Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2018

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі басталды

627 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңіне өтініш қабылдау бойынша Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг  өтті.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі  басталды

Өтініштер ағымдағы жылдың қараша айының алғашқы жартысына дейін жобаның ресми сайты арқылы қабылданатын болады.

«Қазақстанның 100 жаңа есімін» іріктеу барысына биылғы жылы үкіметтік емес ұйымдар да атсалысады. Осыған орай Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының ұсынысымен журналистермен кездескен «Болашақ» қауымдастығының мүшесі, А.Сызғанов атындағы ғылыми орталықтың кардиохирургы Бауыржан Ракишев, жетекші студенттердің өзін-өзі басқару G-38 бірлестігінің төрағасы Шыңғыс Ерсоветов, «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов, «Волонтерлер лигасы» ҚҚ төрайымы Айсұлу Ерниязова жобаға жаңа үміткерлерді таңдау барысына қатысты бірқатар жайттарды ортаға салды.

Республика өңірлерінде еліміздің дамуына атсалысып, қоғамдық мәселелерді шешуге өз үлесін қосып жүрген азаматтар жеткілікті. Алдағы кезеңде үкіметтік емес ұйым мүшелері ғылым, білім, медицина, өндіріс орындары, т.б. салаларда атқарған міндетін өзінің азаматтық ұстанымы аясынан шығармай жүрген жандарды іздестіріп, ел арасына шығатын болады.

 Бүгінде елімізді халықаралық деңгейде танытып жүрген, спортшылар да, өнер өкілдері де баршылық. Осы орайда Димаш Құдайберген, Дмитрий Баландин, Жансая Әбдімәлік сияқты ел мақтанышына айналған жастардың да «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарында аталуы кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны анық.

Үкіметтік емес ұйым өкілдері тарапынан ұсынылған үміткерлер жоба шартының талаптарына сәйкес іріктеледі. Мысалы, өткен жылы еліміз өңірлерінен келіп түскен екі мыңға жуық өтініш сарапталып, ішінен ең үздіктері таңдалды. Ал биылғы жылы да осы талаптар үдесінен шыққан үздіктер 100 есімнің қатарына енетін болады. 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ