Медицина • 05 Қыркүйек, 2018

Шаңырақ неге шайқалады?

695 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қаланың қақ ортасындағы еңсесі биік, аумағы ат шаптырым мейрамхана. Биыл ғана пай­далануға берілген. Әзірге ең қымбаты да осы. Сағат екіге ша­қырса да, үштен аса бас сұқ­­тық. Асығысы жоқ, біздің ел осы­­лай жиналады. Кірсек кісі көп емес екен. Ошарылып он бес шақты жан отыр. Той иесі кө­зімізге түсе қоймаса да, жи­нал­­ғандармен иек қағысып аман­дасып, құтты болсын айт­тық. Той көпке ортақ емес пе!..

Шаңырақ неге шайқалады?

Дастарқанның үсті қайысып тұр. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Безендірілуі де өзгеше өңді екен. Кіре беріс дәліз де, кең залдың төрт қабырғасы да сонау қақ төрде отыратын жастардың орнына дейін гүлмен түрленіпті. Жай ғана қоя салмаған, ою-өрнекпен, айрықша талғаммен көрік берген.

– Осы безендірудің өзі 800 мың теңге тұрады екен, – деді орындықта бір жамбастай отырған мосқал әйел, – бір күндік қызық үшін соншама шашылып керегі қанша еді? Соңыра той біткен соң қалмай ма бәрі де аяқ астында.

– Балалардың бақыты үшін ғой, солардың қызығы үшін. Адам баласы өмір бойы жиған-тергенін осындай тойға жаратамын деп жинамай ма,–деді алғашқы әйелдің әңгімесін құлақ сала тыңдап отырған екінші келіншек.

– Содан балалар бақытты болып кетер деймісің? – деді сөз бастаған мосқал әйел.

Енді өнімсіз әңгімеге еркектер де араласты. Әдемі галстук байлаған қаба сақалды, елуді еңсеріп қалған азамат:

– Асабаның өзін Астанадан жалдаған екен. Автобуспен келе жатқан көрінеді. 16 адам дейді. Ішінде әншісі, бишісі бар үлкен ұжым екен. Екі миллион теңгеге жалдапты, – деп той барысынан біршама хабардар екендігін аңғартып тастады.

Жиналған жұрт тегіс таң­дайын қаққан. Әлгі Көкшетауға келе жатқан өнерпаздардың өнері емес, бағасына. Біздің жақта мұндай баға жоқ қой, асып кетсе 200, әйтпесе 300 мың теңге. Ал екі миллион теңге дегеніңіз сұмдық, тіпті.

Сүт пісірім уақыт өткен кезде мейрамхананың іші араның ұясындай болды. Топталып, әншейін уақыт өткізуге әрқилы әңгіменің басын шалған қоғадай қалың жұрт. Әлгі айтқан құны екі миллион теңгелік той бас­қарушылары да келіп жеткен. Асай-мүсейлерін құрып, дауыс­ қатайтқышты қайта-қайта тексеріп, дайындалуда.

– Жылқысы сұмдық семіз екен! – деді асхана жаққа барып қайтқан пысықтау біреу. Сере шы­­­­ғыпты. Қартасы төңкеріліп жатыр.

– Е, солай болатын жөні бар, «Жібек жолы» базарынан бес жүз мың теңгеге алды деген, – деді той иесінің көршісі.

Сағат бестен асып кетті. Қал­жырай бастадық. Қас қылғандай той иесі де көрінбейді. Түсіне алмай біз тұрмыз. Құдалардың да қарасын байқай алмадық. Елдің шеті сөгіле бастаған. Кей­біреулер бір айналып келе­міз деп, той басталғанда хабар­ласасыңдар деп тапсырып, өз шаруаларын ыңғайлауға аттанып жатты. Сәлден соң хабар да жеткен. Сұмдық, суық хабар. Естіген жұрт есінен танып қала жаздады. Әке-шешелерін бір-бірімізді сүйеміз деп, шаңырақ көтеретін болдық деп жақсы хабармен жадыратқан екі жас дәл тойдың алдында айнып қалыпты. Бірін-бірі ұнатпайды екен. Кеше ғана бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын сезімде болған екі жас енді бірін-бірі көргісі келмейді. Ал әке-шеше естерінен танып жатыр деседі. Енді қайтсін, шығыны өз алдына, еттен өтіп сүйекке жететін ұятын айтсаңызшы?..

Қызық-думанға кенелеміз деп келген жұрт ауыр ой арқа­лап қайтты. Шаңырақ көтер­ген­дердің көп ұзамай дәм-тұзы жараспай жататындығы да шын­дық. Кейін осы тақырыпты қаузағанбыз. Ақмола облысында 2017 жылы 5075 жұп шаңы­рақ көтерсе, соның 2560-ы немесе 50 проценті ажырасып кеткен. Қақ жартысы. Қаншама әуре-сарсаң. Басым салмағы ата-аналардың жүрегінде. Ал жастар ше?

– Жастар қазір өз тағ­­дыр­ла­рына жауапкершілікпен қарамайды. Өздерінің ғана емес, ата-аналарының да. Ер­­теректе мұсылман әйелдер ли­гасын құ­рып, жастармен жұ­мыс істе­дік. Жан дүниелеріне үңіл­дік. Сондағы байқағанымыз ғой, – дейді ардақты әже Рауза Бәй­кенова, – шын мәнінде ұл-қыз­­да­рының шаңырақтарының шай­қалуы ата-аналар үшін бақыт­сыздық. Жұрттың табасы да жүйкелерін жегідей жейді. Ма­териалдық шығын өз алдына, оны қойшы, ұяты өлтіреді емес пе? Ал сәбилерінің жазығы қан­ша, тумай жатып тірі жетім ата­натын. Осыны неге ойламайды екен.

Шаңырақтың шайқалуы се­бептерін індетуге тырыстық. Осы орайда жастармен жұмыс істеп жүрген психологтардың да уәжі көңілге қонатын тәрізді.

– Ең алдымен әлеуметтік-тұрмыстық жай әсер етеді, – дейді психолог Жанар Махамбетова, – тұратын баспананың болмауы, еңбекақының аздығы, балалар бақшасына ұзын-сонар кезек, тіпті сәбиді кімнің әке-шешесі бағатындығы да тағдыр таразысын басуға себепші. Жастар жарқырап киініп, жадырап жүргісі келеді. Қымбат пәтерден, қымбат көліктен дә­мелі. Қазір бұрынғыдай қол жет­кенге қанағат дейтін пейіл жоқ қой, егер ойға алған істері іске аспай қалса, бір-бірін кінә­лайды. Екінші бір мәселе, жастардың отау құруға психо­ло­гиялық тұрғыдан дайын емес­тігі. Бұл мәселеге жеңіл-желпі қа­райтындығы. Ертеректе «қай­тып келген қыз жаман» делі­нетін. Ата-аналары ондай әбес­тіктен күні бұрын сақтанып, перзенттерінің құлағына құйып отыратын. Құлағына ғана емес, көкірегіне. Қазір адамдардың пейілін материалдық игілік ба­­­сып кетті. Тіршіліктің тол­қын­дарында өмірдің қиын­дықтарымен өз бетінше күресуге қауқарсыз, жасық, күйреуік. Кез-келген кішкентай мәселені өз беттерінше шеше алмай, әке-шешелеріне қарайлайды. Ал олардың басым көпшілігі күнкөрістің қамымен өз бастары дал болып жүр. Үйлендірдік, тойын жасап бердік, енді өз күндерін өздері көрсін деп азар да безер болады. Жастардың отауы керегесін кеңейтіп, бо­сағасын бекіткенше көмек көрсете алмайды. Бұл да себеп болуы мүмкін.

Материалдық қиындық де­­генде, бұдан да қиын күн­дер­­де тойға бармап па едік?.. Тіпті өтпелі кезеңнің өзінде дәл мұн­дай сорақылық бола қой­ма­ған. Мәселен, 2008 жылы Ақмола облысында 5696 шаңы­рақ көтерілсе, соның 1767-сі, яғни 31 проценті ажырасқан. Мәліметке қарап отырсақ, ажырасу үрдісі жыл сайын көбейе берген. 2009 жылы 33, 2010 жылы 35 процент. Ең көбі 2016 және 2017 жылдары. Бұл жылдары жоғарыда айтқанымыздай, шаңырақ көтергендердің қақ жартысы ажырасып кеткен.

– Шын мәнінде қанша адам­ның тағдыр табыстырып, артынша бір-бірін көрместей болып айнып жатқанның өзін анықтау оңай емес, – дейді Жанар Ма­хамбетова, – қазіргі жастар аза­маттық некені дұрыс көріп жүр. Жауапкершілігі жеңіл, бір-біріміздің алдымызда ешқандай міндетіміз жоқ дейді.

Некеге отырмай бір шаңы­рақтың астында түтін түтету қазақ дәстүрінде бұрын-соң­ды бола қоймаған үрдіс. Неке­сіздерден некесіз перзент тумай ма? Жас толқын осы қалыппен өз тіршілігіміз өзімізге ұнайды деп тарта берсе, Алаш жұртының қақ жартысы некесіз туған ұл мен қыз болып кетпес пе екен?

– Баламыз үшінші рет үй­ленді. Алғашқыда некеге тұрған, кейін өзі қаламады. Екінші ке­лі­­німіз кетіп қалғанда ың-шыңсыз ажырасты. Пәтер баламның атында еді, кеткен келін үйде үлесім бар деп дәме еткен жоқ. Соны тәубе дедік, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Есенбай Қарабаев, – үшінші рет үйленгенде де некеге отырған жоқ. Баламнан сұрап көріп едім, керегі жоқ деді. Өйткені оның шағын да болса бизнесі бар ғой. Некеге отырса, соның қақ жартысын сыпырып алмай ма? Осылай түсіндіргесін біз де аса құлықты бола қойған жоқпыз.

Ел ағасына жетіп қалған Еса­ғаңның әлгі әңгімесінен түйген ой жастар құрған шаңырақтың ғұмырлылығы емес, өздерінің материалдық игілігінің қым­бат­тығы. Ал екі келіннің құшағында кеткен төрт бала ше? Олар қымбат емес пе еді?!

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы