Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2018

Сана болмысты билесе құп

731 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің бас газетінен танымал журналист Сүлей­мен Мәмет­тің «Ұлт тағылымы» («ЕҚ», 1-тамыз, 2018 жыл) деген бағанын оқып, көбіміздің көкейіміздегі жайтты сөз еткеніне риза болып, қолыма қалам алдым. 

 

Сана болмысты билесе құп

Қай халықта да ешқашан ескір­­­мей­тін, құнын жоймайтын, өне бойы қасынан табылатын, ден қойған адам­ға дұрыс жол көрсететін мұра, рухани қазына бар. Оған қол жеткізу үшін, одан сабақ алу үшін алысқа бару­дың, қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Ол әркімнің үйінен, кез келген кітапханадан, үлкендер сөзінен табылады. Ол – әдебиеттегі, фило­софиядағы тағылым, даналық, мақал-мәтелдер, шешендік сөз­дер, ұлт тарихы, дәстүрі.

«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дейді. Өкініштісі сол – бұл қазынаға көңіл аударып, іздеу салып жатқан адамдар көп болмас.

Шынында да, ұлтты өсіретін, озық елдер қатарына қосатын тек қана жер байлығы, кен байлығы емес, рухтың мықтылығы, ұлт тағылымы, адам бойындағы ар-ұят, намыс. Жапондарда ар-намыс, жігер, еңбекке деген ықылас, зор патриоттық сезім, темірдей тәртіп бар. Сол арқылы бұл ел алдыңғы қатар­дан орын алып келеді. Қазақ дәс­түрі, қазақ тағылымы да ежелден бері ұрпаққа осындай рухани құнды­лықтарды ұсынып, аманат еткен.

«Біз, деп атап көрсетеді мақа­­ла авторы, жақсылық жолға сал­ған бабалар сөзінен көз жазып қалғандаймыз».

«Бізге қазір не жетпейді?» – деген орынды сұрақ қояды автор және оған өзі: «рухтың мық­­тылығы, жан мен тән тазалығы» деп жауап береді. Тап солай деп қостағымыз келеді. Тағы да автор­­ға сөз берейік: «Ұлттық та­нымды (тағылымды) көбіміз күнкөрістің шеңберімен шектеп қойдық. Өзімізді қойып, бесіктен белі енді шыққан ұрпа­ғымызды ұлттың «құлы» бол демей, уақыттың құлына айналдырып, бәрін ақша шешеді дегенге сендіріп бара жатқандаймыз. Жабайы капитализмнің жексұрын «жетістіктерін», нарықтың кейде халыққа емес, кейбір адамдарға қызмет ететін тұстарын желдей керне­тіп, арды емес, ақшаны алға шығарып жібердік».

Өсетін елдің, ұлттың көксей­тіні күнкөрістің күйбеңі ғана болмауы керек. Өсу, жетілу, алға жылжу, өрке­ниет­ті жолға түсу болуы керек.

Әл-Фарабиден шәкірттері сұрайды: «Ең мықты ел қандай ел?» деп. Сонда ғұлама қысқа ғана: «Қайыршысы жоқ ел» деп жауап береді. Халқы күнкөрістің қамын ғана ойлайтын елді дамы­ған ел деп айта алмайсың.

Соңғы кезде газеттерде, радиода, теледидарда сын, өзара сын көрінбей, кемшіліктер туралы ештеңе айтылмайтын болды. Сонда бәрі де ойдағыдай болғаны ма? «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ғой қазақ. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демей ме?

Әрине, елдің жетістігін айту керек, көпшілік оны көруі керек. Ел үшін, ұлт үшін қуанып, анда-санда мақтаныш сезіміне бөленген де жақсы. Бірақ мынаны да ескеру керек. Өмір қай­шылық­сыз болмайды. Жетіс­тіктермен бірге кемшіліктер де, олқылықтар да болады. Күн сайын көріп жүрген нәрсе. Неге бұл кемшіліктер жойылмайды, қайталана береді? Жетістіктер ешқайда қашпас, ешкім оны тартып алмайды. Кемшіліктерді жою үшін ашық айту керек, талдау керек, кемшіліктерге жол берген кадрларды жауапқа тарту керек.

Мақала авторы Алаш арысы Сма­ғұл Садуақасұлының елдің кемел келешегін ойлап айтқан пікірін келтір­ген екен: «Кемшілікті айту – ұят емес, бар кемшілікті жоқ деп, одан құты­луға тырыспау ұят». Бәрімізге де арнап айтылған дерсің.

Ел болып, ұлт болып кемші­ліктерді жою үшін адамдарды ойландыратын, ортақ іске жұмылдыратын, белсенділікке жол ашатын амал не болса соны айтып мақтау, мақтану емес, қордаланған проблемаларды алға тарту, шешу жолдарын іздестіру  болса керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Жайылып кеткен жемқорлықпен күресу үшін тиісті органдармен бірге бүкіл халық атсалысуы керек. Ол үшін, Елбасы атап көрсеткендей, адамның санасын, ниетін өзгерту керек, қоғамдық сананы жаңғырту керек. Рухани жаңғырудың мәнісі осы. «Біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Болмыс сананы билеп келсе, енді сана болмысты билеуі керек. Адамның санасы да, болмысы да, ісі де рухтан бастау алып, рухты жүзеге асыруы керек. 

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: ­рухани жаңғыру» атты мақа­ла­сын­да айт­қан «орынсыз сән-сал­та­нат», астамшы­лық, даң­ғойлық, ысы­рапшылдық елде белең алып болды. Шынайы мәдениеттің белгісі осы ма? Жоқ, «керісінше, ұстам­­дылық, қана­ғатшылдық пен қара­па­йымдылық, үнемшілдік пен әр нәрсені ұтымды пайдалану», деп атап көрсетеді Елбасы.

Өкінішке қарай, өткеннің кертартпа тұстары, атап айтқанда, Абай атап көрсеткен, «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» бүгін де алдымыздан шыға береді. Демек, біз өткеннің ғана емес, бүгінгінің де кертартпа кеселдерінен қашық болуымыз керек.

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры