Қоғам • 01 Қазан, 2018

Кен орындары қамқорлыққа зәру

1392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кен орындары қамқорлыққа зәру

Қойнауы кенге толы, әкім­шілік-аумақтық иелігінде Жәй­рем кенті бар, 18 358 адамды құрайтын Қаражал қаласы Қарағанды қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 370 шақырым жерде орналасқан. 

Бұл өңірдің экономикалық мүмкіндіктері және болашағы өте зор. Тек соңғы 2 жылда ғана қалаға 42 млрд теңге инвестиция тартылған. Алайда Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде 70-ші жылдары шойыннан жасалған кәріз желілері бүгінгі таңда коррозияға ұшырап, істен шығуда. Өз кезегінде бұл жағдай су тарту желілерінде аса апатты жағдайлар тудыруда. 

Қазіргі таңда осы аймақ­тарда халықтың орталық­танды­рылған кәріз су тарту жүйесіне қол­жетім­ділік көрсеткіші 28 про­­цент­ті ғана құрап отыр. Атал­­ған мәселені шешу мақ­сатын­да 2016 жылы кәріз желі­ле­рін реконструкциялаудың 2-кезек­тегі жобалары әзірленіп, мемле­кеттік сараптамадан өткізілген.

Жәйрем кентінің кәріз жүйе­лерін реконструкциялау жобасын іске асыру үшін қажетті қаржыландыру 888 млн теңгені құраса, Қаражал қаласы кәріз су жүйелері құрылысының сме­талық құны 618 млн теңгені құрайды.

Бұл жобаларды іске асыру кәріз су тарту желілеріндегі апаттарды толық жоюға, 80 процентке дейін орталықтан­дырыл­ған кәріз су тарту желі­леріне қол жеткізуге, сондай-ақ үздіксіз әрі сапалы кәріз су тарту жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы айтылған мәселенің ерек­ше маңыздылығын ескере отырып, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің кәріз желі­лерін қайта құру 2-кезектегі жоба­ларын жүзеге асыру үшін қажетті қаржы бөлдіруге ық­пал етуіңізді сұраймыз, деп біз Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадық. Республикалық бюджетке қомақты қаржы құ­йып жатқан кенді қалалардың мәсе­лесі ескерілер деген үміттеміз. 

Рысқали ӘБДІКЕРОВ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар