Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Экспедиция мұздықтар мекенінен оралды

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газеті шілде айының соңындағы нөмірлерінің бірінде еліміздің таулы аймақтарындағы 20 шыңды бағындыруға аттанған экспедиция туралы хабарлаған болатын. Таяуда осы экспедиция ұшар басын қар шалған мәңгілік мұздықтар мекені Мұзтау шыңын бағындырды.

Экспедиция мұздықтар мекенінен оралды

«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясына өр Алтайдың айбарлы шыңын бағындыру оңай болмапты. Қатал таби­ғаты осалдардың мысын басып, бетін қайтарып тастайтын Мұзтауға шығу әркімнің қолынан келе бермейтіні түсі­нікті. Қиын сапардан қажыған экспедиция мүшелері аман-есен етекке түскен бетте оларды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы күтіп алды.

Қазақстан мен Ресейдің шекара тұсында орналасқан, қол созым жерде Моңғолия мен Қытай қол бұлғап тұрған Мұзтау – қойнауы аңыз бен тарихқа тұнған қастерлі мекен. Облыс әкімі айтқандай, Алтайдың тау жоталарын аралауға альпинистер мен қарапайым туристер ғана емес, Тибет монахтары сынды түрлі дін өкілдері де құмар көрінеді.

– Алтай өңірі – Шамбаланың қақпасы деген түсінік бар. Ежелгі діни жазбаларда, соның ішінде Калачакра тантра жазбаларында айтылған мифтік елге жол ашатын қақпа осы төңіректе екеніне сенетін дін өкілдері көп. Қалай десек те, Алтай әлемнің бесігі ғой. Оған осы маңда табылып жатқан аса құнды тарихи жәдігерлер де айғақ,– деді әкім.

Астананың 20 жылдығына сый жасауды көздеген экспедиция құрамын­да альпинизм спортынан Қазақстан құра­ма командасының мүшесі, турис­­тік көпсайыстан халықаралық жарыстар­дың жүлдегері Елдар Ғаббасов, альпинист, білікті бапкер Артем Скопин және басқа да кәсіби альпинис­тер мен тәжірибелі саяхатшылар, таны­мал журналистер мен блогерлер бар. Мақсаттары – Қазақстанның тау­лы өңірлерінде белсенді туризмді да­мы­туға қолайлы жағдайдың бар екеніне отандастарымыздың және шетел­діктердің көзін жеткізу.

– Экспедицияның жоспарын жасау ба­рысында «Kazakh Tourism»-мен кеңесіп, еліміздің үш өңіріндегі 20 шың­ға таңдау жасаған болатынбыз. Бұл өңірлерде экстремалды туризм мен эко­ло­­гиялық туризмді дамытуға мүм­кін­дік мол. Экспедиция жүріп өткен бағыт­тарын терең зерттеп келеді, шара аяқтал­ған­нан кейін осы маршрут бойынша инф­ра­құрылымды дамытудың жолдарын ұсы­намыз,– дейді Спорттық туризм қауым­дастығының президенті Арман Хасенов.

100 адамнан жасақталған топтың маршруты Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарын, Тянь-Шаньның батыс және солтүстік беткейіндегі сілемдерін қамтиды. Сапар соңында Түркістан облысының Сайран-Өгем ұлттық саябағындағы шыңды бағын­дырған экспедиция осы шыңды «Астана­ның 20 жылдығы» деп атауды жоспарлап отыр.

 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»