Тарих • 06 Қыркүйек, 2018

Ғұлама Ғұмар Қарашқа кесене орнатылды

3733 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Борсы ауылдық округі аумағында 1921 жылы қаскүнемдер қолынан қаза тауып, әулет қорымында жерленген қазақтың белгілі ақыны, ағартушы Ғұмар Қараштың басына еңселі кесене орнатылды. Бұл жер 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған Қазақстанның Жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енген болатын.

Ғұлама Ғұмар Қарашқа кесене орнатылды

Ұлты үшін ұланғайыр шаруа атқарса да осы күнге дейін өз бағасын толық алмаған тұлғаның бірі – осы Ғұмар Қараш еді. Төрт мүшелге жетпейтін ғұмырын халқын өнер-білімге, өркениет көшіне ілесуге шақыруға арнап, төңкеріске дейін-ақ талай кітап басып таратқан, қазақ әдебиетінің көне үлгілерін жинақтаған, ұлттық баспасөздің іргетасын қалап, 1911 жылы «Қазақстан» атауымен газет шығарған, қазіргі қазақ территориясының аумағын қорғап, Бөкей аймағының жалпақ қазақ даласымен қосылуына тер төккен, Алаш қозғалысының құрылтайларына қатысып, дербес қазақ мүфтиятын құруға атсалысқан, Бөкейлік мұғалімдерінің тұңғыш сиезін өткізіп, 1919 жылы алғаш рет ұлттық мектеп жүйесі, мұғалімдерге әдістемелік көмек тақырыбына арналған «Мұғалім» журналын шығарған, халықты отырықшы тұрмысқа, кәсіп үйренуге шақырып, артель құрып өзі үлгі көрсеткен, Бөкейлікте 1919 жылы «Жазушылар құрамасы» атты қазіргі Қазақстан Жазушылар одағының баламасы дерлік ұйымды құрып, жетекшілік еткен, сырлы поэзиясы, терең философиясымен бүгінгі талғампаз оқырманның өзін таң қалдырып, бас шайқататын сегіз қырлы бір сырлы тұлғаны 1921 жылы 47 жасында жапан далада қылышпен қидалап өлтіргендер Совет билігі кезінде революция ардагері ретінде құрмет көргені рас.

Шәйіт болған шерменде Ғұмардың қуырдақтай туралған тән қалдығын шүберекке түйіп әкеліп, жасырып жерлеген ағайындары ол жерге белгі де қоя алмаған. Ал шығармаларына компартияның қатаң қаулысымен «зиянды» деген үкім кесіліп, тоқсаныншы жылдары тәуелсіздік таңы білінгенше архивте көмілді.

...Алдын-артын мейлінше байқап алып,

Төңіректе не бар, не жоқ көзін салып,

Өз тізгінін қазақ ұлы өзіне алып,

Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?

Жас буынға жаңа таза білім беріп,

Надандықты терең қазып жерге көміп,

Қазақ-тағы өзі күнін өзі көріп,

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?

Өз жерінен шыққан кенді өзі алғанын,

Әдемілеп айқұш-ұйқұш жол салғанын,

Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,

Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?!. – деп жырлаған ақынның арманына Аллаға шүкір, бүгінгі ұрпақ жетті!

- Осы жылдың қаңтар айында Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев аудан ақсақалдарын жинап, Ғұмар Қараштың елеусіз жатқан қабірін көтеру, кесене орнату туралы идеясын ортаға салған кезде бірден қолдадық. Барша Қазақстанды қамтыған рухани жаңғырудың арқасында, ел тәуелсіздігінің нәтижесінде ғана осы кесене ашылып отыр. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей қуаныштымыз, - дейді Жәнібек ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Ерсайын Ғұбашев.

Маңғыстаудың әк тасынан қашалған, биіктігі 9 метрлік кесененің құрылысына 8 млн теңгедей қаражат кетіпті. Бірақ бұған бюджеттің бір тиыны жұмсалмаған – барлығы да ел-жұрттың өз ықыласымен берген берекелі үлесі. Жәнібек ауылынан әрі 100 шақырым шалғай жатқан көне қорым бүгінде Талов ауылдық округіне қарайды. Бұл Ғұмардың ата-бабасының жайлаған жері. Белгілі «Қараш көлі» де осы жерде. Ноғай-қазақ руына жататын Оразақай-қояс әулет қорымында Ғұмардан бөлек оның ұлы, әкесінің басына келген жерінде аяусыз өлтірілген Абдулқадер Ғұмарұлы Қарашев, өңір тарихында орны бар тұлға, 1919 жылы Ғұмармен бірге «Құрқұдық» артелін ұйымдастырушылардың бірі Жанарыстанұлы Ихсан жерленген. Белгілі қоғам қайраткері, Қазақ ССР-інде бірнеше облысты басқарған Мұстахим Ықсановтың әкесі Біләлі Ихсанұлына осы жерде белгі қойылған. Іргеде Волгоград облысының Савинка селосы қарауытып көрініп тұрған киелі мекен Қазақстанның Жалпыұлттық қасиетті нысаны тізіміне енгізіліп, картаға түскен соң енді бұл жерден адам аяғы үзілмес дейді ауыл тұрғындары.

- Ғұмар атамыздың кесенесі аудан тұрғындарының басын қосып, ынтымағын көрсеткен іс болды. Бұл іске әсіресе Жәнібек ауданының Талов, Жақсыбай, Борсы, Қамысты, Тау ауылдық округтері тұрғындары тікелей атсалысты. Нәтижесінде көне қорым түгелдей қоршалып, қорғауға алынды. Осы іске мұрындық болған, көп үлес қосқан Ескендір Елемесов, Тахир Қадимов, Айгүл Бекқалиева, Балым Конаева, Алмат Қаратаев, Кенжебек Еркеғұлов, Бауыржан Қарақұлов, Берік Ихсанов, Төлеген Әмірғалиев, Марал Әбілов сынды кәсіпкер азаматтар мен ауыл әкімдеріне алғыс хат бердік, - дейді Ғұмар Қараш атындағы қоғамдық қордың төрағасы Ахмедияр Батырханов.

Кесененің ашылуына орай өткен салтанатты жиында сөз алған Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев ел ақсақалдары тарапынан Ғұмар Қараш бабамызға кесене тұрғызу жөнінде ұсыныс бұрын да айтылғанын еске алды. Сауапты істің орайы Ғұмар Қараш жерленген қорым «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» қатарына енуімен тсұпа тұс келіпті. «Барша жерлестерімізге, шаруа қожалық жетекшілеріне, кәсіпкерлерге сауапты, әрі игі іске ауызбіршілікпен ат салысып, ақын атындағы қорға қаржылай қолдау білдіргені үшін алғыс білдіремін» - дейді аудан басшысы.

- «Туған жер» жобасы жүзеге аса бастағаннан бері Батыс Қазақстан облысында демеушілер күшімен 2,3 млрд теңге қаржы жиналып, 130 жоба жүзеге асырылды. Нақтырақ айтсам, жаңадан 10 әлеуметтік нысан, 5 мәдениет ғимараты салынды, 24 бақ абаттандырылып, 21 нысанның материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бүгін, міне, жүрегі елім деп соққан жерлес демеушілер арқасында керемет кесененің ашылуына куә болып отырмыз, - дейді осы салтанатқа арнайы келген Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар.

Әрине, «Тас түскен жеріне ауыр» деген. Ғұмар Қараш бабамыздың асыл мұрасын насихаттау парызы ең алдымен оның туған жеріне жүктелетіні белгілі. Жәнібек ауданында екі жылдан бері мектеп оқушылары арасында аймақтық Ғұмар Қараш оқулары ұйымдастырылып келеді. Қоғамдық қор жетекшісі Ахмедияр Батырхановтың айтуынша бұл байқау енді облыстық деңгейге көтерілмек. Ғұмар атамыздың патриоттық рухқа толы жырларын жаттап өскен жас ұрпақтың келешегі кем болмас дейміз.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген Гүлзара Төреғалиева