Білім • 29 Тамыз, 2018

Бар байлықтың бастауы

437 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ғалымдар «Таяу болашақта қазіргі қолданыстағы маман­дық­тардың 70 процентке жуығы жойылады» деген тұжырым жасады. Өйткені адам қолымен жасалатын істің басым бөлігін жасанды интеллект иелері атқар­мақ.

Бар байлықтың бастауы

Технологиялық төңкерістер тез арада өмірімізге дендеп еніп, техника дегеніңіз көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда ғалымдар айтқан сөзге иланбасқа шара кем. Бұл құбы­лыстардың өзі о бастан адами ресурс­ты неғұрлым аз қолданып, жұмысты жеңілдетуге бағыт­талғанын білеміз. Бірақ осындай мінәйі себеп адамзатты жұ­мыссыз қалдыратын түрі бар. Ойласаңыз, зәреңіз зәр түбіне кетердей. Алдымыздан тағы да мәңгілік сұрақ шығады: не істемек керек?

Қалған күнде қалай қи­мыл­­дамағымызды қазақ бір­ауыз сөзбен түйіндепті. «За­маның түлкі болса, тазы боп шал». Яки енді әрекет «за­манына қа­рай амалы» ұста­ны­мымен дамуы қажет. Басқа жол жоқ. Бұл не бағыт? Өске­лең ұрпақты, әр үйд­ің үкілі үмітін дәстүрлі кәсіп­терге емес, қоғамға қа­жетті, өрке­ниет көшіне ілесе алатын, сұ­ра­ныстан жоғалып кетпейтін мамандықтарға баулып, майталман етіп тәрбиелеу. Әгәрәки, басқа ойыңыз болса, қарсы уәж айтуға мархабат. Дегенмен бүгінгінің білгірлері осы тоқ­тамға табан тіреп отыр.

Жаңа заманның талабы қатал. Тәртібі де басқа. Ер бол­­саңыз, бәсе­келестікке төтеп бе­­р­есіз. Ілесе алмай, екі өк­пең алқы­нып, ентігіп қалсаң, өзіңе ғана өкпелеуге хақың бар. Уақыт – сүрініп кеткенде қол­ты­ғыңнан демеп, сүйеп жібе­ретін әкең емес. Талапқа сай болмасаң, кірпігін де қақпай қасыңнан зыр етіп өте шығады. Маңдайыңнан сипамайды. Арқаңнан қақпайды. Ақылын айтпайды. Мына ақиқатты мойындайсыз ғой: біздің қоғамда адасып жүрген адам көп. Оқығаны бөлек, жұмысы мүлде басқа мамандар жайлы айтып отырмыз. Сонда төрт жыл уақытын сарп етіп неге білім алды? Зая кеткен уақытты есепке алмағанда, оның оқуы үшін мемлекеттен бөлінген қаржы құмға сіңген судай жоқ болды деген сөз емес пе? Біле-білгенге, бұл жүйесіздіктің, адамдардың өз болашағына немқұрайлы қарай­­­­тындығының, табақтай дипломды жан қалтаға басуды ғана мұрат еткен бағдар­сыздықтың белгісі. Сондықтан бізге заманнан оза жүруге, алдын орап отыруға тура келеді. Ұзақмерзімді басымдықты көздеп, жоспарлы, жүйелі жұмыс істеп, мақсатты еңбек ету арқылы ғана ұшпаққа шыға аламыз. Бұл үшін баланы жастайынан қажетті мамандықтарға тәрбиелеуді мақсат етіп қойғанымыз абзал. Яғни өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. «Өзің өзгермей өмірді өзгертемін деген бос әурешілік» тәмсілі сөзіміздің мәнін толықтай ашатын шығар.

Қайбір күні Қызылорда облысында ұстаздардың Тамыз кеңесі өтті. Осы мәслихат үстінде Қызылорда облысының әкімі Қырым­бек Көшербаев білім саласындағы жаңару мен жаңғыруға қатысты тың ой, жаңа бағыт ұсынды. Енді осы мәселеге қарай ойыссақ.

Адам капиталы басқа құн­­дылықтардың бәрінен де ба­ға­лы екені – аксиома. Ауыз ауыртып дәлелдеп жату артық дүние. Адам – өмір дамуының негізгі қозғаушы күші. Адам болмаса, басқа бар байлықтың құны көк тиын. Әрі-беріден соң, мұнайың таусылар, алты­ның сарқылар, басқа да қазба байлықтардың түбі көрінер күн болады. Ал адами капитал, ең алдымен білім беру арқылы қалыптаспақ. Сондықтан бұл саланы әлеуметтік қамсыз­дандыру, зейнетақы жүйесі, мемлекеттік басқару, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты шы­­­ғынды көп талап ететін салалармен бір қатарға қоймай, керісінше, мол қосымша құн қалыптастыратын инвес­ти­циялық сала ретінде қарау қажет. Жұмысты осыдан бас­та­сақ, ұтысқа шығарымыз анық. Әзірге олай болмаған соң, олақ мамандарды даярлаумен ғана отырмыз.

– Былтыр дамушы елдерде, соның ішінде Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлар арасында жүргізілген сауал­нама қорытындылары жария­ланды. «Қазақстанда жұ­мыс істеуге кедергі болатын басты фактор не?» деген сұраққа инвесторлар «жер­­­­­гілікті мамандар біліктілігінің төмендігі» деп жауап берген. Бұл фактордың кері ықпалы аталған сауалнамада сыбайлас жемқор­­лықтан да асып түскен, – деген мысал келтірді Қырымбек Көшербаев. Білімі төмен, білігі нашар маманды кім қажет қылады? Ең қын­жыл­татыны, мұндай үрдістің жастар арасында да белең алып бара жатқаны. Ал оның соңы жұмыссыздыққа әкеледі. Жұ­мыс­сыз жастардың қандай әре­кетке барғанын кешегі Денис Теннің қазасынан анық көрдік.

«Бұған дейінгі индустриал­ды замандағы білім берудің басты міндеті – жаппай сауат­тылыққа қол жеткізу болатын. Сондықтан мектеп балаларды топ-топқа бөліп, бәріне ортақ талап қоятын конвейер үлгісімен жасалды. Қазіргі мақсат ондай емес. Бүгінгі ба­ла­лардың дені мектепке сауат ашып, яғни әріп танып, санауды біліп келеді. Қазіргі міндет – әр баланың жеке қабілетін, қажеттілігін, мүмкіндігін ескере отырып оқыту. Оны «персонализация» дейді. Бұл міндетті шешу үшін мұғалімдердің санын күрт көбейту керек, ал бұл мүмкін емес. Оның жалғыз ғана баламасы – әр балаға бе­йім­деліп жұмыс істейтін ақпа­раттық технологияларды дамыту. Сондықтан түрлі жаңа форматтағы заманауи көзқарастағы кадрлар қажет. Бізге сол міндеттерді орындай алатын, жаңаша шешім қабылдайтын озық ойлы және креативті адамдар болу керек», деді Қ.Көшербаев.

Әрине мұндай талапқа бірден сай болу қиын. Оның үстіне технологияларды енгі­з­у және пайдалануға, мектеп­тердегі оқу бағдарла­масына кірмейтін ғылым саласында таланттарды анықтау мен қолдауға қажетті инфра­құ­рылым жетіспейтіні анық. Тіпті жоқтың қасы деуге де болады. Өңір басшысы бұл тұрғыда Ресейдің «Кван­то­риум» тәжірибесі қызық­ты­ратынын айтты. Бұл жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған және жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау, инновациялық технологиялар мен идеяларды дамыту, тестілеу және енгізу мақсатында құрылған балалар технопарктері. Мұны Мемлекет басшысының Жол­дауында айтылған балалар технопарктерін және бизнестің желісін құру жөніндегі мін­деттер аясында іске асыруға болады. Бұл үшін дарынды, ізденімпаз жастарға жаңа өнім жасауына қолайлы кеңістік құру қажеттігін де жеткізді облыс басшысы.

Білім саласындағы тағы бір проб­лема – жастардың ел­­­­де­гі білім беру сапасына көңі­лі тол­май, сыртқа ағылуы. Кей­бір де­ректерге сүйенсек, 75 мың қа­­зақстандық жас Ресейде білім алып жатыр екен. Оның сыр­тында тағы 130 мың студент түрлі бағдарламалар мен ақылы негізде шет елдерде оқиды. Ал енді осы балалар оқу­ын тәмамдағаннан кейін елге қайтып орала ма? Сыртта жиған білімін ел дамуына жұмсай ма? Бұл үлкен сұрақ. Көп­теген жастың шет елдерде қалып қойып жатқанын күнделікті өмірдегі мысалдар мен ақпарат құралдарынан біліп, көріп отырмыз.

«Біздің дарынды балаларымызды алып кетіп, өздерінде қалдыру үшін басқа облыстар ғана емес, басқа елдердің де таласы бар. Қазір қабілетті жастардың алдында шексіз мүмкіндіктер ашылды. Біз оны жасанды түрде шектей алмаймыз. Оларды алып қалу үшін оңтайлы жағдай жасаудан басқа амал жоқ. Яғни мектеп те, колледж де, университет те барымен тұйықталмай, әлемде бар білім мен жаңалықты алып келіп, оқушыларға ашып беруге міндетті. Бұған тағы да қазіргі технологиялар жақсы мүмкіндік береді. Біздің оқу орындарымыз осыны жасап жатыр ма?! Бұл да күмәнді. Бүгінде біз жол беріп жатқан кемшіліктің бірі осы. Мұның себебі, біздің білім беру жүйе­сінің жаңа заман талабына сай әлі де жетілмегендігінде және біздің бұл мәселеге әлі де дендей алмағанымызда», дейді Қ.Көшербаев. Барлық білім ошақтары өзінің жұмысын жаңаша құрып, заман талабына ілесіп, қажетті дүниелермен оң-солын қамтымаса, біз мықты маман даярлап шығара алмаймыз. Мойындауға тиіс ақиқат осы.

Қырымбек Елеуұлы осы ретте білім саласын жетіл­­­ді­руге қатысты ресейлік ғалым­­­­­­дардың зерттеулерін мысал­ға келтірді. Ресейдің страте­­гиялық зерттеулер орталы­ғы мен Жоғары экономика мектебінің мамандары адам капиталын дамытуға қатыс­ты он ұсыныс әзірлепті. Енді соларды назар­ларыңызға ұсынайық. Біріншіден, балаларды ерте жастан дамытуға жағдай жасалуы тиіс. 1-3 жас аралығында ата-ана мен тәрбиешілер жет­кіншек санасының қалыптасу ерекшеліктерін ескере отырып, бала дамуына қажетті барлық жағдай жасауға міндетті. Екіншіден, цифрлы дәуір мек­тебін құру қажет. Яғни қазіргі ақпараттық технологиялар мен білім беру мақсаттарын ұштастыру арқылы әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасалуы тиіс. Үшіншіден, мектептердің материалдық инфрақұрылымын күшейту керек. Яки мектеп ғимараты, сыныптары, лабораториялары мен құрал-жабдықтары заманға сай болуы шарт. Төртіншіден, білім беру жүйесі барлық балаға теңдей, сапалы білім алуға жағдай жасауы керек. Барлық мектептердің арасында сапа айырмасы болмауы қажет. Мектеп ішінде де балаларды алалауға жол беруге болмайды. Бесіншіден, мектептер мен колледждерде жаңа технологиялық білім мазмұнына жете көңіл бөлінуі қажет. Бұл робототехника, IT сауаттылық, крафтинг секілді жаңа бағыттар мен дағдылар. Алтыншыдан, аса дарынды балаларды анықтау, қолдау және олардың ілгері жылжуына жағдай жасау жүйесі. Бұл ретте Қазақстанда жақсы тәжірибе бар. Назарбаев зият­керлік мектептері соның бір мысалы. Жетіншіден, жасына қарамастан, барлық адам­дар­дың үздіксіз, ұдайы білім алуына, біліктілігін арттыруға және жаңа мамандық пен дағдылар игеруге жағдай жасау. Сегі­зіншіден, аймақтық жоғары оқу орындарының жергілікті жердегі инновациялық орта­лық ретінде дамуына жол ашу қажеттігі. Бұл үшін алды­мен мектептердің озат түлектеріне жер­­гі­лікті университетте қалып бі­лім алуына, ары қарай зерттеу­лермен айналысуына жағдай жасалуы керек. Тоғызыншы, мектеп бағдарламасының жаңа мазмұны, соның ішінде жан-жақты сауаттылықпен қатар балалардың денсаулығы мен өмір дағдыларын қалып­тастыру. Ең соңғысы, білім беру саласын дамытуға қажетті мамандарды даярлау, қайта даярлау және оларды ұдайы оқыту жүйесін дамыту. Бұл шын мәнінде аса өзекті мәселе. Ұстаздар мен білім беру ісін ұйымдастырушыларды да­йындау жұмысы түбегейлі түрде қайта қарауды талап ететіні анық. «Осы аталған он ұсыныспен бірге басқа да елдердің тәжіри­бесіне ден қойып, мүмкіндігінше, әр­қайсысын бөлек жобаға айналдырып, нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында білім басқармасы аясында жо­ба­лық басқару тетіктерін енгі­зу мүмкіндігін қарастыруды ұсы­намын», деген өңір басшысы білім бас­қар­масына шетелдік жобаларды мұқият зерт­теп, облыстық білім беру жүйесін же­­тіл­­дірудің жаңа жоспарын дайындауды тапсырды.

Тоқсан ауыз сөздің тобық­тай түйіні мынау: өркениет көші қазақ қашан қатарымызға қосылады деп қарап тұрмайды. Заманға сай дамымасақ, та­лапқа сәйкес білім саласын же­­­тілдірмесек, сұранысқа қа­жет­ті мамандарды даярлап шы­ғармасақ, алдыңғы қатар­лы елдердің қатарынан көрі­неміз деу бекершілік болмақ. Сон­дықтан етек-жеңімізді қым­тап, бүгіннен бастап сана­мызда өзгеріс жасап, өмір сал­ты­мыз­дың қалыбын бұзуы­мыз керек. Әйтпесе ертең кеш ­болады...

Ержан БАЙТІЛЕС,

журналист

Қызылорда облысы