Министр жақында Үкімет отырысында алғашқы медициналық көмектің деңгейін, сапасын және қолжетімділігін арттыру бағытында шаралар ұсынылғанын және оның қолдау тапқанын айта келе, бірнеше мәселеге баса назар аударды. «Бірінші бағыт – қызмет сапасын айтқанда, медицина қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін жетілдіру алға шығады. Осы мақсатта қазіргі таңда медициналық білім беру ұйымдарындағы стандарттар өзгертіліп жатыр. Өткен жылдан бастап бұл маңызды іске шетелдік әріптестерді шақырып, халықаралық қарым-қатынасты жолға қойдық. Бүгінгі таңда бүкіл медициналық білім беру ұйымдарында, университеттерде жаңа бағдарламаға көштік. Өткен жылы курстан курсқа өтетін JPI деңгейін көтердік. Қазіргі уақытта студенттердің өздерінің білімдеріне, мамандықтарына деген жауапкершілігі арттырылып, білім беру сапасын көтеру қадамдары жасалуда», деді Е.Біртанов. Министр биылдан бастап «Сыртқы сараптама» жүйесі енгізілгенін атап өтті. Мәселен, осыған дейін медициналық университеттерде студенттердің білімін сол оқу орнындағы мұғалімдер бағалайтын болса, енді «Сыртқы сараптама» жүйесі қолданысқа енбекші. Бұл үшін министрліктің деңгейінде арнайы орталық құрылып, Мәжіліске енгізілген заң жобасында осындай жаңа бағыт қарастырылған. «Жылдан жылға міндетті түрде университеттерде ғана емес, медициналық колледждерде және резидентурада, интернатурада оқыған дәрігерлер жалпы дәрігерлік біліммен қатар, сыртқы тәуелсіз сараптамадан өтіп сертификат алады. Осы сараптаманың қорытындысына қарай, сертификатына сәйкес студенттердің әрі қарай оқуды жалғастыруы қажет пе, жоқ па, сол жөнінде шешім қабылданады», деді ведомство басшысы.
Денсаулық сақтау министрі кадр даярлау мәселесіне ерекше маңыз бере келе, жылдан жылға кадр тапшылығы төмендегенімен, шынын айтқанда, жергілікті деңгейде, әсіресе ауылдарда кадрлар жетіспейтінін алға тартты. «Осы мәселені шешу үшін біз біріншіден жергілікті деңгейде түрлі материалдық қолдау көрсетудеміз. Осы тұрғыда Үкімет басшысы тиісті тапсырма берді. Қай әкімдік қандай көмекті беріп жатқанын назарда ұстаймыз. Медициналық қызметкердің айлығы туралы да айту қажет. Біз «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында арнайы шараларды жоспарладық. Әр медициналық мекеме мүмкіндіктеріне қарай айлықтың деңгейін өздері белгілейді. Қазір мемлекеттік ұйымдардың 85 проценті жаңа формаға көшті. Оған ай сайын мониторинг өткіземіз. Әрине, кадр тапшылығы жылдам шешіліп жатыр деуге келмейді. Бірақ әкімшілік шығыстармен қатар ұйымдардың санын да қысқарттық. Осы арқылы дәрігерлердің айлығын көбейту мүмкіндігі бар. Мұны бақылауда ұстаймыз», деді министр.
Елжан Біртанов сонымен қатар алғашқы медициналық көмек деңгейінде жалпы практикалық дәрігер, учаскелік дәрігер мен мейірбикелердің жалақысын көтеру үшін ұсыныстар даярланғанын, бұған қоса жаңа технология енгізіп жатқан әріптестеріне келесі жылдан бастап жалақысына қосымша төлем енгізу жоспарланғанын жеткізді. Сала басшысы көп жағдайда дәрігерлерге түсетін жүктеменің шамадан артықтығынан емханаларда пациенттердің кезекте көп тұруға мәжбүр болатынын айта келе: «Стандарт бойынша әр дәрігерге тіркелген халықтың саны 1 700 адамнан аспауы керек. Бірақ өкінішке қарай, дәрігерлердің жетіспеушілігіне байланысты қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 1 950 адамнан болып тұр. Бұл жағдай да бақылауда, ай сайын мониторинг жасалып, бір жылдың ішінде бір дәрігерге түсетін жүктеме 60 адамға азайды. Нәтижесінде профилактикалық қызметтердің саны 23 процентке көтерілді. Бұл алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарып келе жатқанын көрсетеді», деді.
Брифинг барысында сала басшысы биылғы жылдың соңына дейін барлық медициналық мекемелердің 100 процент электронды медициналық жазылымға өтетінін жеткізді. Бүгінгі таңда қалалар мен барлық аудандар деңгейінде медицина қызметкерлерін компьютермен қамтамасыз ету 85,2 процент көлемінде шешіліп, медмекемелердің 96 процентінде медициналық ақпараттандыру жүйесі енгізілген. Ал халықтың электронды медициналық паспортталуы 11 млн бірлік шамасында деген мәлімет берген министр, осы жұмыстардың арқасында тұрғындардың медициналық көмек алудағы қолжетімділігі артып, пациенттерге көмектің тиімділігі жоғарылайды, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жүйесі жетілуіне де жасалған ең бір оңтайлы қам деген ойын білдірді.
Мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмекпен қамтылуда диспансерлік есепте тұрғандар үшін осы жылғы 1 қаңтардан бастап оны сатып алудың онлайн трансляция арқылы жүзеге асырылуының да пайдасына тоқталған министр 26,5 млрд теңге үнемделгенін, соның арқасында 20 мың адамға қажетті препараттар қосымша алынғанын айтып өтті.
Министрдің айтуынша, 2017 жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда биыл жалпы өлім 3%, оның ішінде ана өлімі – 1,6, ал баланың шетінеуі 7,7 процентке азайды, қазақстандықтардың өмір сүру жасы 7 процентке өсіп, 72,95 жасқа жетті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»