Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2018

Елбасы бастамалары өз деңгейінде жүзеге асуда

315 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Батыс Қазақстан облысында болды. Сапар барысында ол «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» және партиялық жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты және облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге «7 – 20 – 25» бағдарламасының аймақтағы алғашқы қатысушыларына пәтер кілттерін табыстады.

 

Елбасы бастамалары өз деңгейінде жүзеге асуда

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының Батыс Қа­зақ­стандағы жұмыс сапары Орал қала­сының жаңа шағын ауданында «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша бой кө­терген 90 пәтерлік көпқабатты үй­дің құры­лысымен танысудан басталды. Об­лыста 2018 жылдың 7 айында 250 мың шаршы метр­ден аса баспана пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы да 415,7 мың шаршы метр, оның ішінде Бес әлеуметтік бастаманың бірінші бағыты бойынша 46 мың шаршы метр баспана салынады деп жоспарланған. 

«7 – 20 – 25» бағдарламасының жүзеге асыруға жауапты екінші деңгейлі банк өкілдерінің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша 75 өтініш келіп түсіп, оның 55-іне қатысты оң шешім шыққан. Жақын уақытта азаматтар өз пәтерлерінің кілттерін алады. 

– Елбасы барша қазақстандықтардың үйлі болуына даңғыл жол ашып, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін қам­та­масыз етіп отыр. Осы сапар нәти­же­сінде Бес әлеуметтік бастаманың Батыс Қазақ­стан облысында табысты жү­зеге асы­рылып жатқанына куә болдық, – деді партия Төрағасының бірінші орын­басары.

Кездесу барысында М.Әшімбаев және Алтай Көлгінов Батыс Қазақ­стан облысы бойынша «7 – 20 – 25» бағ­дар­ла­масының алғашқы қатысушыларына пәтерлерінің кілтін табыстады.

– Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған «7 – 20 – 25» бағдарламасы қазіргі күні өз жемісін беруде. Халық проценті төмен, ай сайынғы төлемі тиімді, сапалы пәтерлер алуға болатын бағдарламаға оң баға беріп отыр. Бұл бағдарлама болашақта баспаналы болуды армандайтын азаматтар үшін жалғаса түсері анық, –  деді Мәулен Әшімбаев. 

Мәулен Әшімбаев, сондай-ақ Ма­хам­бет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ашылған ІТ-орталықта болды. Орталықтың жұмысы екі бағытқа бөлінген: ІТ-сала мамандарының біліктіліктерін арттыру және Жұмыспен қамту орталығы ар­қы­лы жіберілген азаматтардың цифрлы сауаттылығын жетілдіру. Осы уақытқа дейін Жұмыспен қамту орталығы ар­қылы келген 54 азаматқа сертификаттар табысталған.  

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ашылған ІТ-орталықта ағымдағы жыл­дың 1 тамызынан бастап аймақ бойынша 30 информатика мұғалімі бағдарламалау, робот техникасы және 3D модельдеу негіздері жайында тереңдетілген бі­лім алған. Болашақта бұл мамандар Ба­тыс Қазақстанда ашылған тегін ІТ-сы­нып­тарда оқушыларға білім беретін болады. 

Осындай ІТ-сыныптардың бірі Орал қаласындағы Жастар және оқушылар сарайында ашылды. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысында 15 ІТ-сынып ашылып, онда 150 мектеп оқушысы ІТ саласы бойынша білім алуда. 

Мәулен Әшімбаев Жастар және оқу­шы­лар сарайында ашылған коворкинг орталықта өңірлік жастар ұйымдары­ның өкілдерімен кездесті. Бүгінде Ба­тыс Қазақстан облысында 4 коворкинг орталық ашылған. Олардың үшеуі облыс аудандарында, біреуі Орал қаласында. 

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бі­рінші орынбасары жастар ұйым­дары­ның өкілдерімен өткен кездесуде Пре­зиденттің тікелей тапсырмасымен партия қолға алған 20-дан астам жаңа жоба жайлы баян­дады. Сонымен қатар М.Әшімбаев жас­тарды цифрландыруды жүзеге асыруға, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған партиялық жаңа жобаларды жүзеге асыруға және алдағы уақытта елімізде кеңінен енгізу үшін жас­тар идеялары мен жобаларының тізімін жасауға белсене қатысуға шақырды. 

– Біріншіден, әр адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп, дамытып, ізденуі тиіс. Кәсіби, зияткерлік және білім деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлулері керек. Кітап оқуды игі дәстүрге айналдыруы қажет. Бұл ретте оқитын кітаптарды дұрыс таңдау керектігін де ескергеніміз жөн. Екіншіден, сананың ашықтығын қалыптастыруымыз керек. Елбасы да «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасында осы мәселені көтергені белгілі. Яғни жастар біржақты болмай, кез келген мәселеге қатысты басқа да балама пікірлерді ескеріп, дүние­таным аясын ұдайы кеңейтіп отыруы тиіс. Үшіншіден, жастар алдары­на нақты мақсаттар қойып, дұрыс ар­ман­дай білулері тиіс. Өйткені жастары­ның арманы асқақ, мақсаты айқын бол­маса, ондай елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан жастар алдарына страте­гиялық мақсаттар қойып, соған жету жолында бар күш-жігерін жұмсауы керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Коворкинг орталықта бастыс­қазақстандықтар Мәулен Әшімбаевқа шағын және орта бизнесті қолдауға бағыт­талған партиялық жоба аясында әзір­ленген «SMART URALSK» автомат­тандырылған жүйесін таныстыр­ды. «Онлайн ұлттық бірыңғай геоақпа­рат­тық қызмет» порталы арқылы партия кә­сіпкерлердің бос жер телімдері туралы толық ақпарат алуға және ол барлық қолданушыға қолжетімді болуын көздеп отыр.

Орал қаласы еліміз бойынша «ақыл­ды қала» жүйесін Астанадан кейін ен­гізген екінші қала болды. Мәселен, Орал қаласы әкімдігінің ғимаратында бөлімдердің жеке және заңды тұлғаларға қызмет түрлерін көрсетуге арналған «Ашық әкімдік»  атты инновациялық жобаны жүзеге асыруда.  Осының арқа­сында қала әкімдігінің ғимаратында орна­ласқан жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашы­лығы бөлімдеріне қызмет алуға келген тұрғындар түрлі ыңғайсыздықтардан тү­гелімен арылған. Қазір барлық қызметті «бір терезе» қағидасы бойынша алуға болады. 

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ай­мақ­тағы партия активімен кездесті. Келелі кездесуде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, атқарылған жұмыс барысы талқыланды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»