Ауыр атлетика • 05 Қыркүйек, 2018

Толағайлар қатары толығып келеді

475 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан ауыр атлетикасының өрлеу кезеңі Қайрат Тұрлыхановтың есімімен тығыз байланысты. Іскер басшы республикалық федерацияның тізгінін ұстаған жылдары отандық зілтеміршілер халықаралық аренада орасан зор табысқа қол жеткізіп, түрлі-түсті медальдарды «күреп» алды. Талай алпауыттардың шаңымызға ілесе алмай, артымыздан сығалап қалғаны да күні кеше ғана еді. Тіптен, Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары секілді мәні зор, мәртебесі биік, бәсі бөлек байрақты бәсекелердің командалық есебінде Қазақстанның ұлттық құрамасы үнемі үздік үштіктің қатарында жүрді. 

Толағайлар қатары толығып келеді

Қысқа ғана мерзім аралығында Қазақ­стан ауыр атлетикасының осындай биікке көтерілуі осы спорт түрінде жеңіс­пен өрілген бай дәстүрі бар көпте­ген мем­лекеттің қытығына тисе керек. Біреу­лер қызыға қараса, біреулер қыз­ғана бастады. Бір ғана мысал: Лондон Олим­пиа­дасында жерлестеріміз орасан зор табысқа қол жеткізгенде Ресейдің Спорт министрі Виталий Мутконың БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында: «Мені ауыр атлетикадағы қазіргі жағдай қатты қынжылтады. Сонда Қазақстан әлемдік ауыр атлетиканың астанасына айналғаны ма? Жылдар бойы айтулы елдің зілтеміршілерін ешкім бақылаған да, қадағалаған да жоқ. Нәтижесінде олар әрбір жарыс барысында таңдай қағарлық нәтиже көрсетуде», деп тістене сөйлегені есімізде

Онсыз да Қазақстанға жиі келіп, әрбір қадамымызды аңдып жүрген Халық­аралық допингке қарсы күрес агент­тігі (ВАДА) ақыры «ілік» тапты. Қисы­ны келсе де, келмесе де «рұқсат етіл­меген дәрі-дәрмектерді пайдаланды» деген айыппен талай мықты отандас­тарымызды атақ-даңқынан айырып, маңызды жарыстардан шеттетті. Ол аздай, ұлттық командамыздың дүбірлі додаларға қатысуына шектеу қойды. Бірақ бұл жағдай біздің елдің жігіттерінің жігерін жасыта алмады. 2016 жылы Рио­да алауы тұтанған Олимпия ойындарына Қазақстанның шоқ жұлдыздары қа­тыс­пағанымен, жалынды жастар өз жанкүйер­лерін жерге қаратқан жоқ. Зілте­мір­ші­леріміз бұл додада 1 алтын (Нижат Рахимов), 1 күміс (Жазира Жап­парқұл) және 4 қола (Карина Горичева, Фархад Харки, Денис Уланов, Александр Зайчиков) медальды олжалап, командалық есепте бесінші орынға табан тіреді.

Бүгінгі таңда Қазақстан ауыр атлети­ка­сының болашағына барша жанкүйер­лер алаңдаулы. Себебі бірқатар белді зіл­теміршілердің үлкен спорттан шет­тетілу мерзімі әлі аяқталған жоқ. Оның үстіне, осы іске тікелей жауапты халық­аралық ұйымдар Қазақстан құрама командасына оң қабақ танытпай отыр. Олар 2020 жылы алауы тұтанатын Токио Олимпиадасына Қазақстаннан екі ауыр атлет қатысса да жеткілікті деген үкімін әлі өзгерткен жоқ.

Қалай болған жағдайда да Қазақстанда бұл спорт түрі құлдырамайтынына сенім­діміз. Оған біз жуырда ғана Талдықо­р­ғанда өткен ел біріншілігінде анық көз жеткіздік. Шектеу мерзімдері аяқталып, үлкен спортқа қайта оралған Зүлфия Чиншанло (55 кило) мен Илья Ильин (102 кило) әлі де бабында екендерін тайға таңба басқандай етіп дәлелдеді. Екеуі де еш мүмкіндік берместен, өз қар­сыластарынан көп озып кетті.

Рио Олимпиадасында жүлде алған Фархад Харки (67 кило), Денис Уланов (89 кило) және Александр Зайчиковтың (109 кило) да үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Соңғы кездері көзге түсіп жүрген спортшылар арасынан Рустам Сыбайды (96 кило) ерекше атап өтуге болады. Кезінде жасөспірімдердің Дүниежүзі­лік Олимпиадасында қола медальды иеленіп, ерлердің Азия біріншілігінде топ жар­ған тастүлек Талдықорғанда өте тамаша өнер көрсетті. Салмағы Илья Ильиннен бір дәреже төмен болғаны­на қарамастан, ол даңқты спортшымен иық тіресуге жарады. Қоссайыстың қорытындысы бойынша Илья 380 (172+208) келілік, ал Рустем 378 (171+207) келілік зілтемірді еркін еңсерді.

Қазақстан чемпионаты барысында тосын нәтижелер де тіркелді. 81 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпазы, 2015 жылғы әлем чемпионы Нижат Рахимов осы жарыстың басты фавориті саналды. Алайда 2015 жылғы Азия біріншілігінің жеңімпазы Айдар Қазов аса шиеленісті тартыста атақты қарсыласының алдын орады. Нижаттан төрт келі артық салмақты көтерген Айдар алтын тұғырдан қол бұлғады.

Мамандар мен жанкүйерлердің барлығы да 64 кило салмақтағы сайыс­та Карина Горичева бас жүлдені талассыз алуға тиіс деп ойлады. Бірақ көпшілік қателесті. Олимпиада мен Дүние­жүзілік Универсиаданың жеңіс тұғы­рына көтерілген әйгілі спортшы бұл бәсе­кеде құрлық біріншілігінің қола жүл­дегері Әсем Садықоваға есе жіберді. Тал­дықорған төрінде Әсем Каринадан бақандай 20 келі артық салмақты еңсерді.

Міне, Талдықорғанда өткен ел чемпионатында осындай да оқиғалар болды. Бірнеше күнге созылған бәсекелер барысында біз отандық зілтеміршілердің бо­йынан жеңіске деген ерекше құштар­лықты байқадық. Жас өрендердің өздері атақ­ты қарсыластарынан қалыс­пау үшін барын салып айқасты. «Өліспей беріспеу­ге» бекінгендер де жетерлік. Ал ең бастысы, Жетісу өңірінде өткен жарыс Қазақстанда жалынды жастардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанын аңғартты. Қазақстанның ауыр атлеттері бойындағы дәл сол зор құлшынысты біз алдағы уақытта өтетін Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары барысында көргіміз келеді.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»