсімдік шаруа­шылығы саласындағы бұл ғылыми полигондарды құрудағы негізгі мақсат – қарапайым фермердің өмірін барынша жеңілдету.

Аталған инновациялық жоба аграрлық секторды алға бастыруға тиіс. Ауыл шаруашылығы ми­нис­трінің бірінші орынбасары Арман Евниевтің айтуынша, қазір кез келген фермер осы полигондарға барып тәжірибелік жұмыстарды өз көзімен зерделеп, себу технологиясын игеріп, жаңа комбайндар мен тракторларды пайдаланып көре алады. Министрлік осыған ерекше назар аударып отыр. Арман Евниев бұл туралы: 

– Біздің ойымызша, бизнес пен аграрлық ғылым тығыз қарым-қатынас орнатуға тиіс. Ғалымдарға арнайы өтініш айтып, шаруаларға озық технологиялар туралы ғана емес, экономиканың жай-күйі жайлы да айтып беруді тапсырдық. Мәселен, егіншіліктің жаңа түріне кеткен шығындар қаншалықты ақталады? Сатып алынатын датчиктер мен құрылғылар, қосымша жабдықтар несімен тиімді? Осының бәрін фермерлер білгені дұрыс. Ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар мен смарт-фермалардың қолданылу аясы кеңеюге тиіс. Полигонға келген фермерлер өздері ғана үйреніп қоймай, алған білімдерін басқа фермерлік шаруашылықтарға үйрете алатындай дәрежеге жетуі керек, – деп түсіндірді. 

Бұршақ тұқымдастардан табыс көп түседі

Бұған дейін Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі Алматы облы­сындағы «Қаскелең агропаркінің» жұмысын егжей-тегжейлі та­ныс­тырған болатын. Шілде айын­да өткен Дала күні аясында агропарк аумағында америкалық John Deer компаниясының «пилотсыз» комбайны көрсетілгені белгілі. Бұл туралы бұған дейін хабарлағанбыз. Алайда сол жолы Алматыдағы агро­парктің негізгі қызметі отан­дық БАҚ-тың назарынан тыс қал­ған­дай кө­рінді. Әйтпесе агропарк­те қолға алынған соны бастамалар, аг­рар­лық секторы дамыған ел­дер­дің тә­жірибесінен алынған ин­нова­циялық жаңалықтар аз емес.

Жалпы, «Қаскелең агро­пар­кінің» негізгі жұмысы бидай мен арпа, соя және жүгері сияқты сұра­­нысқа ие дақылдарды өсіру бойын­ша жаңа технологиялар­ды қол­дануға бағытталған. Аг­ропарк­тің бас технологы Андрей Агеен­коның айтуынша, кешен аума­ғында жаздық арпаның гекта­ры­нан 50 центнерден артық өнім бе­ретін сұрыптары бар екен.

Алматы полигонында сояның да көптеген отандық және шетел­дік сұрыптары ұсынылған. Мы­са­лы, жергілікті «Ласточка» сұры­бын алайық. Андрей Агеенконың айтуынша, парк алаңдарында соя­ның осы түрі жоғары өнім береді, көрсеткіш әр гектардан 40 центнерден төмен емес. 

– Егер егістік алқабына назар салсаңыз, сұрыптардың ерек­шелігі түстерінен-ақ көрініп тұр. Гүлі, жапырағы, пішіні әртүрлі. Еуропалық селекцияда жеке ұсынылған Италиядан әкелінген «Луна» сұрыбы, әр гектардан 60 центнер өнім беруге тиіс, осы көрсеткішке жақындап қалдық, – деген А.Агеенко сояның сұ­рып­тары туралы айтып берді.

По­лигонда жүгері мен соя егуде нөлдік технология элементтері қолданылады. Нөлдік технология дегеніміз − себер алдында топырақты өңдемеумен байланыс­ты. Мәселен, пішен қалдықтары жауын-шашынды толық сіңіріп алатын, алқаптың бетін құрсайтын материал ретінде қолданылады. Суарылмаған, өңделмеген алқапта төселіп жатқан сабанды көтеріп қарасаңыз, астында жауынқұрт­тар жүргенін көресіз. Яғни топы­рақ сумен өңделмесе де, «дем алған», тірі ағза деген сөз. Пішен қалдықтары топырақты қызып кетуден және ылғалдың тез буланып кетуінен сақтайды. 

– Суарылатын жердегі соя мен жүгерінің өнімділігі орта есеппен гектарына 3 тоннаны құрайды, ал суарылмайтын учас­келерде әр гектарға шаққанда шамамен – 1,7-1,8 тонна шамасында. Бірақ екеуінің тиімділігі бірдей. Біріншіден, әр гектардың пайдалы әсер коэффициенті, яғни пайдасы артады. Егер бидайдан түсетін түсімнің айналымы гектарына 100 мың теңгеден аспаса, бұршақ тұқымдастарды еккен жағдайда бұл көрсеткіш 200 мың теңгені құрайды. Екіншіден, суарылмайтын жерлердегі соя, жүгері алқаптарының аумағын айтарлықтай ұлғайта аламыз, – дейді А.Агеенко.

«Қаскелең агропаркі» аума­ғында жаңа мал шаруашылығына қа­жетті азық да­қыл­дары да бар еке­­нін айта кету керек. Төрт түлік­ке жемшөп әзірленетін жүге­рінің түр­лері құрғақшылыққа төзімді, құ­ра­мында пайдалы элементтер көп. 

Агроғылымға ақша фермерлер арқылы жетеді

Бүгінгі таңда Ауыл шаруа­шылығы министрлігі ғылыми полигондардың жұмысын рес­публика көлеміне таратуға ниетті. Алдағы уақытта осы жұ­мысқа еліміздегі үш аграрлық уни­верситеттің студенттерін тарту жоспарланған. Тәжірибелік полигондардағы «пилотсыз» комбайндар, пилотсыз ұшу аппараттары – дрондар белсенді түрде пайдаланылады, алаңдардың рентгені кеңінен қолданылады. Бұл инновациялар ауылшаруашылық саласын дамытуға, өнімділікті арттыруға, шығынды азайтуға ықпал ететіні түсінікті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев: 

– Әлем автоматтандыруға және цифрлы жүйеге көшіп жатыр. Елі­мізде жыртылмаған, бос жат­қан ауылшаруашылық жер­лері көп. Бүгінгі таңда параллель жүргізілетін комбайндар отын және жалпы шығындарды азай­туға ықпал етеді. Егістік және өң­деу техникасы, компьютерлік бүрік­кіштер шығындарды үнем­дейді, қажетті жұмыс қолын азайтады. Себебі озық техникалар жерсеріктік координаттар, GPS жүйелер және басқа датчиктер арқылы адам күшінсіз, өздігінен жұмыс істей алады. Қажет кезде ғана суландыру жүйесі іске қо­сылатын заманауи суару жүйелері де сол сияқты. Бізге отандық ауыл шаруашылығын сапалы жа­ңа деңгейге шығару керек. Ал бұл үшін ең алдымен, өз сана-сезі­мін өзгертіп, жаңа технологиялар­ды қолдануға дайын адамдар қажет, – дейді. Яғни аграрлық универ­си­теттің студенттерінен осы талап­тарға жауап беретін маман әзірлеген жөн. 

Бірінші вице-министрдің айтуынша, егер фермерлер жұмыс істеп тұрған инвестициялық субсидиялау бағдарламасын пай­да­ланып озық техника, зама­науи құрал-жабдықтарды алатын болса, мемлекет оның шығын­дарының 25 %-ін өтеп беруді жос­парлап отыр. Жыл сайын тұтас топырақты өңдеу үшін сол гербицидтерге ақша жұмсауға болады, не болмаса осы препараттардың шығынының көлемін 90%-ке қысқартып, үнемделген ақшаға компьютерлік бүріккіштер алуға болады. Бұл бүріккіштер фо­то­элементтердің арқасында арам­шөптерді ажырата алады, сөй­тіп арамшөп бар жерге ғана арнайы ерітіндіні бүркеді. Яғни осы жұмыстың өзінен қыруар қар­жыны үнемдеуге болады екен. 

– Бүгінгі таңда еліміздің кей­бір өңірлерінде осы технологияны бірнеше жылдан бері қолданып келе жатқан компаниялар бар. Мәселен, «Атамекен Агро» компаниясы басшылығы 6-7 жыл бойы­на осы технологияны қолданып, жалпы шығынды 25%-ке дейін төмендеткенін, осы технологияны әдістемелік енгізудің арқасында табыс көлемі айтарлықтай өскені туралы айтты, – деді А.Евниев.

Ауыл шаруашылығының бі­рінші вице-министрі осы ведом­стводағы ахуал туралы баяндай келіп, бүгінде аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі жеткіліксіз деп санайтынын айтты. Мәселен, 2018 жылы осы мақсатқа бас-ая­ғы 5,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаржы 23 ғылыми-зерттеу инс­титуттың жұмысын жүргізуге, ға­лымдардың еңбекақысын тө­леу­ге, зерттеу жұмыстарын қар­жы­­лан­дыруға, дамыту жобаларына, тағы басқаларына жұмсалады екен. 

– Бұл көрсеткіш Қазақстанның ауыл шаруашылығының ІЖӨ-сі­нің 0,12 процентін ғана құ­райды. Салыстыру үшін мы­на­ны айтайын, ауыл шаруа­шы­лығы дамыған АҚШ, Кана­да, Аус­тралия, Франция, Герма­ния жә­не Нидерланды сияқты елдер агроғылымды қаржы­лан­ды­ру нормативін ауыл ша­руашы­лығының ІЖӨ-сінің 1-3 процентке дейінгі аралығында бекітеді. Біз­дің аграрлық ғылымға үнемі сын айтылатындығы түсінікті. Өйт­кені қаржының аздығына бай­ланысты білікті кадрлар басқа салаға кетіп жатыр. Жастар АӨК саласында ғылыми қызметпен айналысуға қызықпайды. Біз осы ахуалды оңалту үшін биыл технологиялық полигондар құру идеясын қолға алдық. Осы арқылы ғалымдарға бұл сала­да оң өзгерістер болатынын, олардың еңбегі сұранысқа ие екен­дігін айтқымыз келді. Үкімет ми­нистрліктің ұсынысын қолдап, тиісті шешім қабылдады, қосымша ша­мамен 10 млрд теңге бөлінді. Қар­жының негізгі бөлігі осы үш ста­ционарлық полигонды іске қосуға, сонымен қатар үш аграрлық университетті қолдауға бағытталып отыр, – деді А.Евниев.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрінің мәліметінше, 2021 жылға қарай аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің ең болмағанда 0,5%-іне дейін жеткізілуі тиіс деген арнайы индикатор орнатылыпты. Бұл аграрлық ғылымды қар­жы­ландыруды үш есеге арттыру көз­делгендігін білдіреді. Қар­жыны тиімді игеру, ол нақты өн­діру­шіге – фермерге жетуі үшін министрлік қаржыландыру сызбасын өзгертуді қолға алған. 

– Тиісті заңнамалық өзгерістер пакеті жасалып, Парламентке ұсы­ныл­ды. Депутаттар демалыс­тан шық­қаннан кейін олармен бірге осы бағытта жұмыс істей­тін бо­ламыз. Тізбек түбегей­лі өзге­реді. Жылдан жылға қар­жы­лан­дыру көлемін ұлғайтатын бола­­мыз. Фермерлерді ғалым­дар­­дың қызметін сатып алуға ба­ғыттай­мыз. Енді ғалымдар Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне емес, фер­мерлерге барып, өз­дері­нің техно­логияларын танысты­рулары керек. Егін, өсімдік, мал шаруа­шылығында өнімді мо­лайтуға, шығынды азайтуға мүм­кіндік беретін технологияларды фермерлерге өздері өткізуге тырысқаны жөн, – дейді бұл туралы А.Евниев. 

Оның пікірінше, ғалымдар фермерлерді ұсынылып отырған инновациялық технологиялардың пайдалы екендігіне көндіре алса, онда фермерлер оны сатып алуы керек. Сол себепті, бөлінетін қаражаттың 85-90 процентінің субсидия ретінде тікелей фермерге, яғни өндіріске жұмсалғаны орынды болмақ. 

Қалай болғанда да, аграрлық саладағы бұл өзгеріс ғалымдардың шенеуніктерге емес, фермерлерге көбірек көңіл аударып, олардың сұранысын өтеуге тырысуына ықпал етуі тиіс.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»