Президент • 07 Қыркүйек, 2018

Өңірді дамытудың өзекті бағыттары нақтыланды

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сапар аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев облыстың этномәдени бірлестіктерінің жұмысымен танысты және өңірдегі жұртшылық өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы облыстың экономикалық даму көрсеткіштерінің оң қарқынын айрықша атап өтті.

Өңірді дамытудың өзекті бағыттары нақтыланды

– Бес жыл ішінде 1,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жөнінен бұл өңір республикада төртінші орында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Қарағанды өңірінің еліміздегі ең урбанизацияланған аймақ екенін айтып, облыстағы барлық елді мекенде әлеуметтік инфра­құ­ры­лымды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзит әлеуетін пайдалануға және тұр­ғын­дардың әл-ауқатын арттыруға ба­ғыт­­талған стратегиялық даму бағдарла­ма­ларын одан әрі іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Елбасы Қарағанды облысы әкімінің баяндамасын тыңдап, жұртшылық өкілдерімен әңгімелескен соң, өңірдің экономикалық өсімін одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі бірқатар басты міндеттерді шешу қажеттігін айтты.

– Бұл облыста арнайы экономикалық аймақ құрылған. Бүгінде мұнда барлығы 15 кәсіпорын тіркелсе, соның тек алтауы ғана жұмыс істеп тұр. Әкімдікке арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін жандандыру жөнінде нақты шаралар әзірлеуді тапсырамын. Ірі инвесторларды құрылыс, химия және медицина индустриясы, сондай-ақ металл өңдеу салаларына тарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Пре­зи­денті тұрғындарға жағдай жасау және олардың әл-ауқатын жақсарту үшін кәсіп­орындардың әлеуметтік жауап­кершілігін арттыру қажеттігі жөнінде айтты.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев неғұрлым сұранысқа ие әрі импортталатын тауарлар өндіру ісін реттеп, көр­се­тілетін қызмет сапасын жақсартуды тапсырды.

– Ірі 4 кәсіпорында Индустрия 4.0 элементтерін енгізу жоспарланып отыр, ал 2 кәсіпорын «модельді цифрлы фабрика» ретінде айқындалды. Роботтандыру, жасанды интеллект, өнеркә­сіптік интер­нет кәсіпорындарға еңбек өнім­ділігі мен өнімдерінің бәсекеге қабі­леттілі­гін арт­тыруға мүмкін­дік береді. Бұл жұмыс­тар тұрақты жүргізілуге тиіс, – деді Елбасы.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды және Қарағанды қаласын дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы мен оны іске асыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев ел эконо­ми­касындағы бизнестің маңызды рөлін атап өтіп, Қарағанды облысында Биз­несті дамыту картасын әзірлеуді, Нәти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту бағдарламасы мен 2020 жылға арналған бизнестің жол картасы аясында тұрғындарды кәсіпкерлікке белсенді тартуды тапсырды.

Кеңес барысында мемлекет-же­ке­меншік әріптестігі форматындағы жаңа жобалар әзірлеу жүктелді.

Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру мәселелерін арнайы атап өтіп, оның одан әрі сапалы жү­зеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев жоғары білім беру, денсаулық сақтау, тұр­ғын үй құрылысы және облыстың турис­тік әле­уетін дамыту сапасына қа­тыс­ты проб­лемаларды шешу жоспарына тоқталды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Басқосу барысында жылумен қамту, өңір­дегі экологиялық қауіпсіздікті қам­та­­ма­­сыз ету және жасыл технологияны енгі­зу мәселелеріне де ерекше назар 

аударылды.

– Бір жылда өнеркәсіп кәсіп­орын­дарынан ауаға 600 мың тоннаға жуық зиянды заттар шығарылады. Бұл – рес­публиканың қоршаған ортасын ластайтын заттардың төрттен бір бөлігі. Әкімдікке Үкіметпен бірлесе отырып, облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы халықтың бірлігін нығайту жолындағы еліміздің жетістіктеріне тоқталып, облысты одан әрі дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуының маңызы зор екенін айтты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев кеңес өткізбес бұрын «Maker» жа­уап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің Қа­ра­ғанды құю-машина жасау зауытына барды.

Қазақстан Президенті робот­тан­ды­рылған заманауи құрылғылармен және автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған жаңа машина жасау за­уытының өндірістік үдерісімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа облыстағы инвестициялық жобалардың іске асырылу жоспары баяндалды, сондай-ақ «Қа­зақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің жұмыстары таныстырылды.

Сонымен қатар Елбасы кәсіпорын ұжымымен және Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университетінің сту­дент­терімен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы экономиканы дамытудың заманауи үрдісіне сай дуалды білім берудің және кадрлар даярлаудың маңыздылығын айтты.

Соңында Қазақстан Президенті жас мамандарға жұмыста зор табысқа жетуге тілектестік білдірді.

Қазақстан Президенті сондай-ақ «Қа­ра­ғанды фармацевтика кешені» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігіне барды.

Мемлекет басшысы озық құрыл­ғы­лармен жабдықталған, өндірістік жо­балық қуаты жылына 4 миллион био­тех­нологиялық дәрі-дәрмек бумасын шы­ғаруға лайықталған кәсіпорынды аралап көрді.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назар­баевқа өңірдегі денсаулық сақтау саласын цифрландыру және мемлекет-же­ке­меншік әріптестігі аясындағы жобалардың іске асырылу барысы баяндалды.

Нұрсұлтан Назарбаев содан кейін Қа­ра­ғанды қаласының жаңа орта­лығындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Қазақстан Президенті Қарағанды қа­ласының «Оңтүстік-Шығыс» ауданында орналасқан тұрғын алабының құрылысын аралап көрді. Мемлекет басшысына қаланы дамыту үшін тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар салу барысы және оның нәтижелері жөнінде баяндалды. Жаңа орталық аумағында бірқатар әкімшілік ғимараттар мен спорт кешендерін, концерт залын, балалар мен жасөспірімдер үйін, логистикалық көтерме-тарату орталығын және мектеп салу жоспарланған.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назар­баев­қа «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағ­дарламаларының іске асырылу бары­сы, соның ішінде Қапшағай – Бурыл­бай­тал – Балқаш бағытындағы жолдың құры­лысы мен облыстың ішкі жолдарын қайта жөндеу нәтижелері жөнінде мәлімделді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ