Аймақтар • 29 Тамыз, 2018

Алматыда «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтті

619 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 27 жыл толуына және «Невада–Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының 30 жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» тақырыбында  кездесу-конференция өтті. Қазақ ұлттық аграрлық университеті ұйытқы болған іс-шараға «Жапония-Еуразия елдері» қоғамының  президенті Такеда Масанао бастаған делегация, «Қазақстан-Жапон» достық қарым-қатынас қоғамының президенті Жібек Әмірханова, екі елдің ядролық қаруға қарсы қоғамдық ұйымдарының белсенділері, БҰҰ өкілдері және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. 

Алматыда «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтті

Әлем елдерін тыныштық пен бейбітшілікке үндеген Қазақстанның жарқын бастамасы бүгінде жаһан жұртшылығына үлгі болып отыр. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша, бұл күн – Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілгені баршаға мәлім. Басқосу барысында «Ядролық қаруды жою қозғалысы туралы», «Хиросима мен Семей қалаларының арасындағы қарым-қатынас», «Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендердің бүгінгі жағдайы» тәрізді тақырыптар талқыланып, алдағы мақсаттар сөз болды. Зобалаңнан зардап шеккендердің медициналық, әлеуметтік жағдайына шолу жасалып, тажалдан ажал құшқан жапондықтарға арналып салауат айтылды.

– Жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартып, ядролық сынақ алаңын жабу мәселесі дүниежүзі бойынша ең бірінші Қазақстанда көтерілді. Қазақ жерінде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Бұл – ядролық қарудан жапа шеккен қазақстандықтардың ғана  мәселесі емес, бұл – әлем халқының жанайқайы еді. Осы халықтық бастамаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей қолдау көрсетіп, өз Жарлығымен Семей ядролық полигонын жапты. Арада 5 жыл өткенде республика аумағындағы барлық ядролық қарулар ел аумағынан шығарылды. Бүгінгі күні мемлекетіміз ядролық қарусыз елге айналып, әлемді бейбітшілік пен тұрақтылыққа бастап отыр. Ядролық қарудан келетін қасіретті сөзбен толық айтып жеткізу мүмкін емес. Ол – экологиялық апат, бүлінген топырақ,  жарамсыз су, ластанған ауа. Бұл қасіреттер жер бетіне қатер төндіріп, табиғат пен адамзатқа үлкен зиян келтірді. Жапониядағы Хиросима, Нагасаки мен Қазақстандағы Семей полигонында болған алапат ядролық жарылыстардың зардабын халық әлі де көріп келеді. Сондықтан, ядролық қарусыз әлем құру жер бетіндегі барша халықтың басты міндеті болуы тиіс, – дейді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов.

Халықаралық конференцияда  «Жапония-Еуразия елдері» қоғамының президенті Такеда Масанао «Жапон жеріндегі Ядролық қаруды жою қозғалысы туралы» баяндап, екі елге ортақ мәселелерді бірлесіп шешудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Хиросимадан Курокава Томиаки, Токиодан Ямада Таэ сынды жапондық делегация мүшелері тақырыпқа орай өз ойлары мен ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Аталмыш Университет Жапониялық әріптестермен рухани, ғылыми-инновациялық бағытта тығыз қарым-қатынас орнатқан. Оқу ошағындағы тәрбие жұмысы­ның тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жыл­дан бері «Олжас Сүлейменов атында­ғы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Институтта «Невада-Семей» тақырыбын қамтитын «Таза планета» музейі де іске қосылған. Оған қоса озық зертханалық технологиямен жабдықталған «Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы» да бар. Еске салсақ, Халықаралық бағдарламалар бойынша біріккен зерттеулер жүргізу мақсатында Жапонияның «JEOL» және «Shimadzu» концерндерімен жасалған Меморандум негізінде құрылған бұл орталық университеттің 80 жылдығына орай  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ