Медицина • 05 Қыркүйек, 2018

Лаңкестің қолынан қаза тапқан полицейдің жары үйсіз жүр

605 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жалғызбасты ана Әйгерім Ақтілеуова мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алудан үмітті. Оның жолдасы 2016 жылы Алматыдағы лаңкестік шабуыл кезінде қаза тапқан.

Лаңкестің қолынан қаза тапқан полицейдің жары үйсіз жүр

Әйгерім Ақтілеуова, Шымкент қаласы, 2018 жыл

Біз Әйгеріммен Шымкент қаласының орталығында жолықтық. Қазір Қазығұрт ауданы, Қарабастау ауылындағы ата-енесінің қолында тұратын ол Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына интернатураға құжат тапсыру үшін келген екен. Өзімен бірге 2 жасар қызы Раянаны да ерте келіпті.

– Ол уақытта жолдасым Мейрамбек учаскелік инспектор болып қызмет істеп жүрген еді. Үйленгенімізге бір ай толар-толмастан жолдасыма оқ тиіп, қызмет бабында қайтыс болды. Өзім Қызылорда облысының тумасымын. Полиция қызметкері болған әкем де кезінде қызмет бабында қайтыс болып, Шымкенттегі нағашыларымның қолында өстім, – деп еске алды өткен күндері жайлы.

Әйгерімнің айтуынша, 2016 жылы Мейрамбек пен Әйгерім Қазығұртта қазақтың салт-дәстүріне сай үйлену тойын өткізген соң, АХАЖ-ға некеге отыру үшін тіркелген. Сол жылы сәуірде күйеуі Мейрамбек Алмалы аудандық ІІБ-нен бір ай іс-тәжірибеден өткен соң, маусымның төртінде дипломын ала сала жұмысқа кірісіп кетеді.

– Ол кезде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде оқып жүрген едім. Құжаттарымды Алматыға ауыстыру мақсатында Ақтөбеге кеттім. Оған дейін ауылда үйлену тойымызды өткізген соң, 12 шілде Қазығұрт ауданының ХҚО арқылы Алматы қаласы, Алмалы ауданы АХАЖ бөліміне электронды түрде тіркелдік. Төлем түбіртегі сақтаулы, – дейді Әйгерім.

Әйгерім Ақтілеуова қызы Раянамен, Шымкент қаласы, 2018 жыл

2016 жылы 18 шілде күні Алматы қаласында лаңкес Руслан Күлекбаевтың құқық қорғау органы өкілдеріне жасаған атышулы шабуылы кезінде бірнеше полиция қызметкерлерімен бірге Мейрамбек Рахметуллаев та оққа ұшты.

– Күйеуім ауруханада 14 күн жатып, 1 тамыз күні қайтыс болды. Неке куәлігі 15 тамыз күні дайын болуы тиіс еді. Алмалы аудандық АХАЖ бөліміндегілер өтініш берушілер қатар келмесе, бірлескен өтініштің қабылданбайтынын айтып, шығарып салды. Осылайша неке қию туралы куәлік берілмеген соң, көптеген әлеуметтік көмектерді дер кезінде ала алмай жүрмін. Қайғылы жағдайдан соң денсаулығым нашарлап, бір жыл академиялық демалыс алдым. Ал балам аурушаң болып дүниеге келді. Қазығұрт аудандық сотына шағымданып жүріп, қызымды әкесінің атына жаздыртып, туу туралы куәлігін алдым, дейді Әйгерім.

Тұрақты тіркеуде кемі 3 жыл болу керек

Марқұм Мейрамбек Рахметуллаевтің отбасына Алматы қаласы әкімдігі 15 миллион теңге, қайтыс болу жағдайы және жерлеуге арналған өтемақыдан бөлек жиналған қаражат есебінен 11 миллион 500 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсеткен. Бірақ  Әйгерім Алматы қалалық әкімдігінің бұл көмегі жеткіліксіз екенін айтады. Ол жарының қызметін атқару кезінде оқ тигенін, сол оқиға кезінде көз жұмған өзге әскери қызметшілердің отбасына әлеуметтік қамқорлық ретінде Алматы әкімдігі тарапынан баспана берілгенін көлденең тартады.  Рахметуллаевтың зайыбы Алматы қаласынан үй алуға көмек беру туралы қала әкімдігіне бірнеше мәрте өтініш те жолдаған. Ал Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының басқармасы өз кезегінде олардың бұған дейін тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрмағаны себепті үй алу туралы талабының негізсіз екенін алға тартып отыр.

«Мұқтаждар есебіне қою үшін Алматы қаласында кемінде 3 жыл тұрақты тұруы, сонымен бірге меншік құқығында тұрғын үйі болмауы талап етіледі», дейді басқарма басшысының орынбасары Т. Әбілов.

Біз  Ішкі істер министрлігіне де қайрылдық. Олар «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 68 бабына сәйкес қызметкер қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда қаза тапқан адамның отбасы заңнамада белгіленген шарттар мен мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға құқылы екенін айтады. Ішкі істер органдарында арнайы үй қоры болмағандықтан министрлік Әйгерім Ақтілеуоваға үй бөлу туралы Алматы әкімдігіне қолдау хат жолдаған. Әйтсе де «тұрғылықты мекен-жай бойынша тұрақты тіркеуде кемі 3 жыл болу керек және үйге мұқтаждар есебінде тұруы тиіс» деген заң бабы жесірдің алдынан қайта-қайта айналып шығады.

«Әйгерімнің сотқа жүгінуге толық құқығы бар»

Әйгерім басындағы кепке қатысты заңгер Абзал Құспан тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгінуге толық құқығы бар екенін айтады.

«Әйгерімнің жолдасы Мейрамбекпен заңды некеге тұрғанын дәлелдеу үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 292-293 бабы бойынша сотқа арыз бере алады. Арызда тойдағы фотоларды, видео материалды, куәлерді көрсетуге болады», дейді заңгер.

Заңгердің сөзінше, Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының жауабы да толығымен заңды.

– Олар Әйгерім үшін құжат жинау жұмыстарын істеп бере алмайды ғой. Әуелі заңдық некеде болғандығын анықтап алу керек. Ал Әйгерімге тиісті әлеуметтік көмектерді алуы үшін ең алдымен Мейрамбек Рахметуллаевтың некелі жары екенін, одан баласының бар екенін сот арқылы анықтау керек. Осыны басшылыққа ала отырып, некеде тұрғаннан бастап бастарында үй болмағандығы туралы анықтамамен әкімдікке жүгіне алады. Жауап берілген жағдайда әкімшілік жауабын сотқа беруге болады. Бұл іс бір айда шешіле қалмайды, асықпай рет-ретімен іске асырылатын дүние, - деді.

Арқасүйер азаматы мемлекетті қорғау қызметі жолында қапияда қаза тапқан келіншектің бүгінгі кейпі осындай.

P.S: Бейбіт күннің сақшысы болған алматылық полицейлердің беймезгіл қазасы қоғамда үлкен дүмпу туғызғаны белгілі. Ал ел тыныштығы жолында өмірін құрбандыққа шалған қызметкерлердің соңында қайғы жұтып қалған жақындарына жұрт болып қолдау көрсету қоғамның белсенділігіне сын. Сондықтан батырдың жарына көмек қолын созып, қоғамдық қолдау көрсету біздің парызымыз деп түсінсек, қане...

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ