Медицина • 10 Қыркүйек, 2018

Мейірім құсы ұя салған «Меркі»

140 реткөрсетілді

«Меркі» шипажайының төңіре­гінде жасыл желектің бұрнағысынан едәуір молайып, қалыңдай түскені бірден көзге түседі. Мұнда келмегелі сусып үш жыл өте шығыпты-ау! Осы уақыт ішінде егілген болуы керек, аяқжолдар жиегінде жас қайыңдар жапырақ жайып, балақтай өсіп тұр. Терезе түбіндегі қайыңдардың арғы бетінде, қалың ну-жыныс ішінен сайрауық құстар үні күні бойы, тіпті түнде де тынымсыз естіледі де тұрады. Мыңсайран күйлі табиғат аясында көз іліп, ұйқыға шому дегеніңнің өзі бір ғанибет екен-ау. Өзіңді табиғатпен етене, егіз жа­ралғандай сезінетінің бар. Ал таудан тоқтаусыз лекіп, жаныңды желпір самал лебі ше?.. Қарағай, самырсын исі аңқиды. Айтпақшы, іргедегі өзеннің гүрілдей аққаны жанға жайлы әуен болып жетеді.

Шатқалдағы шипажай шіліңгір шілде кезінде де келушілерін қо­ңыр­салқын күйде қарсы алған еді. Ақ жауын алғашқы күні-ақ құйып берді. Таразға телефон шаламыз. Ондағылар «бізде тамшы да тамған жоқ, күн күйіп тұр» деседі. Ал «Меркі» шипажайындағылар үш күн бойы жауыннан көз аша алмады. Жаңбырлы, найзағайлы жаз қойны да жанға дауа екен-ау, өзі!

Ауа райының қоңырсалқындығы адамға сергектік те сыйлайды. Айна­ланы бажайлай жіті шолып, бұрын-соңды байқалмаған жайларға көз жеткізесің. Сондай жайлардың бірі көк жүзінде қайшыласа ұшумен жүрген қарлығаштардың ересен көптігі болды. Осынау аяулы құс­тардың өңірімізде сирей түскенін екінің бірі айтады. Ал мына Жуалы жерінде пайда болған қытайы тор­ғайлар оларға жаудай тиіп, тұқымын тұздай құртуға айналды деп естиміз.

Бала кезімізде қарлығаш ұясын ауылдағы әрбір үйден дерлік көруші едік. Біздің үйдің кіреберіс дәлізінде де бар еді. Қасиетті құс таңнан сайрап, ұйқымыздан тербеп оятатын. Көктен шүйіле айбат жасай шабуылдап, мысықтан балапандарын қорғап, шыр-пыр болатыны есімізде. Қанша жерден ара түсіп бақсақ та, кейде өздері, кейде балапандары тарғыл неменің тырнағына ілігіп қалып жататын. Адамды дос санап, сенген бейкүнә құстар боғатқа салған ұяларын бәрібір тастап кетпей, ондаған жылдар бойы балапандарын өрбітумен болғаны, сірә, ұмытылар ма? Ал бүгінде ауылдан қарлығаш көрмейміз.

Содан ба, шипажай маңында қайшыласа ұшқан қарлығаштардың қарасы молдығы қуантты. Құйрығы айрық, адамға дос асыл құстарды сауықтыру орнына бес-алты рет келсек те байқамаппыз.

Шипажайдың күзет қызметкері Болат Әбдіковтің айтуынша, қасиет­ті құстар мұнда 20-30 жылдан бері ұя салып, балапан өрбітумен келеді екен. «Қарлығаштардың шипа­жай­дың кіреберістері мен самал­дық­тарында қос-қостан ұялары бар. Сылақшылар ағымдағы жөндеу жүргізу кезінде қабырғамен қоса сылап, ақтап та кетеді. Бажайлап қараған кісіге болмаса, ұялардың сырт көзге шалына бермейтіні содан» деді ол.

Шынында да шипажай кіреберісі, балкондар бұрыш-бұрышының ұядан бос жері аз секілді. Бірақ біреуі де байқалмайды. Ұялардың баяғы жас кезімізде көргеніміздей үсті ашық емес, доп пішіндес домбаздалып, үстіңгі жағынан сұқ саусақ сыярлық қана саңылау қалдырылады екен. Пішімі заман талабына сай өзгерген секілді. Демалыс ғимаратының қасбетінен көзім шалғандарының өзі бірқыдыру. Әр жақ, бер жағында тағы қаншама ұя бар. Шаңырағына қарлығаш ұя салғанына бола, ауылын жау шапқанның өзінде киіз үйін жықпай, орнында отырған Төле би бабаның ерлігі еске түседі. Содан «Қарлығаш би» атанған абызы­мыз­дың ісі ерекше үлгі емес пе?

Шипажай қызметкерлері мен емделушілердің бір-біріне мейірім­мен қарап, ерекше ілтипат-ізетпен қайы­рылатынының сыры енді белгі­лі болды. Қарлығаштар да мейі­рім ұя салған жерде мекендейді емес пе?! Демалушылардың көбі Ақтау, Атырау өңірлерінен келген екен. Олар да тұрғылықты жерінде қарлы­ғаштың аса көп кездеспейтінін, кез­д­ескендері ұяларын адам қолы жетпестей биікке, жарға салатынын айтты. Ал Меркі аспанында қайшыласа ұшып кө-ө-ө-п қар­лы­ғаш жүр. Олардың түр-түсі де бас­қашалау, баяғы біздің бала кезі­мізде көргеніміздей бауыры ақ, тамағы қоңыр, денесі шым­қай қара емес, бозғылт сұр екенін бай­қауға болады. Бәрінен де мейі­рім­ді құс­тардың тұқымы жойылып кет­пей сақталғанының өзі неге тұрады!

Баймаханбет АХМЕТ,

журналист

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Әдеби өлкетану» - жаңа жоба

Аймақтар • Бүгін, 09:30

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • Кеше

Ұқсас жаңалықтар