Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Келешегі кемел Түркістан

770 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында киелі Түркістан қаласында жаңа облыс орталығын құру өзін-өзі басқаратын жеке әкімшілік орталық ретінде өлкенің тарихи маңызын қайта жаңғыртудың символы болып табылатынын атап өткен еді. 

Келешегі кемел Түркістан

Мемлекет басшысы Қыр­ғызстанда өткен Түркі кеңесінде де ежелгі дәуір­ден тамыр тарта­тын Түркістан қаласы облыс мәртебесін алғанын, осылайша түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонғанын да айтқан болатын. Елбасы айтқандай, бұл – шын мәнінде тұтастығымызды нығайтып, елдігімізді бекемдей түсетін тарихи оқиға. Осы орайда киелі қаланы облыс орталығы ретінде дамыту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырыла бастады. 

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қаланы абаттандыру, көркейту тұрғысында айтылып жатқан ұсыныс-пікірлер де аз емес. Мәселен, Түркістаннан 50 шақырымға жуық қашықтықтағы Сырдария өзенін терең канал қазу арқылы иіп әкеліп, қала ішімен айналдыра арнасына қайта құятын суландыру жобасын ұсынушылар бар. Түркістанға көшіп келуші мемлекеттік қызметшілерді баспанамен, олардың отба­сын жұмыспен, мек­теп-балабақшамен толық қам­тамасыз еткенге дейін таңер­тең облыс орталығына, ал кеш­құрым Шымкентке қатынайтын жүрдек пойыз жүргізуді қа­лай­тындар да жетерлік. Қан­дай да болсын, ұсыныс-пікір­дің негізінде қаланың ертеңін ойлаған жанашырлық жат­қаны мәлім. Дегенмен, бүгінгі таңда бірінші кезекте көшіп кел­ген­дердің алаңсыз жұмыс істеуі­не жағдай жасау мәселесі тұр­ғаны мәлім. Қоныс аударушы­лар негізінен мемлекеттік қызметшілер. Бұл орайда облыс әкімі Ж.Түй­ме­баев мемлекеттік органдар үшін Түркістан қаласынан аума­ғы 11 680 шаршы метр 12 ғи­ма­рат белгіленгенін айтқан бола­тын. Көшіп баратын жер­гілік­ті атқарушы орган қыз­мет­кер­леріне жалға алуға же­кемен­шік 67 пәтер ұсынылған. Пәтерді жалға алу құны, өңір басшысының айтуынша, орташа есеппен 50-80 мың теңге аралығында екен. 

Үкімет резервінен ғима­рат­тарды жалға алуға – 108,0 млн теңге, тұрғын үйлерді жал­ға алуға – 274,8 млн теңге бө­лін­ген. Түркістан қаласында ком­­муналдық меншіктегі уақыт­ша тұруға 305 орындық жатақ­хана, 14 қонақ үй, сонымен қатар Кентау қаласында 275 орын­дық жатақхана мен 7 жеке тұрғын үй дайын тұр. Яғни мемлекеттік қызметші далада қалмайды. Уақытша болса да тамағы да­йын, бөлмелері таза, киім-кешегін жууға мүмкіндік жасалған қонақ үйлерде өмір сүргісі келетіндер де аз емес. Кейбірі бірлесе қонақ үйдің бөлмесін жалдап та тұрып жатыр. Жалпы «Түркістан облыс орталығы болғалы жылжымайтын мүлік пен пәтер жалдау ақысы шарықтап кетті» деген хабар көш басталмай жатып-ақ тараған болатын. Бұл ақпарат бертін келе де бәсеңсімей, ел аузында жүрді. Алғашқы көш легімен ілесе барған біз де ақпараттың анық-қанығын зерттеп көрген болатынбыз. Әрине мемлекеттік қызметшілердің таңдауы алдымен көпқабатты үйлердегі пәтерге түседі. Орталық жылу жүйесіне қосылған, басқа да коммуналдық қызметтермен қамтылған баспанаға сұраныс көп. Расында да  жеке тұрғын үйлердің де, пәтерлердің де сатылу құны мен жалға беру бағасы едәуір қымбаттапты. Мысалы, Түркістандағы №1, 2 шағынаудандарда жалға берілетін пәтер бағасы жылдар бойы 20-25 мың теңгеден аспаған. Ал қазір жайлы деуге келіңкіремейтін бір бөлмелі баспананың өзіне жалға беру­шілер айына 35-40 мың тең­ге сұрайды. Шағынаудан тұр­ғын­дарының айтуынша,  «Түр­кістан облыс орталығы болады» деген әңгіме шыққаннан-ақ пәтерлерді қос-қосынан са­тып алғандар еурожөндеу жүр­гізіп, жаңа жиһаздармен жаб­дықтап, жалдаушыларға ұсы­нуда. Сондай-ақ жөндеу көр­меген пәтерлерін 50-70 мың теңгеге жалға беріп, өздері ауылда тұрып жатқандар да бар екен. Яғни уақытша болса да баспанасын күнкөріс көзіне айналдырған. Жергілікті «Turan zharnama» газетінде бүгінде «тез арада 1-2-3-4 бөлмелі пәтерлер, үй жалға беріледі» деген хабарландыру көбейген. Қатары көбейген риэлторлар қызметі де қарқын алған. Солардың біріне хабарласқанымызда  бір бөлмелі пәтерлерді жалдау бағасы 35-40 мың теңгеден басталатынын, еурожөндеу көрмеген үш бөлмелі пәтерді 50 мың теңгеге табуға болатынын, жағдайы одан тәуірлері 60-70 мың теңге екенін білдік. Ал еуролюкстерді ауданына қарай  айына  80-130 мың теңге аралығында жалдай аласыз. Арадағы делдалдар баға бұдан да жоғары болатынын ескертіп те үлгерді. Қыс айларында от жағып, күл шы­­ғаруды қажет ететін «Отырар», «Бекзат», «Шавғар» шағына­удандарындағы жер үйлер­ді жалға алу бағасы 15-20 мың теңге. Алайда ондай үй­­­­лерге сұраныс жоқтың қасы екен. Сатылатын пәтерлер мен үй­­­­лер­дің бағасы да күрт қым­батта­ған. Тұрғындардың айтуын­ша, жөндеуді қажет ететін бір бөлмелі пәтер – 4 миллион, екі бөлмелісі 8 миллион теңге тұрса, үш бөлмелі пәтердің бағасы – 9-12 миллион теңге аралығында.  

Пәтер жалдауға сұраныстың мұншалықты жоғары болуы уақытша жағдай екені мәлім. Олай дейтініміз, мем­ле­кет­тік қызметкерлерді және Түр­кістанның тұрғыны болғысы ке­летіндерді баспанамен қам­та­масыз ету мақсатында бір­қатар жобалар қолға алынған. Мысалы, Түркістан қаласында 1200 пәтерлі 20 және Кентау қаласында 420 пәтерлі 7 көпқа­батты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы аяқ­тап, пайдалануға беру жоспар­ланған. Сондай-ақ «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске асыру мақсатында әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясымен қалада 360 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған. Түр­кістан қаласын облыс орта­лығы ретінде ғана емес, жалп­ы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту мақ­сатында да бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты Түркістан облысы­ның әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы әзірленіп,  Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныл­­ған. Дегенмен кешенді жоспар­ға енгізілген бірқатар жобалар қолдау таппай отыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Түркістанға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Б.Сағынтаевты хабардар еткен де болатын. Қолдау таппай отырған жобалар ретінде облыс әкімі Түркістан қаласында салынатын жаңа нысандар үшін қазандық, сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қажетті 3 подстанса құрылысын атады. Жаңа әуежай мен жаңа теміржол вокзалын салу және қажет. Облыс тұрғындарының облыс орталығына қатынасын жеңілдететін айналма жолдар салу да маңызды. Облыстық туберкулезге қарсы және онкологиялық диспансерлер құрылысы, қалаға қосымша ауыз су және кәріз жүйесін тарту, сондай-ақ, табиғи газ жүргізу де мемлекеттік деңгейдегі қол­дауды керек етеді. Алдын-ала есеп бойынша инфрақұрылымға  5,5 млрд теңге қажет.

Жоғарыда айтып өтке­ні­міз­дей, жаңа облыс орталығымен жол қатынасын жақсы жолға қойып, тұрғын үй құрылысында инновациялық технология­ларды қолдану мақсатында бірқа­тар жұмыстар жүргізілуде. Мыса­лы, «Шымкент – Түркістан» және «Шымкент – Сарыағаш» темір жол бағыттарына облыс бюджетінен биыл 196 млн теңге субсидия қаралып, бірінші жартыжылдықта оның 122,2 млн теңгесі игерілген. Бұл бағыттар облысаралық болып өзгерді. Ал жыл соңына дейін «Түркістан – Бадам» және «Түркістан – Сарыағаш» жаңа темір жол бағыттарын ашу көзделіп отыр. Кентау, Арыс қалалары мен Шәуілдір, Шолаққорған, Мыр­закент елді мекендерінде тіке­лей Түркістанға қатынайтын қо­ғамдық көлік бағыттары ашыл­ған. Жыл соңына қарай қалған аудан орталықтарында Түр­кістанға жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер жүргізу жоспарланып отыр. 

Облыс орталығына көшіп барғандардың айтуынша, бү­гінгі таңда көшелерді жөндеу, көркейту, сауда орындарын тәр­тіпке келтіру, қала тазалығын сақ­тау мәселелері қайта қарау­ды, назарға алуды қажет етеді. Сондай-ақ қызмет көрсету, көп­шілік тамақтанатын орындарда тағамдардың сапасын жақсарту, көбеюіне байланысты көлік қозғалысын реттеу де өзекті мәселелердің бірі.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Түркістан облысы