Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Қаражыра көмірі қайда жөнелтілуде?

1591 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов шаһарды жылумен қамту маусымы алдында «Қаражыра» ЖШС-інде болды. «Қаражыра» ЖШС-нің бас директоры Марғұлан Мақышевтың айтуынша, кеніште көмір қоры жеткілікті болғанымен соңғы екі айда қатты отынды таситын вагондар жетпей жатыр. Ал қыр астында қылышын сүйретіп қыс келеді.

Қаражыра көмірі қайда жөнелтілуде?

– Маусым айына дейін біз көмір жеткізуде тоқтаусыз жұмыс істеген едік, – деді бас директор  Марғұлан Мақышев. Тек соңғы екі айда жылдық жоспардан едәуір кешіге бастадық. Егер өткен жылы 7 млн тонна көмір шығаруымыз керек болса, биыл бұл көрсеткіш 8 млн тонна  шамасында деп белгіленген. Соңғы екі айда вагон жетіспеушілігі салдарынан көмірді жеткізе алмай жатырмыз. Жылдық көрсеткішті де орындай алмай қаламыз ба деген қаупіміз бар. Сол үшін облыстық әкімдікке де шықтық. «Қазақстан темір жолы» басшылығына да мәселені жеткіздік. Олар Өскеменде өткен жиналыста вагондарды жақын арада жеткілікті береміз деп уәде етті. Сондықтан екі есе жұмыс істеп,  тез арада орын алып отырған олқылықтардың орнын толтырамыз деп ойлаймыз.

Директордың маркетинг жөніндегі орынбасары Әсет Сыдықовтың айтуынша, қазір қоймада 100 мың тонна көмір дайын тұр. Көмір қазуда техникалар жеткілікті, себебі инвестициялық бағдарлама арқылы 9 миллиард теңгеге 6 БелАЗ және Hitachi экскаваторлары сатып алынған. Биыл жыл басынан бері қарай 7 ай ішінде вагон жетіспеушілігіне қарамастан 3 миллион 843 мың тонна көмір тиелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 860 мың тоннаға артық.

– Иә, 2017 жылдың қыс маусымында Семей қаласы ғана емес, Қазақстан бойынша көмір жетпей қалғаны есте. Майқұба, Сарыадыр тұстарында көмір шығару жұмыстары біраз кешеуілдеді. Банктегі мәселелерге орай көптеген кедергілер де шықты. Сөйтіп Солтүстік Қазақстан және орталық өңірлерде көмір тапшылығы туындады. Біз сол кездері 200 мың тонна деп жоспарлаған коммуналды шаруашылыққа арналған көмірді 800 тоннаға артық тиеуге мәжбүр болдық. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Астана, Талдықорған, Алматы өңір­лері көмірге зәру болды. Сондықтан көмір тапшылығы ел бойынша байқалды. Өткен жылдың оқиғаларынан сабақ ала отырып, облыс бойынша жұмыс штабы құрылды. Қазір біз штабтағы жоспарлар бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді Ә.Сыдықов.

Алдағы уақытта аудан, қалаларға көмір жеткізетін кәсіпкерлер бағаны өсірсе айып­­­­пұл төлейтін болмақ. Бұл мәсе­­лемен жер­гілікті монополияға қарсы департамент айна­­­лыспақ­шы. Об­лыстық Энергетика басқар­масы­ның мәлі­меті бойынша, Қаражырадан шыға­рыл­ған көмірдің тоннасы 6200 теңге болып белгі­лен­ген. Өскеменде көмір бағасы тоннасына – 8800 теңге, әлеуметтік баға – 8300 теңге, ал Се­мейдегі бекеттерде  7400 теңге болуға тиіс.

Тамыз айынан бастап «Қаражыра» көмір қойнауынан Шығыс Қазақстан облысының қысқы тұрмыстық қажеттілігі үшін қара алтынды тиеуді 68 мың тоннаға жеткізу көзделген. Бұл – тәулігіне 40 вагон көмір. Оның тең жартысы Өскемен қаласының қажеттілігіне жұмсалады. Сондықтан облысты түгел қамту үшін «Қаражыра» АҚ көмір өндірісін 68 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отыр. Ал қыс маусымын дұрыс жағдайда өткізу үшін жалпы өнім көлемі 7,6 млн тоннаға жеткізілмек.

Биыл жыл басында облыс әкімдігі, темір­жолшылар және «Қаражырадағы» ірі жүк тасымалдаушылары былтырғыдай  көмір же­тіспеушілігі орын алмас үшін алдын ала жаз маусымында шаналарын сайлап,  қам­­да­нып отыруға келіскен еді. Сондықтан 2018-2019 жылға арналған қыс маусымының отын-суы дайын болуы үшін тұтынушылар ара­сында ақпарат жұмыстарын жүргізу өте өзекті.

Мамандардың айтуынша, Семей қаласы бойынша биыл қыста көмір жетіспеушілігі орын алмайды. Десек те, жыл сайын көмір бағасының қымбаттауы көрініс беруде.

– Тұрғындар қыста үйлерін жылыту үшін көмірді кімнен сатып алатындықтарына өздері таңдау жасайды, – деді қала әкімі Ермак Сәлімов, – көмір бағасы нарық жағдайында біраз көтерілетіні рас. Бірақ біз тұрғындарға жағдай жасауымыз керек. Халыққа көмірді тиімді бағада жеткізіп беретін кәсіпкерлер атсалысса дейміз. Тағы бір мәселе, осы уақытқа дейін көмір тасып, жеткізіп жүрген делдалдарды анықтау керек. Алыпсатарлардың көмірді қымбатқа сатуына тосқауыл қою қажет. Қала әкімінің есебі кезінде 14 ауылдық округті аралап шықтым. Бірде-бір адам көмірді осындай бағаға аламыз деп шағымданбады.

Соңғы кезде көмірді Қарағанды, Пав­лодар облыстарынан да бірлі-жарым тасымалдаушылар бар.

– Өткен жылы көмір жетпей қалған кезде көмір тиеуге келген әр бесінші көліктің Павлодар облысынан келгенін байқадық. Десек те, Павлодарда көмір өндіретін 8 өнді­ріс орны бар, – дейді «Қаражыра» АҚ бас директоры Марғұлан Мақышев, – олар­дың көмірді бізден  тиеуінде бір себеп бар сияқ­ты. Сонымен қатар Талдықорған, Алматы, Қарағанды жүк көліктері де жиі келіп жатты.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанның қара алтынына қызығушылық танытып отырған алыс-жақын шетелдер де бар екен. Мамандардың айтуынша, Финляндия, Жапония елдері де, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де көмір сатып алуға ниетті. Бұл тұста экспорт жанданайын деп-ақ тұр. Еуропа елдерін көмірдің арзандығы мен сапасы қызықтырып отырған сыңайлы. 2016 жылы «Қаражыра» АҚ-ы 5,9 млн тонна көмір өндірсе, 2017 жылы 6,8 млн тонна көмір өндірген. Жыл сайын көрсеткіш артып отыр. Сұраныс та жоғары. Жоба бойынша тәулігіне 17 мың тонна көмір тиеу керек болса, қыстың суық кездері бұл көрсеткіш 23 мың тоннаға жетеді. Жер қойнауындағы көмір қоры шамамен 1 миллиард тонна көлемінде. «Қаражыра» серіктестігі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарының ірі энергетикалық кәсіпорындарын көмірмен қамтиды. Сондай-ақ Қостанай, Петропавл, Ақтөбе облыстарының кәсіпорындарына да жеткізеді. Көмірдің көбі облыс тұрғын­­дарының коммуналдық қажетіне жұмса­лады, оның көлемі жылына 1 млн тоннаны құрайды. Айта кету керек, облыстың Тарбағатай, Үржар сияқты кейбір аудандарына жеткі­зі­летін көмір бағасының құны едәуір қымбат. Алдағы уақытта бұл мәселе де назарға алынатын болады.

 

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

СЕМЕЙ