Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Мұғалімдер әулетінің мерейі тасыды

557 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Мерейлi отбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Биыл бесінші рет өткен байқауда Жамбыл облысының атынан қатысқан отбасы үздік деп танылды. 

Мұғалімдер әулетінің мерейі тасыды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Іс-шараны ашқан Мем­ле­кеттік хатшы Гүлшара Әбді­қа­лы­қова Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Қымбатты отандастар, құр­метті конкурсқа қатысушылар! Баршаңызды «Мерейлі отба­сы» ұлттық конкурсының мәре­ге жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымыздың ежелден отбасылық, имандылық дәстүрлерге беріктігі қоғамдағы жоғары моральдық және рухани құндылықтарды сақтап, дамыта түсуге ықпал етіп, жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұруға мүм­­кіндік берді. Тәуелсіздік жыл­­дарында отбасы институтын нығайту мемлекетіміздің әлеу­­меттік саясатына айналды. Бұл бағытта маңызды шешімдер қа­­был­данды. Еліміз жыл сайын От­басы күні мейрамын атап өтеді.

«Мерейлі отбасы» конкурсы және өнегелі отбасылық құн­ды­лықтарды насихаттайтын шаралар дәстүрге айналды. Отба­сының шағын мемлекет екенін ес­керсек, бүгінде жүзеге асырылып жатқан бес әлеуметтік бастама сияқты жалпыұлттық жобалар қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, жаһандық трендтерге негізделген қам­қор­лық пен көмекті ұдайы жалғас­тыруда. Жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының же­ңім­паздары – отансүйгіштік, еңбек­қорлық, мейірімділік пен қа­йырымдылық сияқты құнды­лықтар мен өмірлік бағдарларды бойына сіңірген отбасылардың өкілдері. Бұл үрдіс жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастырып, олардың білімге ұмтылысын арттырумен қатар, еңбек адамын тәрбиелеу үшін аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні де осында. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, бейбітшілік тілеймін. Мерейіміз әрдайым үстем болсын», делінген Президенттің құттықтау хатында. 

Бұдан кейін Г.Әбдіқалықова қатысушыларды құттықтап, Ас­тана қаласының 20 жылдық мерейтойына байланысты қосымша жүлделер тағайындалғанын да жеткізді.

Бұл арнайы марапатқа қы­зыл­ордалық Ишамқұловтар мен ақтөбелік Айтбаевтар әуле­ті ие болды. Айта кету керек, Айт­баевтар әулеті әуелі – халық­аралық аренада еліміздің атын асқақтатып жүрген әнші Димаш Құдайбергеннің отбасы.

Байқаудың бас жүлдесі жа­м­былдық Ниязқұловтар отбасына бұйырды. Отағасы Үмен ақсақал 40 жылдай ауыл мектебінде мұ­ғалім, директор қызметтерін атқарған. Жұбайы Баян әжей де ұстаздық еткен. Қазіргі таңда балалары мен немерелері олардың ізгі жолын жалғап, білім саласында қызмет етеді. Отбасының педагогикалық еңбек өтілін қос­қанда 198 жылға жетеді екен. Қа­зіргі таңда Үмен ақсақал мен Баян әжей 12 бала, 32 немере жә­не 20 шөбере тәрбиелеп өсіріп отыр. Жүлдегер әулетке естелік сыйлық пен шағын автобус көлігі табысталды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»