Игі шараның бір парасы күллі түркі дүниесінің киелі шаңырағы Түркістан қаласында жалғасты. Халықаралық түркі әлемі гуманитарлық ғылымдар конгресінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған аталмыш басқосуға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бастаған 50-ден астам түркі-тектес халықтардың өкілдері келіп қатысты.
Мәртебелі жиын барысында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Иылдыз және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Әбдірасылов бастаған ғылым-білім қайраткерлері күллі түркінің құт мекені Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, ғұлама бабамызға хақтың ілімін үйреткен ұстазы Арыстан бабтың да басына барып, тағзым етті.
Құрметті меймандар Отырар ауданы әкімінің орынбасары Әбдіғали Жүнісовтің жол бастауымен өңірдегі киелі тарихи орындарды аралап, аудан көлемінде рухани туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
«Түркістан өңірі түркілер үшін киелі мекен. Мұнда мұсылман әлемінің қос алыбы Ясауи мен оның рухани пірі Арыстан баб бабамыз жатыр. Сондықтан да бұл өлке – бірліктің туын көтерген түркі жұртының мақтанышы, ортақ ордасы. Барша түркі халқының алтын шаңырағына айналған құт мекен. Осындай рухани кемел тұлғалар мәңгілік дамыл тапқан жерді көзбен көріп, топырағын басқаным үшін өзімді бақытты сезінемін», деді Түрік әлемін зерттеу қоғамының төрағасы Көзхан Язған мырза.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»