Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2018

Ұрланған мақала

591 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Газеттің бүгінгі жазғаны – ертең­гі тарих. Тасқа басылған сөз бал­таласаң да тарихтан өшуі қиын. Сон­дықтан да болар журналистердің сынына ілінсе, қате әрекетіне өкініп қайталамауға тырысса сабақ алып жататындар көп. Яғни сөз құдіретін білетіндер баршылық. Керісінше, сынды елемейтін «беті қалыңдар» да, қатесін түзеудің орнына өшігіп, қолынан келсе газеттегіні «өшіріп» тастағысы келетіндер де аз емес. Кейінгі ұрпақтан ұялғанситындар теріс әрекеттерге барып та жатады. Әйтеуір газетте жарияланған, сыни ғана емес барлық мақала елеусіз қалмайды. 

Ұрланған мақала

Бұл енді жас кезінде жасаған қателігіне қартайғанда «өкінген» адамның әрекеті болар дедік. Еліміз үшін тарихи маңызы зор Желтоқсан көтерілісі көп адамның шынайы болмысын аша отыра, кейінгі ұрпақ­қа сабақ болар көптеген пенделік қателікті де көрсетті. Жас кезде жа­са­ған түймедей қате, қартайғанда түйедей болып алдыңнан шығатынын аңғартты. Дана Абайдың: «...Қа­зақ­тың бірінің біріне қаскүнем бол­мағының, бірінің тілеуін бірі тілес­пейтұғынының, рас сөзі аз бола­тұғынының, қызметке таласқыш бола­­тұғынының, өздерінің жалқау бола­тұғынының себебі не?..» деген сұра­ғының өзектілігін білдірді. Жел­тоқсан көтерілісінен, яғни 1986 жылы желтоқсан мен одан кейінгі айларда жарық көрген, сталинизм заманының ызғары сезілетін кейбір мақала авторларының «ар ойламай, пайда ойлағаны» анықталды. Осы орайда «Газет жазғаннан не өзгереді?» дейтіндердің ертеңгі ұятты ұмытпағанын қалар едік.

Сол бір ызғарлы күндердегі оқиғаны тағы бір саралау үшін об­лыстық мұрағатқа барып «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1986-1987 жыл­дардағы тігінділерін ақтарып отыр­ғанда «Тоқпағы күшті болса киіз қазық та жерге кіреді» деген нақыл сөз еріксіз есімізге түсті. Жоға­ры­да­ғы биліктің ықпалымен газет сол жыл­дары «ұлтшылдарға» қарсы кү­рестің құралына айналғаны байқа­лады. Таңғалатын ештеңе жоқ, тота­литарлық заманда басқаша болуы мүмкін емес еді. 

Газеттің 1987 жылы наурыз айындағы сандарының бірінде Жел­тоқсан оқиғасынан кейін түн жамылып тұрғын үйлердің, қо­ғамдық ғимараттардың сыртына ұлтшылдыққа шақырған сөздер жазып, сол үшін комсомол комитеті­нің жиналысына түскен Алматы ха­лық шаруашылығы институты Шымкент филиалының бір топ студент қыздарының тағдыры туралы мақала жарияланыпты. Газет жиналыста өз құрбыларының қоғамға жат қылықтарын беттеріне басып, қатаң айыптаған комсомол жас­тар­дың сөздерін қаз-қалпында берген екен. Мақала облыстық газеттердің («Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» – Ғ.Е.) 28 ақ­пан күнгі нөмірінде жарияланған «Сақтандыру» атты мақалаға арқау болған оспадар оқиға оқырмандардың есінде болар» деп басталады. Журналистік қызығушылықпен газеттің аталған мерзімде шыққан санын іздегенімізбен, орнын сипап қалдық. Екі басылымның да осы күнгі нөмірі жоқ болып шықты. Бірақ ізі «сайрап» тұр. Әлдебіреулер газет беттерін әдемілеп тұрып қай­шымен қырқып алыпты. Не үшін? «Сақтандыру» мақаласының авторлары сол кезде кімді сақтандырмақ болды екен? Ал газеттің осы күнгі нөмірін қайшымен қырқып алған азаматтар мұндай қадамға кімді сақтандыру үшін барды? Сауалдарға берілер жауаптың төркінін ішіміз сезеді. Сірә, «Сақтандыру» деген мақа­ланың авторы немесе ондағы ке­йіпкерлер сол тұстағы солақай сая­саттың ықпалымен жазылған жайт­­тан ертеңгі күні елдің, келер ұр­пақ­тың бетіне қараудан ұялған­дық­тан осындай қадамға барғандары, «сақ­тандыру» жасаған әрекеттері шығар. 

Иә, жалған намысы кеш «оянған» мақала авторлары өз ар-ұятынан қашты. Олар «Жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет» (М.Әуезов) екенін білмеген болар. Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың: «Ер жігіттің үш намысы бар: бірі – иманы, екіншісі – отаны, үшіншісі – отбасы, өзгесі жалған намыс» деген хадисін естімеген де шығар. Абайдың: «кім­нің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген сөзінен де бейхабар болар. Наданның әрекетін жасап, кейіннен мақаланы ұрлағандарына қарағанда, кеш те болса қателігін түсінді-ау деген үміт оты әлсіз ғана жылт етеді. Демек, «газет жаза бе­реді, газет жазғаннан не өзгереді?» деп өзеурейтіндер, өздерін жердегі жарты құдай сезінетіндер тақсыр уақыттың әділ төрелік айтатынын жадында сақтап жүрсе дейміз. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»