Салтанатты тебірене сөз сөйлеп ашқан Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев жаңа көшенің Ұзынағашта таяуда ғана тұғырына тұрғызылған Жамбыл ескерткіші түбінен бастау алатыны жайдан-жай емес екенін атап өтті.
– Бауырлас халықтар арасындағы мәдени байланыстардың шынайы белгісі – Анкара қаласында Жамбыл көшесі бар. Ол көше шаһардың ең көне әрі табиғаты әсем Кечиөрен ауданында қыр асып созылып жатыр. Осыған орай бүгін біздегі көше атын беру рәсіміне Анкара қаласындағы Кечиөрен ауданының әкімі Мұстафа Ақ мырза арнайы атбасын бұрып келді, – деді аудан әкімі.
Ұзынағаштың бас қақпасынан басталатын оқтаудай түзу жаңа көшенің басына халық өте көп жиналды. Көше аты жазылған теміртақтадан ақ жамылғы сыпырылып түскен сәтте кимешек киген апалар шашу шашты, күй кетті күмбірлеп, әуезді ән айтылды.
Мәртебелі қонақтар Кечиөрен (Анкара) ауданының әкімі Мұстафа Ақ, Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту (ТҮРКСОЙ) ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркияның Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз салтанатқа жиналған халық алдында түркі халықтарының тамыры терең мәдени ынтымақтастығының болашақта да арта беретініне сенім білдіріп, жылы-жылы лебіздерін айтты.
Халықаралық Жамбыл қорының президенті, белгілі жазушы Манарбек Ізбасар:
– Айналдырған екі-үш жыл ішінде Жамбыл ауылының беткеұстар азаматтары Түркияға әлденеше рет сапарлап барып қайттық, – деді. – Күні кеше дүрілдетіп атап өткен Сүйінбай ақынның 200 жылдық мерейтойы аяқталып жатпай-ақ түрік бауырлар Кечиөрен ауданында үлкен бір көшеге ақынның бюстін орнатып, көше атауын берді. Осы жазда кечиөрендіктердің шақыруымен ол жаққа қайта барып, Жамбыл атындағы көшенің тұсаукесерін өткізіп қайттық. Бүгінгі шара сол ізгілікті істің жалғасы. Анкараның ең көрікті Кечиөрен аумағы уығын VІІ ғасырда қалағанын да айта кеткенді жөн санадық.
Түркиялық қонақтар Ұзынағаштағы салтанаттан соң аттың басын бірден Сүйінбай мен Жамбылдың зираты жатқан көрші ауылға бұрды. Сол жақта ақындардың аруағына арнап дұға бағыштады, одан соң қос мұражайда да болып, ұлы тұлғаларға қатысты тарихи деректермен танысты, қолтаңбаларын қалдырды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы