Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2018

Ассамблеяның игі жобасы

550 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда Алматы қаласының маңында орналасқан «Арман дала» демалыс лагері үш күн бойы жастардың басқосу алаңына айналды. Мұнда Қазақстанның барлық өңірінен және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді мемлекеттерден келген жас өрендердің қатысуымен «Бірлік» халықаралық жастар лагері жұмыс істеді. Жастардың бойына татулық пен келісімде өмір сүру философиясын дарытуға бағытталған бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болды. Оған ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының, әртүрлі жастар ұйымдарының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсене қатысты. 

Ассамблеяның игі жобасы

Табысты болудың сыры

Лагерьдің алғашқы күні тұл­­ғалық өсу және тайм-менеджмент тақырыбына арналған семинар-тренингтен басталды. «Divergent» кешенді даму академиясы жобасының басшысы, кәсіпкер Вячеслав Поповтың бұл тақырыпқа айтары көп екен. Сондай-ақ дағдыларды қа­лып­тастыруға бағытталған «Мен – брендпін» тренингін өткіз­­ген ҚХА мүшесі, Астана қала­лық ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Рустам Абду­сала­мов­тың жастар имиджін көтеруге арналған сөздері көңіл­ге қо­ным­ды болды. «Қазақ­стан­ның 100 жаңа есімі» жоба­сы­ның жеңімпаздары – спортшы Серік Есматов, қолға арнал­ған био­­никалық протездің авторы Мәулен Бектұрғанов және қазақ­стандық ұлттық электрондық кітапхананы жасаған Нұржан Жолдыбалинов өз өмірлері мен табысқа жету жолдары туралы әңгімелеп берді. 

Слеттің екінші күнінде Мә­жіліс депутаты Ахмед Мура­дов жастарға арнаған сөзінде еліміздің қоғамдық-саяси ке­ңіс­­тігінде жетекші позиция­да тұрған Қазақстан халқы Ассам­б­леясының рөліне ерекше тоқта­лып өтті. «Қазақстандағы та­тулық пен бірлік біздің Көш­бас­шымыз  Нұрсұлтан Назар­баев­тың көре­ген, мақсатты, дәйек­ті саяса­тының арқасында ор­нықты. Ассамблея идеясы – бұл біздің идеологиямыз, ал Ассамб­лея қызметі келісім мен тұрақ­ты­лық­ты, елдің бүтіндігі мен ха­лық­тың бірлігіне бағытталған конс­­титуциялық қағидаларды қамтамасыз етеді», деді ол. 

Жас көшбасшылармен екін­ші кездесуде өздерінің табыс­тарының тарихы мен өмірлері жайында айтқан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының же­ңімпаздары: режиссер-сценарист Азиз Заиров, «Әдемі-ай Plus» компаниясының прези­денті Бахаргүл Төлеген, Қ.И.Сәт­баев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық университеті мен Қазақ-Британ техникалық уни­вер­ситетінің сениор-лекторы Хадичахан Рафиков және физика, информатика, математика саласында 28 патент пен автор­лық құқыққа ие болған жас өнер­­тапқыш Тимур Рыспековтің әңгімелері ерекше қызығушылық тудырды. 

Жаздық лагерь шеңберінде рес­публиканың әр өңірі мен көр­­шілес елдер жастары ынты­­мақ­­тастықты әрі қарай да­­мыту, «Жаңғыру жолы» жас­тар қоз­ға­­­лысы мен өздерінің этно­мә­де­ни бірлестіктері шеңбе­рінде тәжірибе алмасу шара­ла­рын өткізуге мүмкіндік алды. Айта­­­лық, «Жаңғыру жолы» рес­­пуб­­­ли­калық жастар қозға­лысы­ның Астана қаласындағы штабы төр­ағасының орынбасары Анас­тасия Тимощенко-Бо­ро­ви­кова Қазақстан халқы Ассам­блеясының жастар қозға­лысы туралы әңгімеледі. Сөз арасында қозғалыстың «Сакр­альды мұра – Ұлы дала елі» атты ірі жобасы туралы айта кет­ті. Қозғалыстың Алматы, Сол­түстік Қазақстан, Қостанай, Ақ­төбе, Жамбыл облыстарынан келген өкілдері де осы жоба бойынша өз өңірлерінде атқа­рыл­ған жұ­мыстар туралы баян­дады. Со­нымен қатар жастар қоз­ға­лысы аясында басқа да акция­лар ұйымдастыру туралы ұсы­ныс­­­­­­тарын жарыса айтып жатты. 

Қазақы қонақжайлық

Халықаралық жастар лаге­рінің үшінші күні Қазақ­­­стан Конс­титуциясының күнімен тұспа-тұс келді. Барша қазақстандыққа ерекше мерекені қонақтарға та­ныту үшін «Қазақы қонақжай­лық» атты ақпараттық-таным­дық бағ­дарлама бас­тау алды. Бағ­дар­л­аманың өзегі Қазақ­стан­­ның барша этностарының ара­сында қазақ мәдениетін, та­рихы мен фи­лософиясын дәріп­теуге бағ­дарланған ғылыми-ағар­тушылық «Қазақтану» жобасына арналған іс-шаралар болды. 

«Әжелер алқасы» ұйы­­­мы­­ның төрайымы Әлия Бек­бае­ва жас­тарға киіз үй тігудің ерек­ше­ліктері туралы әңгімелеп берді. Өздеріне бейтаныс тақы­рыпты қызыға тың­даған жастар киіз үй тігу ба­рысында шеберлік саба­ғынан алған мәліметтерді бой­ларына жақсы сіңіргенін көрсетті. Бір сағат ішінде сегіз қа­натты үй бой көтеріп, әрі қарай шеберлік са­­бақтары киіз үй ішінде жалғасты. 

Жастар басқосуының кейбір қонақтары қазақтың ұлттық үйінің жабдықтары, олардың атқарар міндеті, сәндік-безендіру жабдықтары туралы бірінші рет естігенін жасырған жоқ. 

Бұйымдарды қазақтың ұлт­тық стилінде теріден, киіз бен ағаштан қолдан жасау әдістерін көрсету үшін қолөнер шеберлері шеберлік сабақтарын өткізді. Материалдармен жұмыс істеу, түрлі бұйымдарды жасау ерек­шеліктеріне зер салған қаты­су­шылар жұмыс соңында шебер­лердің қолдарынан шыққан және солардың көмегімен өздері жасаған бұйымдарды қуана алып кетіп жатты. 

Бағдарламаның жастар­ды жа­­­лықтырып алмай, қатысу­шы­­лар­ға танымдық ақпарат­ты мол бе­ру­ді ойластырып жасал­ғаны­­ бай­қалып тұрды. Ше­берлер ауы­­лын­дағы сабақтан кейін Ал­маты­ облыстық ҚХА хат­шы­л­ы­­ғы­­­ның­ бас маманы Сәуле Сұ­ра­­­­бал­ди­но­ва «Бұрыштары жоқ дөң­­гелек: фи­ло­­­­­софиялық аспект» деген та­қы­рып­­­­та шара өт­кізді. Бұл спикер­ мен аудитория ара­сын­да­ғы диалог форматында ұйым­дас­ты­ры­лып, киіз үйді құру мен оның эле­менттерін тереңірек білуге арналды. 

«Қазақ халқының мәден­ие­тінде киіз үйдің маңызы аса зор. Бұл – ұлттық мәдени кодты көр­сететін ошақ. Көшпенді ха­лық­тың негізгі тұрағы бол­ған киіз үй қазақ халқының ұлт­тық санасының аса маңызды пара­метрлерінің көрінісі ретінде көрсетіледі... Қазақ халқының «Мәңгілік Ел» идеясын тұжы­рып шығаруы кездейсоқ емес, ол біздің өткенімізден, қазір­гі күнімізден және болаша­ғы­мыз­дан құралған», деді бас маман.

«Ұлттық ерекшелікті қалып­тастырудағы тілдің рөлі» дәрісі барысында жастар «Ахуалдық қазақ тілі» кітабының авторы Қа­нат Тәсібековтен қазақ тілін үй­ренудің жаңа әдісімен танысты. 

Қорыта айтқанда, шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, Өзбекстан, Қырғыз­стан, Ресей мемлекеттерінен делега­циялар келіп қатысуы қазақ­стан­дық жастар үшін ғана емес, тұтастай алғанда Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін де халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы игі іс болды.

Дайындаған 

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»