Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Елбасы: Ауғанстанда тезірек бейбітшілік орнағанын қалаймыз

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында өңірлік конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Қазақпарат.

Елбасы: Ауғанстанда тезірек бейбітшілік орнағанын қалаймыз

ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының конференция қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді.

«Конференциядағы күн тәртібінің өзектілігі әйелдердің заманауи өмірдегі ерекше рөлін және көптеген саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуге, шиеленістерді реттеуге, бейбітшіліктің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін айшықтай түседі. Тәуелсіздік алған сәттен бері Қазақстан гендерлік саясат мәселелерінде жоғары әлемдік стандарттарға қол жеткізу үшін және елдің әлеуметтік-саяси өміріндегі әйелдердің рөлін күшейту үшін жүйелі жұмыс істеп келеді. Қазақстан гендерлік теңдік жөніндегі барлық іргелі халықаралық құжаттарды ратификациялады, оның қағидалары біздің стратегиялық және саяси құжаттарымызда дами түсті», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Президент Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде тұтас әлемдік қауымдастықтың белсенді қолдауымен Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Бұл процесте Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту маңызды.

«Ауған үкіметінің елдегі әйелдердің жағдайын жақсарту және гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі қадамдарын жоғары бағалай отырып, Ауғанстанда ауған халқына арналған тұжырымдама мен халықтың өз күш-жігері арқылы тезірек бейбітшілік орнағанын қалаймыз. Мұндағы басты аспект азаматтық сектордың, халықаралық, өңірлік және ұлттық ұкіметтік емес ұйымдар әлеуетін белсенді пайдалану болып отыр» - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты, Президенттің айтуынша, бүгінгі конференциялар сынды халықаралық алаңдар әлеуеті тұтас халықаралық қауымдастықтың кең ауқымды пікірін ескере отырып, қазіргі және келешектегі ең маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі конференция Ауғанстанды одан әрі дамыту және оңалтуға, ауған әйелдерінің жағдайын жақсартуға және елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын іздестіруге қосымша серпін беретініне сенімдімін. Конференция қатысушыларының жоғары сапалы құрамы мен өкілеттілігі барлық қатысушылар үшін пайдалы пікір мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», - дейді Президент.  

Айта кетейік, мұндай форматтағы конференция Орталық Азия өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін 2013-2018 жылдары Ауғанстандағы әйелдер мәселесі бойынша симпозиумдар сериясы Вашингтон, Осло, Кабул қалаларында жүргізілген болатын. Шараға Ауғанстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Еуропалық Одақ, Қытай, Ресей, Үндістан, АҚШ мемлекеттерінен және БҰҰ-дан жоғары деңгейдегі делегация өкілдері қатысуда.