Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Әлисұлтан Құланбай. Мәңгілік Ел идеясының маңызды құрамдасы

478 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өмірден өткенше қолынан қаламы түспеген Әлисұлтан Құланбайдың редакция қоржынында қалған соңғы мақаласы ядролық қарусыздану тақырыбына арналған болатын. Сол шағын мақала аманат ретінде оқырман назарына ұсынылып отыр.   

Әлисұлтан Құланбай. Мәңгілік Ел идеясының маңызды құрамдасы

Кеңес Одағы осыдан 69 жылдай бұрын Семей полигонында алғаш рет ядролық қаруды сынақтан өткізді. Қазақстан тарихында бұл күн қайғы-қасірет әкелгенімен, мәңгі есте қалады. Халқымыз бен жерімізді улаған ядролық сынақ қырық жылдай уақытқа созылды. Осы полигонда 450-ден астам сынақ жасалыпты. Олардың жалпы қуаты Хиросима қаласына тасталған бомбаның екі жарым мыңына тең екен.

Дүние жүзінде қуат-күші жағынан екінші орында тұрған Семей ядролық сынақ полигонын жауып, тажал отын өшіру еліміз үшін оңай бола қойған жоқ. Оны «тұншықтыруға» Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесі өлшеусіз болды. Соның нәтижесінде кейбір «қысым-қарсылықтарға» қарамастан Президент 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық сынақ-полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойып, халқын ажал аузынан, жерін экологиялық апаттан арашалап қалды. Содан бері 27 жыл өтті, онда бірде-бір сынақ жасалған жоқ. Полигонның үні мәңгіге өшті. Сол күнгі Қазақстан халқының қуанышы, Елбасына деген шынайы алғысы шексіз еді.

«1991 жылы 29 тамызда біздің еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызы зор оқиға болды. Біздің же­рі­міз бен халқымызға 40 жылға жуық қасірет шектірген мили­та­ризмнің ең ғұламат сынағы ширек ғасыр бұрын заңдық тұр­ғыдан тоқтатылды», – деді Мемлекет басшысы 2016 жылғы тамызда өткен «Ядро­лық қарусыз әлем қалып­тас­тыру» атты халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде. Президенттің сол тағдыршешті шешімінен соң ядролық державалар да полигондарында сынақ өткізуді тоқтатуға мәж­бүр болды. Қауіп-қатердің қара бұлтын сейілту де дәл осындай еді. Өйткені – бұл еліміз халқының ондаған жылдар бойы күткен қалауы болатын.

Біздің еліміз кейін әлем бойынша төртінші орын алатын ядролық қару түрлерінен өз еркімен бас тартып, ха­лық­аралық қоғамдастықты тағы да таң қалдырды. Жасы­ратыны жоқ, сол кезде кей­бір «айтқыштардың» Қазақ­стан өзінің атом арсеналын ұстауға мүмкіндігі болма­ған­дықтан бас тартты, деген пікірлер айтқаны да есіміз­де. «Қазақстан уранның қоры жөнінен әлемде екінші орын­да, ал өндіру бо­йынша бірін­ші орында тұр, – деген еді Пре­зи­дент аталған оғаш пікірге байланысты. – Біздің еліміздің экономикалық әлеуеті кейбір «табалдырықта» тұрған мем­лекеттердің ішкі жалпы өні­мінен артық болатын. КСРО тарағаннан кейін бізде әскери ядролық бағдарламаларды жүргізетін мамандар да, қа­жетті инфрақұрылым да бар еді».

Расында да, Жер шарында тағы бір ядролық державаның пайда болуы сая­си ерік-жігер мен уақыттың еншісінде еді. Бірақ Қазақстан өзінің ерік-жігерін басқа мәселеде танытты. Осылайша, еліміз «Ядролық клубқа» мүше мемлекет болудан қағидатты түрде бас тартты. АҚШ және Ресеймен бірлескен мақсатта оқтұмсықтар мен жарылғыш құралдар залалсыздандырылды. Кейінірек, өңірдегі өзге елдермен бірге Орталық Азияны ядролық аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойылды. Ядролық қаруды таратпаудың және ядролық қарусызданудың жаһандық үдерісінің жаңа кезеңін бастап берді. Бұлай дейтініміз, 1991 жылдың 29 тамызына дейін ядролық қауіпсіздік саласында негізінен ядролық қару түрлерін шектеу шаралары ғана қолданылып келген болатын.

Анау бір жылы Жапо­ния­ның Фукусима АЭС-інде орын алған алапат апат бүкіл қоғам­дастыққа бейбіт атом кешен­дері мен нысандарында қауіп­сіздікті қамтамасыз ету тех­но­логиясында проблема­лардың бар екенін нақты түрде көрсетіп берді. Міне, бұл ядролық қауіпсіздік жүйе­сін қалыптастыру кезек күттір­мейтін өткір де өзекті мәселе ретінде қарастыру қажеттігін дәлелдеп отыр. Солай бола тұрса да, жекелеген мемлекеттер ядролық қаруға ие болу ниет­терінен таймай келеді. Рас, осы ғасырды ядролық энерге­тикасыз елестету мүмкін емес. Мамандардың пікіріне қара­ғанда, 2035 жылға қарай әлем­дік экономиканың энергия көз­дерін қажет етуі екі есеге артады екен. Сондықтан да атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану үшін оған БҰҰ мен МАГАТЭ-нің қатаң бақылауы қажет-ақ. Ал қазақстандық тарап жиі көтеріп жүрген ядросыз әлем ол – ядролық энергия­ны әскери мақсатта қолдануға толық тыйым салу дегенді білдіреді.

Бүгінде біздің еліміз жа­һан­дық ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысына айналды. Ядролық қаруға тыйым салу, оны сынақтан өт­­кі­зуді тоқтату, ядролық қа­уіп­сіздікті қамтамасыз ету мә­­се­­лелеріне байланыс­ты бас­та­малар да көтеріп жүр. Олар­­дың барлығы халық­ара­лық қоғамдастық тарапы­нан қолдау табуда, осын­дай өзек­ті мәселелер қарасты­рыл­­ған халықаралық жиындар да өткізіліп келеді. Елба­сы­ның G-GLOBAL идея­сы, ха­лықаралық «АТОМ» жо­ба­сы, «Әлем. ХХІ ғасыр» ма­ни­фесі осыларға нақты мысал әрі дәлел болып табыла­ды. Сон­дай-ақ Қазақстан Пре­зиден­тінің ұсынысымен БҰҰ 29 та­мызды Ядролық сы­нақ­­тарға қарсы іс-қимыл­дың ха­лық­аралық күні деп белгі­леді.

Қазақстан – ядролық қауіп­сіздік саласындағы барлық халықаралық шарттардың бел­сенді қатысушысы. Елі­міздің ядролық қарудан азат әлемге ұмытылысы – жал­пыұлттық Мәңгілік Ел идея­сының ма­ңызды құрам­дасы.

Соңғы жаңалықтар

Бие сүті емі

Тарих • Бүгін, 10:30

Ерекше есім-сой иесі

Абай • Бүгін, 10:20

Ақынның айрықша бейнесі

Елорда • Бүгін, 10:15

Дерек пен дәйек

Спорт • Бүгін, 10:10

Жүлденің ауылы алыс

Олимпиада • Бүгін, 10:02