05 Қыркүйек, 2018

Қаройды қайта көркейтпек

482 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» атты ма­қаласында «Туған жер» бағ­дарламасын қолға алуды тапсырып, «басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмыт­пай, оған қамқорлық жаса­ғысы келген кәсіпкерлерді, шенеу­ніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. 

Қаройды қайта көркейтпек

Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» деген еді. Мемлекет басшысының осы сөзі көптеген азаматтардың көкірегіне сәуле құйып, кіндік кескен мекендеріне деген са­ғы­­нышын еселеп, елімізде туған жер­леріне жақсылық жасау, қам­қорлық көрсету акциясы баста­­лып кеткен еді. Күршім ауданында­­ғы Алтайдың ете­гін­дегі, сулы-нулы Қаройдың сыртта жүр­ген, осында тұратын азаматтары да биыл ауылда бас қосып, бірқатар игі істерді қолға алыпты. Қарой мектебін әр жылдары бітірген түлектер бірлесіп, елді мекенге тойхана салып, ауылдың кіре берісіне арка орнатыпты. Ауыл сыртындағы бейіт­ті қоршап, ас беріпті. Ауыл аза­маттары туған топырағын тү­лету мақсатында арнайы қор ашып, сол қорға қаржы салып, жыл сайын өздері өскен мекенді көр­кейтуді жос­­­парлап отырған көрінеді.

Ең қуаныштысы, бұрын осы ауылда тұрып, мектеп бітіріп, өсіп-өніп, бүгінде еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп жүрген кәсіпкер азаматтардың туған топырақтарына бет бұрып, елді мекендегі елді ыдыратпай сақтау үшін шаруашылық ашып, жерлестерін жұмыспен қамтуға ниет білдіріп отырғандары. Мәселен, Қаройдың тумасы, қазір Алматыда тұратын кәсіпкер Жомарт Сайболатовтың өз ауылын қайта түлету үшін жылқы және қаз шаруашылығын ашпақ ойы бар. «Алатаудың баурайында тұрсақ та, туған жеріміз – Алтайымыздан кіндігіміз үзіл­ген жоқ. Қаройдың жазы салқын, қысы жылы. Суы мол, шөбі қалың. Жылқы өсіруге өте қолайлы.

Қаройдың маңында бұлақ көп. Сол бұлақтарды бөгеп, шағын су қоймасын жасап, қаз асырауға болады. Жазы жаңбырлы. Егін егуге де болады. Бұл жақта бал арасын өсіруге де мүмкіндік мол. Қарой өңірінде 40-тан астам гүл гүлдейді. Әр­түрлі шөптен неге бал жи­намасқа? Өзім Қаройға 40-50 ағылшын тұқымды биелерді әкелсем бе деген ойым бар. Қазір Ертіс жағасындағы Боран ауылында қаз өсіріп отырмын. Соны ақырындап туған ауылыма көшірсем бе деген жоспарым бар», дейді кәсіпкер.

Осы ауылдың тағы бір тумасы, бүгінде Алматыда тұра­тын кәсіпкер Нәсимолда Ба­кин Қаройды жандандыру үшін ал­матылық достарымен бірле­се марал шаруашылығын аш­қысы келетінін айтады. Әри­не, шаруашылық ашылса, бірін­шіден, ауылдың бірнеше тұр­ғыны жұмыспен қамтылып, екіншіден, мемлекетке де са­лық түсетіні анық. «Жұрт Ка­тонқарағайға не үшін барады? Бұғы мүйізінің бұлауына түсу үшін, емделу үшін барады. Катон мен Марқакөлдің табиғаты бірдей. Осындай емдеу орнын неге Марқакөлде ашпасқа?

Биыл жазда елге келгенде Марқакөлдің сай-саласын асықпай аралап шықтым. Сонда кезінде Марқакөлдің бүкіл кеңшары жылқысын бағып, егін еккен құнарлы жерлердің қараусыз, ен жатқанын бай­қа­дым. Бірақ сол жерлердің бәрін кеңшар тарағаннан кейін ауыл адамдары ұзақ жылға жалға алған. Өздері баяғыда қалаға, Өскеменге көшіп кеткен. Жерді сұрасаң, «менікі» деп шыға келеді. Өздері не мал ұстап отыр­ған жоқ, не шөбін шауып отырған жоқ. Мемлекет соның бәріне инвентаризация жасап, кімнің жерді пайдаланып, кімнің пайдаланбай отырғанын анықтаса, жерді дұрыс пайдаланбай жүрген тұрғындар Үкі­метке қайтарып берсе, ауылға көмектесеміз, марал шаруа­шы­лығын дамытамыз деп отырған іскер жігіттерге айдаладан емес, сұраған жерлерін беруге қол­дау көрсетсе жөн болар еді. Мә­селен, алматылық азамат­тар марал шаруашылығын Қал­жыр өзенінің маңынан ашқысы келеді. Биыл жер мәсе­лесі ше­шіл­се, олар іске кірісуге әзір», дей­­ді туған ауы­лының жанашыры.

Алматыда жүрсе де, Алтайын әркез естен шығармайтын азамат туған жердің төскейін бірнеше күн аралағанда көзімен көрген келеңсіз көріністерге жүрегі ауырғанын да жасырмады. «Қаройдың маңындағы Батпақ, Алтынбұлақ, Шаңдыбұлақ, Көкқайнар деген жерлердің бәрін араладым. Жер-көктің бәрін қазып, пәленбай мың гектар жерді талқандап тастаған. Алтын қазған ба, құрт қазған ба? Бағалы тастар алған ба? Әйтеуір ойына келгенін істеген. Күршім ауданының әкімдігі қайда қарап отыр? Қазсын, бірақ орнын тегістеп кету керек қой. «Қаршыға» кен орнынан шыққан жүк көліктері жолды бұзып жатыр. Ақбұлақ ауылында айналдырған 35 үй болса, соның бірде-бір адамын жұмысқа алмаған. Туған жерің болғаннан кейін осының бәріне жүрегің ауырады», деген кәсіпкер алдағы уақытта Қаройдағы ескі үйлерді күреп, ауылдың ортасы­нан ағатын өзеннің жағасына қарағай көшеттерін отырғызу­ды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Қаройдан шыққан тағы бір азаматтар ауылды сумен қамтып тұрған Аққайнар бастау суының құрамын тексертіп, минералды емес, ауыз су ретінде пайдалануға болатынын дәлел­деп, ауыз су шығаратын шағын зауыт салу мәселесін ойластырып жатыр екен.

2007 жылы осы ауылдан мектеп бітірген, бүгінде Аста­на­да тұратын Рүстем Шөке­та­ев есімді жігіт биыл әке-шешесін ауылға көшіріп әкеп, екі бауырын мектепке оқуға бе­ріпті. «Шаруашылық ашып, мал өсірсем бе деген ой бар. Ке­лесі жылы ауылға өзім көшіп бар­мақпын. Балаларым әлі кіш­кене. Сабаққа енді барады. Ке­ле­шекте солардың бәрін ауылда оқытсам ба деймін», дейді Рүстем.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы