Жарыстың бас төрешісі Виктор Беспятовтың айтуынша, шаршы алаңда қолғап түйістіретін боксшыларға ұлттық құрамаға мүше болмау, денсаулығының жарамдылығы, жас мөлшерінің шектеулігі секілді бірқатар шарт-талаптар қойылған. Бес салмақ дәрежесінде жан алып, жан беріскен бәсекеде жұрт күтпеген небір көріністер орын алды. Атап айтқанда, жүлделі үшінші орын үшін Қырғызстанның 54 жастағы өкілі Абделахад Турдыоглы мен 36 жастағы батысқазақстандық Асылбек Сармалаев шаршы алаңға көтерілді. Соңғысы екі раунд бойы бастырмалатып, біраз соққы жасап та үлгерді. Алайда Абделахад көкеміз тіс қаққан шебер екен, күш-қуатын, айла-тәсілін соңына сақтаған болу керек, қарсыласынан жеңісті жұлып әкетті.
Петропавлдық Рустам Жақыпов павлодарлық Асылбек Қалықовты таза жеңіп, 64 кило салмақ бойынша алғашқы «Ринг королі» атанды. Осыдан 17 жыл бұрын бокс қолғаптарын шегеге ілген қарағандылық Қуаныш Исембаев жарысқа жақсы дайындықпен келген екен. Мықты қарсыласын тізе бүктіріп, 75 кило салмақта теңдессіз шебер екенін танытты. 81 кило салмақта Түркістан облысының өкілі Қасымхан Оспановтың жолы болды. 91 кило салмақта сынға түскен екібастұздық Әділ Асаубеков жеңісті уысынан шығармады. Аса ауыр салмақта петропавлдық Андрей Бейсембаев пен омбылық Сайран Смайылов қолғап түйістірді. Алаң иесі өткен жылы ақтық сайыста сүрінген болатын. Бұл жолы сәл-пәл басымдылықпен ащы жеңілістің есесін қайтарды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақылар беріліп, басқа да марапаттар көрсетілді. Қызылжар жерінде еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық «Ринг королі» турнирі облыстық әкімдіктің қолдауымен өткізіліп, дәстүрге айналдыруды спорт және денешынықтыру басқармасы өз міндетіне алды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы