Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Талдықорғанда «Тіл – бірліктің бесігі» атты форум өтті

511 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылдан бастап еліміз Қазақстан халқының тілдері күні мерекесін 5 қыркүйекте, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай  атап өтуді бастады. Бұл – ұлт тіл ғылымын зерделеудің көшбасында тұрған тұлғаға құрметпен қатар, рухани дамудың жаңаша сипатта жүзе асуына жол ашатын қадам.

Талдықорғанда «Тіл – бірліктің бесігі» атты форум өтті

Мереке құрметіне Талдықорған қаласында  Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – бірліктің бесігі» атты форум өтті.

- Бүгінгі таңда сіз бен біздің, тіл жанашырларының және сала мамандарының алдына қойылған міндет те, қызмет те, азаматтық парыз да біреу ғана. Ол – елмен бірге туылып, тарихымызбен қатар өркендеген тіліміздің келешекте мәңгілік елдің асыл қазынасы болып сақталуын қамтамасыз ету. Ырыс дарып, құт қонған жеті өзеннің маңайын жағалай жайлаған Жетісу жұрты киелі мекеннің саф ауасын, тұран даласын, асқарлы шыңын қалай айбар тұтса, тілін де дәл солай бейбітшіліктің қазығы деп біледі. Ел мүддесі жолында атқаратын іс қашанда жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті, алдағы күндерге артар жоспарлар ауқымды. Оларды бірігіп жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Ендеше, бірлігі бекем еліміздің әлеуеті артып, қадамы қарыштасын. Ал сол бірліктің бесігі болған – тіл ғасырлар көшінің ең бағалы қазынасы, арда асылы болып елмен бірге мәңгі жасасын!» - деді шараның беташарында  облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев.

Форум аясында мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген облысымыздағы тіл жанашырларына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Тіл саясаты комитетінің, Алматы облысы әкімінің, сондай-ақ, басқарма тарапынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды. Тілдер мерекесі қарсаңында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Тіл айлығын өткізген болатын. Аталмыш айлықтың аясында этнос өкілдерінің қатысуымен «Тілдарын», «Тіл – шебері», «Славян жазуы» байқаулары мен «Тіл – татулық тірегі» дөңгелек үстелі ұйымдастырылғандығын атап өткен жөн. Татулықты дәріптейтін айтулы сайыстар зор маңызға ие. Күні кеше ғана өткен облыстық «Тіл – парасат» байқауы да сөзіміздің айқын дәлелі. Шара барысында бірлік пен ынтымақтың жығылмас туын қалқан еткен байқауда бабы мен бағы шапқан жеңімпаздар марапатталды.

Сонымен қатар, аймақта бір жыл бұрын «Буккроссинг» – еркін кітап алмасу жобасы қолға алынған болатын. Қай уақытта болмасын сенімді дос саналатын кітап бүгінде рухани жаңғыру құралы. Тіл байлығын дамытатын, ойыңа ой қосатын да кітап болғандықтан,  Осы аралықта көшпелі кітапхана халықтың кітапқа деген қызығушылығын оятуға айтарлықтай үлес қосты. Талдықорған қаласы мен облыстың аудан, қалаларында арнайы кітап сөрелері қойылды. Жылжымалы кітапхана сөрелеріне қойылған 5000-нан астам кітаптың 1000-ға жуығын оқырмандар үйдегі кітаптарын алып келіп, ауыстырып алса, 875-тен аса кітап оқырмандарға берілді. Сыйға тартқан кітаптардың саны да өлшеусіз.

Сондай-ақ, жыл бойы жалғасын тапқан кезекті жобалардың бірі – «Жетісудың жыр керуені» атты челлендж болатын. Аталған жобаның мақсаты Жетісу жеріне кіндік қаны тамған, дүниеден озған ақын-жазушыларды дәріптеу, шығармаларын әлеуметтік желілер арқылы ел арасына кеңінен насихаттау. Челлендж талаптарына сәйкес әр қатысушы қалта телефонына белгілі бір автордың өлеңін мәнерге келтіре оқып, бейнежазбаға түсіріп, арнайы хештег арқылы әлеуметтік желіге жүктеді. Аталмыш акцияларда белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы жүлде тағайындалып, форум барысында салтанатты түрде марапаттады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы