Медицина • 05 Қыркүйек, 2018

Ақмоланың «Атымтай жомарты»

505 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кең көсілген сары далада сарша сағым ойнайды. Төңіректің бәрі алтын түстес сарғыш реңмен боялған. Көз ұшындағы көгілдір тау жоталары төскейіндегі тәмам елге биіктікті меңзейтіндей. Ше­бер суретші салған, көркі көз­ суаратын әдемі суреттей тамылжыған табиғаттың мүл­гіген тыныштығын алқап тө­сін­дегі күзгі орақ дүбірі ғана бұ­зып тұр. 

 

Ақмоланың «Атымтай жомарты»

Әдемі үнімен, тұла бойың­ды қуанышқа бөлейтін құй­қылжыған күйімен. Әкелі-балалы Закусиловтар басшылық жасайтын қос серіктестіктің егістік алқаптары арамшөптен ада екен. Тіпті арасында жасырынып өскен жалғыз талы жоқ. Тап-таза, мөп-мөлдір. Қауызы дәнге толған бидай алқабы теңіздей толқып, ырғала толықсиды. Ырыс тұнған егістік алқаптағы дәнді екі білегіңді сыбанып жіберіп, өзің шапқың келеді.

Егіншілік мәдениетінің дәл осындай биік деңгейі оңай келмеген. Өтпелі кезеңде Максимов селосының тұрғындары да ал­ғаш­қыда тығырықтан шығар жол таппай қаңтарылып қалған. Міне, сол кезде 1982 жылдан «Мак­симовка» кеңшарының директоры болып қызмет істеп келген Александр Закусилов бар жауапкершілікті өз мойнына алған. Жерлестері де өздерінің жер үлестерін бұрыннан таны­мал, іскер басшыға сеніп тапсыр­ды. Ел тізгінін, жұрт жайын бұрыннан білетін байырғы басшы басқарса, далада қалмайтындарына сенген. Сол сенім ақталды да.

Жерлестері қолқа салған соң серіктестік құруға талпынды. Жаңа заманның талабына сай нарықтық қатынастарға көшпек. Әйтеуір, бір оңды жері кешегі кеңшардың қыруар техникасы өзге өңірлердегідей ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жоқ. Сабақты иненің сәтімен көктелуіне осы жай да көп-көрім демеу болды. Қазір әкелі-балалы Закусиловтар бас­шы­лық ететін «Свободное» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­­тігі 14132 гектар алқапқа дән­ді дақылдар тұқымын сіңірсе, «Мак­­симовка» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестігі 5185 гектар ал­­қапқа жайқалтып егін өсіріп отыр.

Әкелі-балалы Закусиловтар­дың есімі облыс жұртшылығына Атымтай жомарттығымен жақсы танымал. Тасы өрге домалаған екі шаруашылық елді мекеннің тұрғындарын жұмыспен толық қамтамасыз етіп отыр. Бір қуанарлығы, бұл жерде екі қолына бір күрек таба алмай бос жүрген адам жоқ екен. Барлығы да егін және мал шаруашылығын қоса өрістетіп отырған серіктестіктің арқасында тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалғыз жұмыс қана емес әлеуметтік жағдайларына да адам қызығарлықтай. Серік­тес­­тіктер білім, денсаулық сақ­тау, мәдениет нысандарын өз қам­қорлықтарына алып, айрықша жомарттық танытып отыр. Ауыл­дағы су жүйесін жөндеуді де өз мін­деттеріне алған. Жас ма­ман­­дар да назардан тыс қал­май­ды. Үстіміздегі жылы жас ма­мандарға арнап төрт пәтерлі үш үй салып берді. Соңғы он жылда бұл жерден сырт­қа бірде-бір адам көшпеген. Оны айтасыз, босағасына береке байланған шаруашылыққа сырттан көшіп келіп жатқандар көп. Уақытында еңбекақысы тө­ленетін, барлық әлеуметтік жағ­дайлары туғызылған жерге ел неге ұмтылмасын. Мұндағы жомарт жандардың жан жылуы төгілген орын – білім ошағы. Үсті­міздегі жылы «Свободное» жауап­­кершілігі шектеулі серік­тес­тігі орта мектепке күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізу үшін 100 миллион теңгеден ас­там қаржы бөліп отыр. Білім ордасының шатыры мен қа­быр­ғалары, еден, есік-терезелері, оған қоса желдеткіші, су құбыры, электр желісі толықтай жаңартылды. Білім ошағының жанында қаңырап тұрған ғимарат та қайта қалпына келтірілмек. Қауіпсіздікті ойлаған серіктестік бұған дейін мектеп ғимаратында орналасқан қазандықты да сыртқа шығарып берді.

– Күрделі жөндеу жұмыста­рын қыркүйек айына дейін толық аяқтап, барлық жағдайын жасап бердік. Жас ұрпақтың қамын біз ойламағанда кім ойлайды?! – дейді А.Закусиловтың үлкені.

Атымтай жомарттар жайын ойлаған жас ұлан биыл білім ошағын үлкен қуанышпен аттады. Әсіресе, мектеп табалдырығынан тарыдай болып енген 26 бірінші сынып оқушысы.

Жөндеу жұмыстарымен қатар Александр Закусилов мектептің жаңа оқу жылы салтанатында құны 3 миллион теңге тұратын құрал-жабдық тапсырып, ұстаз­дар қауымының мерейін тағы бір өсіріп тастады. Бұл жерде мектеп оқушыларының білім алуларымен қатар спортпен шұғылдануларына да жіті көңіл бөлінеді. Ынталандыру ісі де жолға қойылған. Салтанатты рәсімде спортта тәуір нәтижеге жеткен төрт оқушыға ұялы телефон табыс етілді.

Тағы бір жан жадыратар жаңалық болды. Орта мектептің Татьяна Маер және Юля Хорь­ко­ва есімді екі мұғаліміне Мак­си­мовка селосында серіктестік есе­бінен жасалған кең де жарық пәтердің кілті табыс етіл­ді. Қос мұғалім де серіктес­тік бас­шыларының осы бір жан­ашыр­лығына дән риза. Ұстаздар қауы­мы жазғы демалыс кезінде кімнің қайда барғандығын әңгімелеп жатыр. Айтатын жаңалық та аз емес. Мәселен, математика пә­нінің мұғалімі Татьяна Соло­дилова мен қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі Нәсима Жахина серіктестік директоры Александр Закусилов сатып әпер­ген жолдамамен Тайландта демалып қайтыпты. Тамаша емес пе!

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы