Абайдың туған күнін осы уақытқа дейін әртүрлі атап келеміз. Бірі М. Әуезовтің 10 тамыз дегеніне, бірі Қайым Мұхамедхановтың 23 тамыз дегеніне құлақ асады. Абайдың туған күні туралы жалғыз дерек – Әрхам Кәкітайұлының естелігі. Абай туған өңір мен Астана жұртшылығы 23 тамызды тұрақты Абай туған күні деп келеді. Әрхам естелігінде: «1845 жылы қалыпты әдет бойынша Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді» деп жазады. «Ескі стиль» – Кеңес үкіметі орнағанға дейін қолданыста болған юлиан күнтізбесі. Кеңестік халық комиссарлары кеңесі 1918 жылы 26 қаңтарда декрет қабылдап, елді календарлық жүйесін григориан күнтізбесіне көшіруге үкім етіпті. Қаулы бойынша сол жылдың 1 ақпаны бірден 13 ақпан болып белгіленген.
Григориан күнтізбесіне сәйкес Абайдың туған күні – 23 тамыз.