Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2018

Жабағылының демалушылары жабырқау

561 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Табиғаты таңғажайып Түл­кібас ауданындағы атақ-даңқы көпке мәлім «Ақсу-Жабағылы» шипажайында шілде айының бел ортасында демалып, ем қа­былдаудың сәті түсті. Бұдан бұрын да бұл демалыс орнында бірнеше рет болғанмын. Биыл барғандағы шипажайдағы бір өзгешелік – бұл емдеу орны сауықтыру және қалпына кел­тіру деген қосымшамен толық­ты­рылып, жеке кәсіпкердің қа­рамағына өтіпті. Иә, жеке­шелендіру мемлекетіміздің бү­гінгі талабына сай қолға алып отырған негізгі міндеттердің бірі. 

Жабағылының демалушылары жабырқау

Мақсат – жұмысты жолға қойып, жағдайды жақсарту және кәсіпкердің жауапкершілігін арттыру. Осы орайда біздер, демалушы мен ем алушы не көріп, не байқадық? Бір маусымда демалуға келген 200-ге жуық кісінің басым көпшілігі өзіміздің Түркістан облысы мен Алматы қаласынан болды. Дені қарт кісілер, әрқайсысы әрине әртүрлі аурудың қамытына ілігіп, зардап шегушілер десе де болады. Аталған шипажайда көңілімізге қаяу түсірген жайт айқай-шудың жиі қайталанып жатқаны болды. Халықтың мазасын алған мә­селеге терең үңіліп көрген едік.

– Келгелі бері төрт күн болды, не балшық, не ванна емін алған жоқпыз. Анау жоқ, мынау жетіспейді деген сылтаумен емдеу бөлмелерінің есігі жабық тұр. Бізден он күндік қызметі үшін 90 мың теңгемізді шытырлатып тұрып санап алған шипажайдың сонда қызмет қайтарымы қайда?, – дейді алма­тылық демалу­шылар.

– Мен сіздерге айтайын, – деді жасы 80-ге келген шым­кент­тік ғалым, профес­сор Әлім­құл Байбөлеков әкімшілік қыз­меткерлеріне жаймен ғана сабырлы сөйлеп, – әлгінде алма­тылықтар айтқандай біраз күн тоқтап барып, қайта жұмыс істеген ваннаның алдында ем­делушілердің қарасы көп. Соншама халыққа күн ұзаққа қыз­мет ететін бір-ақ медбике, ол қайсысына үлгереді. Көзі­міз көріп тұр, емделушілерді қа­был­дап, реттеп отыратын медбике мұнымен қоса босаған ванна ыдысын өзі жуып, өзі та­залайды, суын толтырып, қосатын қоспасын өзі дайындайды. Нәтижесінде бәрі асығыс атқарылады. Асығыстық орын алған жерде жасыратыны жоқ, санитарлық-гигиеналық талаптар өз дәрежесінде сақтала бермейді.

Осындай айқай-шу, ағалық ақылға толы байыпты ұсыныстан соң ванна суымен емделетіндерге қосымша көмекші берілді.

Ондай орынды талап асханада да орын алды. «Сіздердің мына ас-ауқаттарыңыз әрине диеталық түрге жатады. Жарайды, солай-ақ болған күннің өзінде жеміс-жидегі мол облыста орналаса отырып, бізге беріп жатқан жаңа өнім салаттары балабақша тәрбиеленушілеріне берілетіндей көлемде, бір-екі шоқым ғана» деген көпшіліктің талабынан соң асханада жалпы дастарқан мәзірі де жақсарып шыға келді.

Бұған қоса жатын бөлмелерде бірде ыстық, бірде суық су бол­мағандықтан демалушылар қол­дарына ыдыстарын алып, әрі-бері жүгірумен әбігерге түсіп жатты. Бұл аз десеңіз, жа­рықтың да жиі өшіп қала бе­ре­тіні демалушылардың жүй­­­кесін жұқартумен болды. Дем­алушылар «Осындай олқы­лық­тардың алдын алу үшін өз мойнына бар жауапкершілікті алып отырған кәсіпкер неге жоспарлы жұмыс жүргізбейді» деп орынды реніштерін үсті-үстіне білдіріп жатты.

Рас, бұл бұл ма, ем алушыларды емдеу орындарында ауа­дай қажет саналатын үлкен сүлгіден қысып тастағандарын  да түсіне алмадық. Бұл айты­луға ғана майда-шүйде болып көрінгенімен күнделікті қол­даныста үлкен зәрулік тудыратын күрделі мәселе екенін тек ем алушылар ғана жақсы біледі.

Ал біз бұл шипажайдың атқарушы директоры Рахымжан Қуанышбековті жұмыс орнына қанша рет іздеп барғанымызбен, өкінішке қарай жолығудың сәті түспеді. Шипажайдың негізгі қожайыны Алматыда тұратын болып шықты.

Осы жайға қарап отырып-ақ, тілімізге тиек етіп, өз көзіміз­бен көрген демалушы­лар­дың көңіліндегі түрлі жабырқау­лар­дың орын алып отырған себебін айтпаса да түсінуге болады.

Бірақ бізге бір белгілісі – шипа­жайдың өз есебі түгел, есеп­шотқа қаражат тоқтаусыз түсіп жатқандығы. Қысқасы, бұрын­ғы шипажай мен қазіргі шипа­жайдың арасы қай жағынан алып қарағанда да жер мен көктей.

 

Серікжан ТҰРЖАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Түркістан облысы